- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Шабуылшылардан көп гол...
Шабуылшылардан көп гол соққан қақпашы
Футбол тарихында талай рекордтар тіркеліп, талайы жаңарып келеді. Бірақ жақын уақытта жаңармайтын рекордтар да бар. Бұрын-соңды сұрмерген атанған қақпашы туралы естіп пе едіңіз? Иә, футболда кей шабуылшылардан көп гол соққан қақпашылар да бар. Солардың бірі – Рожерио Сени.
Бразилиялық қақпашы футбол тарихында өз есімін қалдырып үлгерген тұлғалардың бірі. Рожерио секілді ешбір қақпашы спорттық мансабында 127 гол соқпаған. Тіпті кей шабуылшылардың көрсеткішінің өзі бұл статистикамен «санаса» алмайды. Стандартты жағдайлардың саңлағына айналған қақпашы қарсыластарын әлі де қапы қалдырып келеді. Бірақ жақында белгілі болғандай, 42 жастағы голкипер тамыз айында үлкен футболмен қош айтыспақ. Ал оның рекордын жаңартуға күш салып жүрген қақпашылар жоқтың қасы.
Рожерио Сени 1973 жылы 22 қаңтар күні Бразилияның Парана штатында дүниеге келген. Жастайынан футболға қызыққан жас өрен 14 жасында Пату-Бранку ауданындағы «Синоп» клубының жастар құрамына енеді. Кейін 1992 жылы «Сан-Паулуға» ауысып, қосалқы құрамда жүре тұрады.
Бірде «Сан-Паулу» клубының негізгі қақпашысы Дзетти Рожерионың айып добын жақсы тепкенін көріп «неге ресми ойындарда осы шеберлігіңді көрсетпейсің, бұл ісің жаман болмас еді» деген талап қояды. Міне, осыдан кейін Рожерио Сени ресми кездесулерде осы әрекетті қайталап көзге түседі. Бірақ жаттығу кезінде бұл ісіне жаттықтырушылар бас шайқап «есіңнен айырылғансыңба?», «бұл қақпашының ісі емес» деген сөздерді жиі еститін, бірақ өжет қақпашы өз дегенін мойындата білді.
Рожерио Сени Бразилия құрамасы сапында да өнер көрсетті. Бірақ бұл қақпашының тұсында үздік қақпашылар да жетерлік еді. Ұлттық құраманың көп бапкерлері сұрмерген-қақпашыға үміт артпады. 2002 жылғы әлем чемпионатына екінші нөмірлі қақпашы ретінде барды. Себебі Луиш Фелипе Сколари Рожерио Сениге стандартты жағдай орындау мен өзі қалаған стильде ойнауға мүмкіндік берген жоқ. Тіпті оны құрамада ойыншылар «жынды» ретінде де әзілдеп бағалайтын. Қақпашы «Сан-Паулу» сапында «01» деген нөмірмен өнер көрсететін, ұлттық құрамада да сол нөмірмен ойнауға өтініш білдірген. Бірақ бұл мүмкін емес еді.
Бразилиялық қақпашы Еуропа клубтарында да ойнауға талпынып көрген. 28 жасында лондондық «Арсеналға» ауысып тұрып, құжаттарына байланысты кедергіге тап болған. Нәтижесінде сол кездегі «Сан-Паулу» клубының президенті Пауло Амарал "футболшы мен агенті жалған құжат дайындады" деп қақпашыны бірнеше ай кездесулерден шеттетіп тастайды. Ауыр кезеңді басынан өткеріп жүрген Рожерио Сениге Бразилияның өзге клубтарынан ұсыныстар түседі. Бірақ бірнеше айдан кейін клубқа жаңа президент тағайындалып, қақпашы «Сан-Паулуда» біржола қалады. Кейіннен клубтың беткеұстар ойыншысы мен капитаны болады. Ал оның ойын мәнеріне ешбір бапкер сын айтып, бетінен қаққан емес. Бәлкім өзге клубқа ауысқанда, немесе Еуропаға келіп өнер көрсеткенде қақпашы бұл рекордын орната алмас па еді?...
О. Сансызбай