"Сочи-2014" Олимпиада алауы тұңғыш рет ашық ғарыш кеңістігіне шықпақ

Олимпиада алауының эстафеталық факелы Олимпиадалық қозғалыс тарихында тұңғыш рет ХҒБ-ға (Халықаралық Ғарыш Бекеті) жеткізіліп, кейін ашық ғарыш кеңістігіе шығарылмақ. Алайда қауіпсіздік мақсатында ғарышкерлер факелды тұтандырмайтын болады. Бұл жөнінде Жұлдызды қалада өткен баспасөз маслихатында "Роскосмос" басшысы Владимир Поповкин мәлім етті. 

"2013 жылдың қараша айының басында Олимпиада ойындарының басты нышандарының бірін "Союз ТМА-11М" пилоттық кемесі арқылы ХҒБ-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының алауы Жерден "Союз" зымыран-тасығышының көмегімен ғарышқа жететін болады. Оны ашық ғарыш кеңістігіне ресейлік ғарышкерлер Олег Котов пен Сергей Рязанский алып шығады. Ескерте кетейік, қауіпсіздік мақсатында алау тұтандырылмайды",-дейді Поповкин. 

"Ал алауды Жерге қазіргі кезде ХҒБ бортында қызмет етіп жатқан ғарышкер Федор Юрчихин алып келмек. Олимпиада алауының ашық ғарыш кеңістігіне шығуы - Олимпиада қозғалысы мен әлемдік космонавтика тарихында үлкен оқиға болып қалатыны анық. Оны ресейлік ғарышкерлердің орбитаға жеткізу және кейін ашық ғарыш кеңістігіне шығару оқиғасы ғарыш тарихында үлкен әріптермен жазылатынына сенімдімін",-деп қорытты өз сөзін Поповкин. 

Олимпиада алауының эстафетасы 2013 жылдың 15 қазанында басталып, ол 133 күнге созылады. Осы уақыт ішінде алауды 14 мың адам алып жүреді деп күтілуде. Ол жалпы қашықтығы 65 мың шақырым болатын Ресейдің барлық аймағымен жүретін болады. ХҒБ-дан бөлек факел Солтүстік полюске де барады деп жоспарланған. 

Олимпиада ойындарының өзі 7-23 ақпан аралығында Сочи қаласында өткізілмек. Ал қысқы Паралимпиада ойындары 7-16 наурыз күндері ұйымдастырылатын болады. 



Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sport.ru.msn.com