Сәуірде туған қазақ спорты саңлақтары

Сәуірде туған қазақ спорты саңлақтары

Cәуір – чемпиондар айы. Бұлай айтуға негіз де бар. Себебі дәл осы айда дүниеге келген қазақ спортының саңлақтары көп-ақ. Арысы күш атасы Қажымұқаннан бастап, бүгінгі чемпиондарға дейін. Олай болса сәуірде дүниеге келген қазақ спортшыларымен таныс бола отырыңыздар.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы


sputnik.kz

ХХ ғасырдағы қазақ спортын Қажымұқандай балуансыз елестету қиын. Қажымұқан – қазақ спортының көшбасы, алаш жұртын төрткүл дүниеге алғаш танытқан аруақты батыр. Әлемнің 48 елінде боз кілемге шығып, қарсылас шақ келтірмеген.

7 сәуір күні күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толады.

Әбдісалан Нұрмаханов


olympic.kz

Қазақ боксының қара нары – Әбдісалан Нұрмаханов болса, атасы – Шоқыр Бөлтекұлы. Әлемді мойындатқан Әбдісалан Шоқыр негізін қалаған мектептің түлегі, ізбасары. Қазақтан шыққан аса ауыр салмақтағы тұңғыш боксшы.

Әбдісалан Нұрмаханов 1936 жылы 19 сәуірде дүниеге келген. КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері (1966), Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Қазақстанның 10 дүркін чемпионы (1957 – 1967), КСРО чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (1957, 1962 ж.ж.), КСРО халықтары спартакиадасының екі мәрте қола жүлдегері (1959, 1967), Азия-Африка ойындарының жеңімпазы (1963) болды.

2002 жылдың 14 маусымында Алматыда даңқты боксшы, білікті бапкер мәңгілік сапарға аттанды. Әбдісалан Нұрмаханов қандықол қарақшы қолынан қаза тапты.

Әбілсейіт Айханов


egemen.kz

Әбдісалан қазақ боксының қара нары болса, Әбілсейіт қазақ күресінің қара нары. Әбілсейіт Айханов Кеңес дәуірінде қазақ елінің абыройын асқақтатқан бірегей балуандардың бірі. Қазақ намысын ту етіп, талай жарыстарда топ жарды, ел мерейін үстем етті. Табан күстеп, топырақ тозаңын шығарған талай қарадомалақ осы алыпқа еліктеді. 

Әбілсейіт Айханов 1938 жылы 15 сәуірде сол кездегі Талдықорған облысында туған. Еркін күрестен ауыр және жартылай ауыр салмақта белдескен ол 1958-1969 жылдар аралығында Қазақстан чемпионатында 11 рет топ жарған. Сондай-ақ КСРО халықтары спартакиадасының және КСРО чемпионы (1963 ж.), КСРО Кубогының иегері (1970 ж.).

2016 жылы 78 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Болат Жұмаділов


kazgazeta.kz

Болат Нұретдинұлы Жұмаділов 1973 жылдың 22 сәуірінде Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Жетібай ауылында дүниеге келген. Бокстан екі дүркін Азия чемпионы (1994, 1995 ж). 1999 жылы Хьюстонда өткен әлем чемпионатында 51 килоға дейінгі салмақта чемпион атанған.

Атланта және Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері. Бүгінде ардагер спортшы бокстан алыс кеткен жоқ. Шәкірт тәрбиелеп, ел боксының өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.

4 сәуір

Чемпиондар айындағы чемпиондар күні 4 сәуір болса керек. Бұл күні Олимпиада алтынын алған үш бірдей қазақстандық спортшы дүниеге келген.

Василий Жиров


novoetv.kz

1996 жылы Атланта (АҚШ) Олимпиадасында алтын алғанда "Балқаш жолбарысы" 22 жаста еді. 81 кило салмақта қарсылас шақ келтірмей чемпион атанды. Чемпион атанып қана қоймай, ең үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогын иеленіп қайтты.

