"Неліктен Қазақстанда спорт журналистикасы мамандығы жоқ? Спорт сайттары өзін-өзі қамтамасыз ете ала ма? Блогерлер кәсіби корреспонденттерді ығыстырып шығара ма?"
Vesti.kz, Massaget.kz және Tengrinews.kz сынды Қазақстандағы танымал порталдардың басшысы Сұңқар Қарабалин осы және басқа сұрақтарға Уәлихан Теннің "Другой Ты" авторлық бағдарламасында жауап берді.
– Қайырлы күн, Сұңқар! Сіз біздің еліміздің басты сайттарын басқарасыз. Оның ішінде спорт сайты да бар. Сіздің спортқа деген жеке көзқарасыңыз қандай?
– Бала кезімнен спортпен шұғылдандым. Әкем 40 жылдан астам мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ берді. Жас кезінде спортпен айналысып, еркін күрестен Қазақ КСР чемпионы да болған. Бүкіл өмірін ұстаздыққа арнады.
Ол бала кезімізден бастап бізге дене шынықтыру мен спортқа деген сүйіспеншілікті оятты. Мектеп қабырғасында мен де көптеген балалар сияқты, әртүрлі спорт секцияларына бардым. Кәсіби спортшы болып кетпесем де футбол, бокс, күрес, хоккей, шахмат және шаңғы мен оқ ату бойынша жарыстарға қатыстым. Әкемнің мені бала кезімнен спортқа деген сүйіспеншілік пен белсенді өмір салтын ұстануға баулығанына ризамын. Бұл әскери қызметім кезінде өте пайдалы болды және әлі күнге дейін көмектесіп келеді. Сондықтан бүгін де салауатты өмір салтын ұстануға тырысамын: спортзалға барамын, тауда серуендеймін, марафондар мен түрлі әуесқой жарыстарға қатысамын. Биыл біз Балқаштағы мұз үстімен жүріп өттік. Менімен қоса балаларым да Алматы марафонының тұрақты қатысушылары. Ал үлкен ұлым жеңіл атлетика командасының капитаны және өз университетінің жеңіл атлетика клубының президенті.
– Біздің жолымыз әртүрлі қоғамдық шараларда жиі түйіседі. Өзіңіздің белсенді іс-шараларға деген тәжірибеңізбен бөліссеңіз?
– Бұл 2014 жылы "Алматы марафонынан" басталған шығар. Содан кейін біз бүкіл отбасымызбен бірге бірінші рет жарысқа қатыстық. Бұған қоса, мен БАҚ арасында өткізілетін түрлі турнирлерге қатысуға тырысамын. Соңғы екі жылдың ішінде футбол, бильярд, боулинг, бадминтон, шаңғы жарысындағы жарыстарда жүлдегер атандым. Триатлонға тек бір апта қалғанда үлгердім. Мен аздап жүзіп, жүгіріп және велосипедпен жүріп – триатлонның не екенін сезінгім келді. Нәтижесінде жүлдегер атандым. Тау спортына да 2001 жылы кездейсоқ тап болдым. Біз жай ғана серуендеуге шыққанбыз, бірақ соңында "Назарбаев" шыңына жыл сайын ұйымдастырылатын альпиниадаға қосылдық.
"Назарбаев" шыңына 100 метр жетпей тоқтадым. Ауа райы мен уақытқа байланысты шыңға шығатын жол жабылды. 2017 жылы қайтадан сол шыңға шығуға бел байладым, тағы да жете алмадым. Бірақ оны міндетті түрде бағындырамын деп шештім. Өткен жылғы жарыста алғашқылардың бірі болып таңғы 4-те оянып, 6-да жол ашылғасын 161 нөмірмен шыңды бағындырдым.
– Спорт сайтын басқаратын басшыға қойылатын сұрақ. Сіз басқаратын спорт сайтында спорт журналистері неге аз?
– Қазақстанда спорт журналистерін дайындамайды. Мен жақында Алматы университеттерінің бірінің журналистика факультетінің деканымен сөйлестім, олар спорттық журналистиканы электив ретінде ұсынады екен. Оған біздің жетекші спорт журналистерін, комментаторларды қонақ және спикер ретінде шақырады екен. Бұл мамандық бойынша білікті ұстаздардың жетіспеушілігінде де проблема бар. Жақында ғана мен Нұр-Сұлтан университеттерінің бірі осы мамандық бойынша оқуға қабылдайтыны жайлы байқап қалдым...
