Төрт салмақ дәрежесінде әлемнің бұрынғы чемпионы Рой Джонс орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF версиялары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинге әділ сын айтылмай жатыр деп есептейді.
Нақтырақ айтқанда, Джонс Головкиннің жартылай орта салмақтағы IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы ағылшын Келл Брукті (36-0, 25 КО) таңдағанына айтылып жатқан сынды орынсыз деп есептейді екен.
"Бұл жақсы жекпе-жек, Келл Брукті менсінбеу дұрыс емес. Ол жартылай орта салмаққа үлкенірек. Ол 160 фунтта да рингке шыға алады және осы дәрежеде де өзін көрсете алады. Жекпе-жектерден қашып жүрмесе де Головкинге неге сын айтыла береді? Ол келісім берген әрбір боксшымен жұдырықтасып жүр", - деді Джонс.
Ал Головкин Брукті басқа боксшы табылмаған соң таңдағанын айтты. "Ұсыныс түсті. Мен неге келіспеуім керек? Мен осыны түсінбеймін. Ұсыныс жасағандардың барлығымен жұдырықтасамын", - деді қазақстандық.
Еске салайық, Головкин - Брук жекпе-жегі 10 қыркүйекте Лондондағы 20 мың адамдық O2 аренасында өтеді.
Дереккөз: tengrinews.kz