Шахматтан Қазақстан қыздар құрамасының капитаны тұрмысқа шықты

Шахматтан Қазақстан қыздар құрамасының капитаны, халықаралық дәрежедегi гроссмейстер Гүлісхан Нахбаева тұрмысқа шықты. Бұл туралы «Оңтүстік Қазақстан» газеті хабарлап отыр.

Гүлісхан Нахбаева еліміздің абыройын әлемдік аренада қорғап жүрген шахматшыларымыздың бірі. Ол осыған дейін Азияның үш, Қазақстанның төрт дүркiн чемпионы атанып, Универсиада мен халықаралық турнирлерде жеңіс тұғырынан көрінген болатын.

Қазақстандық шахматшыға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев арнайы құттықтау хатын жолдап, бақыт тіледі. Құттықтауда «Құрметтi Гүлiсхан Сайфуллинқызы! Отбасылық жаңа өмiрге басатын қадамыңыз құтты болсын. Сүйiктi жарыңызбен өсiп-өнiп, ұзақ та бақытты ғұмыр кешiңiздер. Елiмiздiң үлгiлi отбасыларының бiрi болыңыздар» деген жолдар бар. Сондай-ақ, жас жұбайларға ОҚО әкiмi Асқар Мырзахметов пен облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Жеңiсбек Мәуленқұлов та құттықтау хат жолдап, қуаныштарымен бөлiстi. Шахматшының жары Асқар Аманқұлов «Казкоммерцбанкте» қаржыгер болып қызмет атқарады екен.

Айта кетейік, Гүлісхан Нахбаева биыл Сочиде өткен әлем чемпионатында екінші турға өте алмаса, Чэнгдудағы (Қытай) командалық әлем чемпионатында үшінші тақтада өнер көрсетіп, төртінші нәтиже көрсеткен-ді.