Ішімдік адам баласына абырой сыйлаған емес. Қалыпты өмір сүруге өте зиян екені әлімсақтан белгілі. Осы ащы судың кесірінен қаншама жандар көз жұмып, қаншама жандар теріс жолға түсті. Ақылынан адасып, шалыс басқандары қаншама?
Әлемде ең көп жалақы табатын маман иелері қатарына футболшылар да енеді. Жеңіске жетсе, чемпион атанса, тап жасыл алаңда ішімдік ішіп, тойлаған сәттерін көрген де боларсыздар. Әсіресе неміс бундеслигасында мұндай жайлар көп болады. Чемпион атанған команда ойыншылары сыра ішіп, бір-бірін шомылдыра бастайды. Осылай тойлау - бундеслигада салтқа айналып кеткен.
Телеарна, газет-журнал мен сайттарда ішімдік ішіп төбелес шығарған немесе көліктің жылдамдығын асырған, есінен адасып абыройынан айырылған футболшылар жайлы жиі жазылады. Алыс бармай көрші Ресейдегі Александр Кокорин мен Павел Мамаевтың ісін алайық. Ішімдік ішіп бұзақылық жасағаны үшін темір тордың арғы жағынан бір-ақ шықты. Ащы судың кесірінен қаншама жанкүйерлерінің қошемет-құрметін қара қапасқа алмастырды. Мұндай мысалдар футбол әлемінде көп-ақ. Ал біздің айтпағымыз ішімдікке әуестігі жоқ әйгілі футболшылар жайлы. Олар кімдер?
Франк Рибери
2006 жылы Германияда өткен әлем чемпионатында күміс алған футболшы сол жылы марокколық қызды жар етті. Артынша ислам дінін қабылдады. Парыздарын орындап, шариғат заңдарын ұстанып келеді.
"Бавария" ойыншыларының біразы айтқандай, футболшы өзіне алкогольді ішімдіктерді құймауды командаға келе сала ескерткен. Жарнамаға түспек түгіл, ұстап суретке де түспейді. Чемпиондық атақты тойлау кезінде үстіне сыра құюса ренжитінін бүкіл командаластары жақсы-ақ біледі.
Франк Рибери өзі дүниеге келген Булонь-сюр-Мер қалашығында алкогольсіз ішімдіктер сататын кафе ашқан. Ол жерлестерінің пайдалы сусындар ішіп, дендері сау болғанын қалайды. Осы кәсібінің аясын кеңейте түскісі келеді.
36 жасқа дейін мюнхендік клуб сапында ойнауының бір құпиясы да осы болса керек. Биыл маусым аяқталысымен Арьен Роббен екеуі "Бавариямен" қоштасты. 38 жасқа дейін жасыл алаңда ойнағысы келеді. Келер маусымда өзге командалардың қатарынан көріп қалуымыз бек мүмкін.
Рибери 2014 жылы "Алтын допқа" басты үміткер үш футболшының бірі болды.
Криштиану Роналду
Португалдық футболшы ішімдікті татып алмайтындар қатарынан емес. Ара-тұра басылым беттерінде, интернетте ішкені жайлы ақпараттар жарияланған-ақ. Бірақ, бір анығы ол ішімдікке әуес футболшы емес.
Роналдуды жек көретін, жасыл алаңдағы ойынын жақсы көретін, қайырымдылық ісін құптайтын жандар қаншама? Көбі оны өз ісінің маманы деп біледі. Бірер жыл бұрын баспасөзде футболшының физикалық күші мен биологиялық жасы жайлы ақпарат шықты. Ойыншыны толықтай тексерген дәрігерлер таңғалған. Оның денсаулығы 20 жастағы адамның нәтижесін көрсеткен.
Танымал футболшының ішімдікке әуес болмауына да себеп бар. Өзінің туған әкесі осы ащы судың кесірінен көз жұмған. Спортшы әкесіне көмек қолын созғанмен, емделгісі келмеген.
- Ол күніге мас болатын. Сөйлесу қиын еді, - дейді Роналду әкесі жайлы.
Бір жылдары спортшының түнгі клубта мас болғаны жайлы Daily Mirror газеті мақала жазды. Футболшы басылыммен соттасып, жеңіп шықты. Басылым оған өтемақы төлеуге мәжбүр болды.
Футболшы темекі де тартпайды. Саламатты өмір салтын басты орынға қояды. Газды сусындарды мүлдем ішпейді. Тек диета бойынша тамақтанады.
Хавьер Эрнандес (Чичарито)
2010 жылы "Манчестер Юнайтед" (Англия) өз қатарларын мексикалық футболшымен толықтырды. Ағылшын алаңына "Гвадалахарадан" Хавьер Эрнандес ауысып келді. Кейіннен "Чичарито" деген лақап атпен танылды. Ағылшындық тілшілер оның ішімдік ішпейтінін есітіп, жарыса жазды.
