Сіз білмейтін GGG

Орта салмақта IBO және IBF чемпионы Геннадий Головкин бүгін 38 жасқа толып отыр. Осы орайда қазақстандық боксшы туралы қызықты 10 деректі ұсынамыз.

Бала арман

Головкин бала кезінде футболшы болуды армандаған. Одан бөлек өзін тәртіп сақшысы не өрт сөндіруші ретінде көргісі келген. Головкин бокстан кейінгі сүйікті спорты футбол екенін әлі күнге айтады. Әлемнің танымал футболшыларының бірі Криштиану Роналдумен жақсы араласады әрі оның өнеріне тәнті екенін жасырмай айтады.

Ешқашан "құламаған"

Кез келген боксшы бір күні нокаутқа түсуі мүмкін. Бірақ бұл Гена жайлы емес. Осы күнге дейін өткізген барлық жекпе-жектерінде, тіпті, Сауль Альвареспен өткен екі кездесуінде де Головкин құлап көрген емес. Ал әуесқой бокста өткізген 350 жекпе-жегінің ешқайсысында қарсыласының жойқын соққысына түсіп көрмеген.

Белбеуді қорғау

Головин алғашқы WBA чемпиондық белбеуін 2010 жылы жеңіп алды. Осыдан кейін GGG бұл белбеуін 21 жекпе-жекте қорғап қалған. Тек Сауль Альвареске қарсы өткен екінші жекпе-жегінде WBA белбеуімен қоса барлық титулдарынан айырылды. 

Бірінші толық жекпе-жегі

Головкин 2007 жылы Мехти Буадлуға қарсы 8 раундтық жекпе-жек өткізген. Бұл қазақстандық боксшы үшін алғашқы толық жекпе-жек болды. Өйткені бұған дейін GGG барлық қарсыластарын нокаутқа түсіріп келген болатын.

Олимпиада жолы

Геннадий Головкин кәсіпқой боксқа ауыспай тұрып, әуесқойлар арасында Қазақстанның намысын қорғаған. Әлем чемпионатында бақ сынап, Олимпиада ойындарына қатысты. 2003 жылы әлем чемпионы атанса, араға бір жыл салып Олимпиададан күміс жүлдемен оралды. 

Отбасы тарихы

Головкиннің әкесі орыс, ал шешесі кәріс. Екі ағасы әскерде жүріп мерт болады. Ал егіз бауыры Макс бұл секілді бокспен айналысқан. Қазіргі таңда Генамен барлық жерде бірге жүреді. Анасы кәріс болғанына қарамастан, Головкин кәрісше білмейді. Дегенмен қазақ, орыс, неміс және ағылшын тілдерін меңгерген.

Нокауттар сериясы

Головкиннің мансабындағы ең жарқын сәттердің бірі – нокауттар сериясы. GGG рингтен қарсыласын сұлатпай кетпейтін. Ал қарсыластары оның жойқын соққыларынан сескеніп, оны "жыртқыш аңға" теңеген. Гена жеңіске жеткен 39 жекпе-жегінің 35-ін (89,7%) уақытынан бұрын аяқтаған. Осы көрсеткішімен ол орта салмақтағы ең мықты нокаутер атанған. 

Сонымен бірге, Головкин 2008 жылдың 22 қазанынан 2016 жылдың 10 қыркүйегіне дейін өткізген жекпе-жектерінің бәрінде қарсыластарын нокаутқа жіберген екен. Ол қатарынан 23 боксшыны рингте сұлатқан. 

Қазақстанда бір ғана жекпе-жек өткізді

Головкин Қазақстанның тумасы болғанымен, отанында бір ғана жекпе-жегін өткізген. Ол 2011 жылы Қазақстанда орта салмақтағы WBA (тұрақты) белбеуін қорғады. Головкин қарсыласы колумбиялық Нильсон Хулио Тапианы бар болғаны үшінші раундта сұлатып түсірді.

Кәсіпқойға қадам

GGG кәсіпқой боксшы мансабын Германияның Дюссельдорф қаласында бастаған. 2006 жылдың 6 мамыр күні өткен алғашқы жекпе-жегінде Габор Балогпен жұдырықтасып, нокаутқа түсірген. Головкиннің алғашқы 12 жекпе-жегі неміс жерінде, одан кейінгі бір айқасы Данияда өтті. 

Мансап

38 жастағы Геннадий Головкин кәсіпқой бокста 42 жекпе-жек өткізген. GGG оның 40-нда жеңіске жетсе, 35-н уақытынан бұрын аяқтаған. Сауль Альварестен бір айқаста жеңіліс тауып, біреуінде тең түскен.