Шахбокс - шахмат пен бокстан туған

Шахбокс - шахмат пен бокстан туған

Бүгін назарларыңызға Сhessboxing-ті ұсынбақпыз. Түсінбей «бұл не тағы?» дерсіз. Айтайын...

Сhessboxing қазақша атауы Шахбокс 21-ғасырда пайда болған жаңа спорт түрі. Нақтырақ айтар болақ, шахмат пен бокстың қосындысынан туған қоспалы спорт. Аталған спорт түрі ресми түрде 2003 жылдан бері өткізіліп келеді. Шахбокстың концепциясы алғаш рет Энки Билалдың «Froid-Équateur» роман-комиксінде пайда болды. Кейінірек голландиялық перформансшы Ипе Рубинг кітаптағы қиялды іске асыруға бел буды.

Кездесу 11 раундтан тұрады. Тақ санды раундтарда – қарсыластар шахмат ойнап, ми «жарыстырса», жұп санды раундтарда қолғап түйістіріп, физикалық күштің көмегіне жүгінеді. Шахматта әрбір ойыншыға 12 минуттан беріледі. Ал бір шахмат раунды 4 минуттан болса, бокс раундтары 3 минуттан.

Жеңімпаз кездесуде болған нокаутқа, техникалық нокаутқа, мат қою немесе қарсыластардың бірінде шахмат партиясы уақытының бітуіне байланысты анықталады. Егер де қарсыластар шахмат ойынында тең түсіп, бокста нокаут болмаса, кездесу тағдыры бокстағы ұпай санымен шешіледі.  Ал егер де бокс та тең нәтижемен аяқталса, онда жеңіс қара фигуралармен ойнаған спортшыға беріледі.

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: mirfactov.com

Ж. FM