- Чичарито диетаны қатаң ұстайды. Ол ешқандай алкогольді ішімдік ішпейді. Уақытылы ұйықтауға мән береді. Оның кеш ұйықтағанын көрген емеспін, - деген сол кезде басылымдарға берген сұқбатында атасы Хавьер Томас Бальказар.
Ресейдегі әлем чемпионаты алдында Мексика құрамасының ойыншылары дауға ілікті. Батыстық басылымдар ойыншылардың ойын-сауық кешін өткізіп, жеңіл жүрісті қыздар жалдағаны жайлы жазды. Бірақ Чичарито барлығын жоққа шығарды.
- Біз жігіттермен менің туған күнімді атап өттік. Жаттығудан бос күні көңіл көтердік. Қонақтар өте көп болды. Ішімдік пен қыздар жайлы баспасөзде жарияланған ақпарлар шындыққа жанаспайды, - деп кесіп айтты.
Футболшының бұл пікіріне біреулер сенді, біреулер сенбеді. Ал Чичарито ішімдік ішпейтіні әу бастан белгілі болған. Сондай-ақ ойыншы алаңға шыққан бойда қол жайып, дұғасын оқиды. Бұған қарап көп жанкүйерлер мұсылман екен деп те ойлаған. Ол ислам емес, католик дінін ұстанады.
Гарет Бэйл
Уэльс елінен шыққан үздік футболшылардың бірі - Гарет Бэйл. Ол да ішімдікке әуес емес ойыншылар қатарынан.
Бірде футболшы "Тоттенхэм" командасына ауысқанын достарымен бірге тойлайды. Ішімдік ішіп, көңіл көтереді. Артынша өзін жайсыз сезінген. Содан кейін ішімдікті татып алмайтын болған. Оған алкогольді сусындардың дәмі ұнамайды екен.
- Шынымды айтсам, маған ішімдіктердің дәмі ұнамайды. Бұл - мен ешқашан ішпейді деген сөз емес. Иә, мен алкогольдің көптеген түрін ішіп көрдім. Бірақ ұнаған емес. Мен ішетін сусын емес екен, - дейді Бэйл.
Футболшыға сенбеуге де болады. Бірақ... бірақ оның ішімдік ішіп, сауық-сайран құрғаны тілшілер назарына іліккен емес.
Мұхаммед Салах
Футбол жанкүйерлері жақсы білсе керек. Мысырлық футболшы - мұсылман. Сондықтан да ол ішімдік ішпейді.
- Дұрыс тамақтану - спортшы үшін аса маңызды. Пайдалы тағамдар жарақаттан тез айығуға көмектеседі. Жақсы ұйықтап, сергек жүресің. Дәрігерлер маған бойыңда бірде-бір артық май жоқ дейді. Мұның барлығы тамаққа мән бергеннен. Түрлі тағамдар жеуден бас тартпаймын. Бірақ дастарханыма алкоголь қоюға жол бермеймін. Оған сенімдімін, - деген еді футболшы бір сұқбатында.
Футболшы Египет құрамасы сапында жасыл алаңға шығып, ойында үздік футболшы атанады. Нәтижесінде ұйымдастырушылар сыйлық табыстамақ болады. Мұхаммед Салах ұйымдастырушылардың бірі ішімдік шығаратын компания өкілі екенін біліп, сыйлықтан бас тартқан. Командаластары оны бірбеткей ойыншы деп таниды.
Айта кетейік, биылғы Чемпиондар лигасын Мұхаммед Салах ойнайтын "Ливерпуль" командасы ұтып алды. Ал футболшының өзі бірінші минутта пенальтиді сәтті орындап, гол соқты.
Харри Кейн
Ішімдікті татып алмайтын ағылшындық футболшылар аз. Басылым беттерінде күн сайын айтылып, жазылып та жүр. Бірақ қазіргі Англия құрамасының шабуылшысы Харри Кейн олардың қатарынан емес.
- Маған демалыс пен көңіл-көтеру қажет болса, онда мен итімді алып шығып серуендеймін. Болмаса гольф ойнаймын. Мен соңғы рет қашан түнгі клуб пен барда болғанымды білмейді екенмін. Иә, әр адам әрқалай көңіл көтереді. Ал маған үйіме қонақ шақырып, барбекю жасап, арқа-жарқа болып әңгімелесіп отырған ұнайды, - дейді футболшы.
Харри Кейннің әр маусымда ағылшындық футболшылар арасында көбірек гол соғуының құпиясы да осында болса керек.