Қазақ спорты тарихында өзіндік есімін қалдырған, волейболдан ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Жәнібекхан Сауранбаев Нығметұлы 77 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Жәнібекхан Нығметұлы Сауранбаев 1960-1970-шы жылдарда Алматының «Буревестник» және «Дорожник» командаларының капитаны болды. Әйгілі Октябрь Жарылғаповтың талантты шәкірті. 1965 жылы КСРО құрамасының сапында Әлем кубогының жеңімпазы, 1966 жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 1967 жылы Еуропа чемпионы атанды. 1964 жылғы жазғы Олимпиада қарсаңында Одақтағы ең үздік волейболшылардың бірі бола тұра, олимпиадалық құрамнан сырт қалды. КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Геннадий Паршиннің: «Сауранбаев кеңес құрамасындағы ең сенімді ойыншылардың бірі болды. Ол кем дегенде екі рет Олимпиада чемпионы болуға лайық ойыншы еді. Жәнібек олимпиялық құрамадан әділетсіз жағдайда шеттетілді», – деген сөзі қазақ жігітінің қандай деңгейдегі спортшы болғанын айқын дәлелдейді.
1972 жылы мансабын аяқтаған Жәнібекхан Сауранбаев жаттықтырушылық қызметте де биік белестерді бағындырды. Қазақстан мен Кувейт елдерінде жемісті еңбек етті. Қазақстанның паралимпиадалық құрамасын әлемдік аренаға алып шықты.
Жәнібекхан Сауранбаев - қазақ филология саласы бойынша тұңғыш ғылым докторы, академик, кезінде орысша-қазақша сөздікті құрастырып, жарыққа шығарған білікті маман Нығмет Сауранбаевтың ұлы.
1988 жылдан бастап, осы күнге дейін Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің дене шынықтыру кафедрасының меңгерушісі болып қызмет жасады.
Марқұмның жаны жанатта, топырағы торқа болсын. Отбасына, барша қазақ еліне қайғырып көңіл айтамыз.