Мәселен, 12 жыл бұрын жаңалықтар порталы ретінде жұмысын бастаған Vesti.kz-тің тарихына қараңыз. Уақыт өте келе біз жаңалықтарды жаңа платформаға – Tengrinews.kz-ке ауыстырдық. Содан кейін: "Vesti.kz-ті не істейміз?" деген сұрақ туды. Оның да өз оқырмандары бар еді, сондықтан жәй ғана жапқымыз келмеді. Әріптестерімізбен ұзақ талқылап оны балаларға, әйелдерге немесе көліктерге арналған контент ретінде өзгерткіміз келді. Бірақ соңында көпшіліктің дауыс беруімен Vesti.kz спорт сайтына айналды. Ол кезде интернет әлемінде спорт сайттары аз еді, спорт туралы жаңалықтар мен мақалалар сирек жазылатын. 2012 жылы Vesti.kz спорт сайты ретінде жұмысын бастады. Дәл сол кезде жазғы Олимпиада ойыны өтті. Бұл өз нәтижесін берді. Бүгінде біздің тұтас редакцияда бірде-бір кәсіби спорт журналисі жоқ. Бірақ олардың барлығы спортты жан-тәнімен сүйеді. Спортқа берілген. Олардың көпшілігі бір кездері спортпен белсенді айналысқан. Уақыт өте келе Vesti.kz-тің қазақша нұсқасын іске қостық, ал қазір өзіміздің аудиториямыз қалыптасып жатыр.
Бізде Massaget.kz дейтін 15-25 жас аралығындағы өз аудиториясы қалыптасқан қазақ тілді жастар веб-сайты бар және бұл сайтта да жастар арасында спорт пен салауатты өмір салтын насихаттайтын, спорт тақырыбында жақсы материалдар жазатын журналистер жұмыс істейді.
– Егер құпия болмаса, Vesti.kz сайты өз шығынын жаба ала ма немесе ол Tengrinews.kz арқылы дотациялана ма?
– Міне, төртінші жыл Vesti.kz сайты өзін-өзі қамтамасыз етіп, өз шығынын өзі өтеп жатыр. Біз үнемі демеушілер мен серіктестер желісін дамыту үшін жұмыс істейміз. Екінші жағынан, бұл өте тиімді, көп пайда әкелетін жоба деп айта алмаймын. Бастапқы мақсат спортты, салауатты өмір салтын насихаттау болатын. Біз қазір де осы жолды ұстанамыз.
– Қазақстанда спорт іс-шаралары "сәнге" айналған соңғы уақытта сайт трафигі қаншалықты артты?
– Vesti.kz-те оқырмандар тұрақты оң динамикаға ие, ол үнемі өсіп келеді. Ерекше өсу маңызды оқиғалар кезінде жүреді. Мысалы, біздегі күнделікті оқырмандар саны 40-50 мың болса, спорт жарыстары кезінде ол 100 мың, боксшы Геннадий Головкиннің жекпе-жегі кезінде 150 мыңнан асады. Сондықтан біз бір апта бұрын журналистерімізді осы жекпе-жек өтетін жерге жіберіп, барлығын: жаттығу, салмақ өлшеу, пресс-конференция, шетелдегі қазақстандық жанкүйерлер туралы тың хабарлар дайындаймыз. Өкінішке орай, пандемия кезінде тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде барлық спорт жарыстары мен турнирлер тоқтатылды, біздің сайт трафигі де аздап азайды. Бұл үшін біздің арнайы аудиторияға және сайттың редакторларына бөлек алғыс айтқым келеді. Сонымен қатар, біз Алматы марафоны, "Другой ты" арнасы, Қазақстан триатлон федерациясы және басқа да ұйымдар өткізетін іс-шараларды белсенді түрде жариялаймыз. Іс-шаралар неғұрлым көп болса, бұқаралық ақпарат құралдарында көбірек жарияланатын болса, дене шынықтыруға қызығып, спортпен айналысатындар саны да артады.
– Сіздің ойыңызша, спорт журналистикасы қалай дамиды? Шынында да, көптеген мамандар блогерлерге айналды, соның ішінде спорт журналистері де бар. Блог жүргізу классикалық спорт журналистикасын ығыстырып шығармай ма?
– Болашақ кімнің жағында болатынын уақыт көрсетеді. Сұраныс болса, ұсыныс та болады. Жоғарыда атап өткенімдей кәсіби журналист маманы елордалық университетте қалай дамитынын көрейік. Белсенді өмір салты трендке айналған сайын, спортты дәстүрлі насихаттайтын журналистермен қатар жаңа бағыт – блогерлерге да алға дегім келеді. Біз болашаққа тек оптимизммен қараймыз.
– Спорт саласындағы еңбегіңізге, барлық спорттық шараларға белсенді қатысып жүргеніңіз үшін рахмет Сұңқар!
– Біздің көрермендер мен оқырмандарға да рақмет! Біз сіздерді жерге қаратпауға тырысамыз!