Аты әлемге әйгілі неміс автошабандозы Михаэль Шумахер қазіргі таңда Гренобль ауруханасының жасанды жан сақтау бөлімінде жатыр. Жеті дүркін әлем чемпионының жағдайы ауыр халде екенімен әлем жұртшылығы хабардар. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға спортшының баспасөз беттеріне берген сұхбаттарындағы ерекше ұстанымдарын ұсынамыз.
Мен 21 жасқа толғанда өмірімдегі ең қомақты ақшаға кенелдім. Ақшаны қолма-қол шабаданда алдым. Ол кезде менің отбасымның қарызы көп болатын. Шабадан толы ақшаны әкеме бергенде, ол маған сенбеді. Менімен ойнап тұр екен деп ойлады... Кімде-кім тек жеңу үшін өмір сүрсе, ол қызықсыз. Мен бәсекелесу үшін өмірге келгенмін. Менің мақсатым әрқашан жеңіске жету болатын. Мен автокөлігімнің көз тартарлық сұлулығына мән бермегенмін. Менің өз ұстанымым бар: егер жарақат алсаң, ол туралы ойламау керек. Менің тілшілерге таң қалған күнім бар. Анам дүниеден өткен күні олар менің үйімді қарауылдап жүрді. Менен бір жақсы хабар бола ма деп үміт күтті деп ойлаймын. Шын мәнінде өмірде ешқандай ереже жоқ. Менің қанымда бензин бар. Әкем Кельн маңындағы картодромда жұмыс істегенде, мен 4 жаста болатынмын. Ол маған кішкене көлік пішінді арба жасап берген болатын. Мен сонымен үй жанындағы аяқжолмен зулайтынмын. Бірде бір кісі: «Балаға бұлай үйрету дұрыс емес» деген болатын. Мен оның дұрыстығын дәлелдедім. Сенің қандай спортпен айналысқаның маңызды емес, сенің сол спорт түріне айналаңдағылардың қызығушылығын оятқаның маңызды. Сен сағатына 300 миль жылдамдықпен келе жатқаныңда ешқандай қорқыныш сезімін басыңнан өткермеуің мүмкін. Ең бастысы бұл сәтте басыңа ақымақ ойлардың келмегені дұрыс. Маған жарыс жолынан гөрі, қала көшелерінде қарапайым көлікпен жүйтку қауіпті. Көрікті көліктер бәрібір жылдам жүреді. Өзіңді өзгелермен салыстыра қарау – барып тұрған қателік. Мен тек тобырдан (жұрт) қорқамын. Менің басты арманым – өмірде жалғыз қалмау. Жас келген сайын жаныңдағы дүниелер де өзгере бастайды. Ұлы жеңімпаздар - кезінде сәтсіздікпен қауышқан жандар... Сен рекорд жаңартсаң, оны біреу бір күні бұзады. Ал егер бұзбаса – сенікі жай ғана әуесқой ақымақтық. Егер сен ашулансаң, досың жеңіске жетеді. Уақыт өте келе сенде дос қалмауы мүмкін. Мен бала кезімде мектеп қабырғасын көрмедім. Мен үшін үлкен азап та – партаға отыру болатын. Менің кіріс қорым қанша көбейген сайын, өзімді көре алмай кетемін. Бәрімізді де ауыстыратын жан табылады, тіпті мені де.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: old.almrally.ru