Василий Жировтың туған жылында да 4 саны көп кездеседі. Өзі мұның бәрі кездейсоқ емес деп санайды.

Бекзат Саттарханов


olympic.kz

20 жасында Олимп шыңын бағындырып, Сидней төрінде ел абыройын асырған Бекзат Саттархановты жұрт есінен шығарған емес. 1980 жылдың 4 сәуірінде Түркістанда дүниеге келген.

Олимпиадаға аттанар кезде ұшақ баспалдағында тұрған Бекзат үлкен ағасы Мақсатқа: "Мен бас жүлдемен ораламын. Менен алтын күтіңдер!", - деп айғайлап, жеңетінін алдын ала сезген деседі. Мұнан кейін де Бекзат анасына: "Мен әлі үш дүркін Олимпиада чемпионы боламын", - деп айтады екен. Тірі болғанда бұл арманы орындалып, күллі қазақтың қуанышы еселене түсер ме еді, кім білсін?

Дмитрий Баландин


olympic.kz

2016 жылы Риода өткен Олимпиада ойындарында 200 метрге брасс әдісімен жүзуде Дмитрий Баландин чемпион атанды. Ол да Василий мен Бекзат секілді сәуір айының төртінші жұлдызында өмірге келген.  

Дмитрий Баландин 1995 жылы Алматыда дүниеге келген. Үш дүркін Азия ойындарының (2014 ж, Инчхон) жеңімпазы. Қазақстанда 50, 100, 200 метрге брасс әдісімен жүзуде рекорд иегері.

Геннадий Головкин


НВО

Кәсіпқой бокста қазақ елінің абыройын асырып жүрген боксшымыздың бірі Геннадий Головкин де сәуірде туған. Геннадий Головкин 1982 жылы 8 сәуірде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Кеншілер қаласының солтүстік-шығыс бөлігінде бірнеше ықшамауданнан тұратын Майқұдық деген аймақ бар. GGG осы аймақтың он үшінші ауданында туып өскен. Оның боксшы болуына дәл осы Майқұдықтың өз ықпалы бар.

Головкин алдымен әуесқой бокста өзін мойындатты. 2003 жылы әлем чемпионы атанды, 2004 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдесіне қол жеткізді. 2006 жылдан бері кәсіпқой бокста жүр. Қазіргі кезде IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы.

Нұрбақыт Теңізбаев


olympic.kz

Нұрбақыт Молдахметұлы Теңізбаев 1983 жылы 10 сәуірде Алматы облысы Панфилов ауданы Үшарал ауылында туған. Грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері. 2009 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы.

Жәнібек Әлімханұлы


Top Rank

Боксшы 1993 жылы 1 сәуірде Алматы облысы Алакөл ауданы Жыланды ауылында дүниеге келген. Бүгінде кәсіпқой бокста бақ сынап келеді. Тоғыз жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті.

Әуесқой бокста ауыз толтырып айтарлықтай жетістік шыңын бағындырды. 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында топ жарды. Азия (2013 ж, Амман) және Азия ойындарының (2014 ж, Инчхон) алтынын алған боксшы.  

Бекзат Нұрдәулетов


olympic.kz

Бекзат Нұрдәулетов 1998 жылы 10 сәуір күні Ақтау қаласында өмірге келген. 2016 жылы Ресейде өткен жастар арасындағы әлем чемпонатының қола жүлдегері. Ал араға үш жыл салып Екатерибургте өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында топ жарды. Жартылай финалда үш дүркін Олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы Хулио Ла Крузды айқын жеңген сәтін жанкүйерлер әлі естен шығара қойған жоқ.

Бекзат 2020 жылы Иорданияның астанасы Амманда өткен Азия және Тынық мұхит жағалауы елдері арасындағы Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңінде жеңіске жетті. Боксшы биыл Токиода ел намысын қорғайды.

Қазақ спортының абыройын асырып, мерейін өсірген тұлғалар аз емес. Бұрын да болған, қазір де бар, келешекте де шығары хақ.

Н. Үсенова