Бүгін мадридтік «Реал» сұрмергені Криштиану Роналду мен каталондық «Барселона» шабуылшысы Неймардың туған күні. Бұл футболшылар өміріндегі бірінші сәйкестік секілді. Одан өзге де сәйкестіктер бар екен.
Кедейліктен байлыққа...
Екі футболшы да кедей отбасында дүниеге келген. Бүгінде футбол арқылы отбасыларын асқан байлыққа кенелтіп отыр. Роналду кішкентай кезінде «Спортинг» клубының академиясында жаттыққан. Академияда аса танымал болмаған. Анасын жиі сағынатын бала Роналду футболды тастап кеткісі де келген. Кейіннен анасы ұлының жанына уақытша қоныс аударып, қолынан келгенше бар жағдайын жасаған.
Неймар мадридтік «Реал» академиясын үйін сағынып жүргенде тастап кеткен. Сондай-ақ футболшының әкесі «корольдік клуб» басшылығынан ірі көлемде қаржылай көмек көрсетуді сұраған. Алайда клуб басшылығы бұл келісімнен бас тартқан соң, әкесі ұлын қайта әкеліп «Сантос» академиясына табыстаған.
Алаңдағы «аурулары» бір...
Екі футболшы да алаңда қарсыластары жанаса кеткенде жанұшыра айқайлап, жер құша кететін (симулянт) ойыншылардың қатарына жатқызылады. Роналду «Спортнгтен» ағылшындық «Манчестер Юнайтед» сапына ауысқаннан кейін алаңдағы жалған тәртіпсіздігі үшін сэр Алекс Фергюсон тарапынан талай рет қатаң сөгіс алған. Кейіннен бұл әдетін азайтқан-ды. Ал Неймардың алаңда болмас жерде жығылып, немесе шешуші сәтте финт жасауын әріптестерінің өзі жиі сынға алып жатады. Бірде Хави бразилиялық футболшының жалған тәртіпсіздік танытуы мен финт жасауын «қарсыластарына деген құрметтің жоқ болуы» деп бағалаған болатын.
Екеуінің де «көріксіз» тасмүсіні бар...
2014 жылы португалдық футболшының туған жері Фуншаледе ескерткіш ашылды. Оған Роналдудың өзі барып қатысты. Кейіннен әлемдік ақпарат құралдары тасмүсін туралы талай ақпараттар жариялады. Оның көпшілігі ескерткіштің Роналдуға ұқсамайтынын, көрер көзге көріксіз жасалғанын алға тартты.
Ақпарат құралдарының жазуы бойынша, Неймардың ескерткіші де ұсықынсыз қолөнер туындыларының қатарына жатады. «Сантос» клубы үздік ойыншыларына арнап клуб стадионы ішіне ескерткіш орнатқан. Металлдан жасалған «Неймарды» сары түсті айдарлы шашынан ғана анықтауға болады.
Анасыз бала тәрбиелеп жүр...
Екі футболшының да баласы бар. Роналдудың баласы биыл 6 жасқа толса, Неймардың ұлы 5 жасқа толады. Екеуі де ұлдарына әке орнына әке, ана орнына ана болып жүр. Португалдық ойыншы ұлының анасын әлі күнге дейін құпия сақтап келеді. Ал Неймар болса ұлының анасын жасырып қала алған жоқ. Екеуі де ұлдарының өз жолын қуғанын қалайды екен.
Айта кетейік, соңғы уақытта мадридтік «Реал» клубының президенті Флорентино Перестің Неймарды өз клубына қосуға ниетті екені туралы ақпараттар айтылуда. Неймар болса каталондық ұжыммен келісімшартты ұзартуға асығар емес. Бәлкім, Роналду мен Неймар бір клубта ойнап та қалар...