Рекордтар қашанға дейін жалғаспақ?

Адам баласының спорт саласындағы жетістіктері жылдан-жылға жаңаруда. Бұрындары бір шақырым қашықтықты жүгіріп өтуге шамамен 3 минут қажет болса, бұл адам мүмкіндігінің шегі болып көрінуші еді. Ал қазір әлемдік рекорд 2.11,96 минутқа тең. Уақыт өте спорттағы рекордтар одан әрі жаңара ма, әлде жоқ па?

Адам денесінің физиологиясына көз жүгіртсек. Қуат пен бұлшық еттердің қысқаруын басқаратын процестердің өзіндік шегі болады екен. Мәселен, жүз метр қашықтыққа жүгіретін спортшының көрсеткіші оның энергияны алу жылдамдығы мен оны қалай қолданғанына, бұлшық еттегі электр сигналы, сондай-ақ, бұлшық еттің босауы үшін кальций қызметінің жылдамдығына да тікелей байланысты. Ал марафоншының ағзасы керісінше, оттегіні дұрыс қолдана білу мен ағзадағы май, гликогенді үнемді жарату.

Аталған процестердің өзіндік шегі бар екені түсінікті, демек адам мүмкіндігі де шектеулі болғаны. Алайда, спорт рекордтары тек физиологияға ғана байланысты емес. Басқа факторлар да үлкен рөл атқарады, дәлірек айтсақ, дұрыс тамақтану, жеңіске деген психологиялық дайындық, жаттығуды орындау техникасы мен технологиялық әдістер. Осылардың бәрі қазіргі спорт жетістіктеріне едәуір үлесін қосып отыр.

Мысалы, 2008 жылы пайда болған полиуретандық жүзу костюмдері жүзу кезінде су кедергісін азайтатын болған. Нәтижесінде жүзгіштер жаңашыл киімдерді кию арқылы 255 рекорд қойып үлгерген. Бірақ, 2009 жылы спорт шенеуніктерінің шешімімен бұл экипировканы қолданыстан алып тастау ұйғарылды. Өз кезегінде жүзу бассейндері де өзгеріске ұшырады: бассейндер тереңдеп, қатар саны 8-ден 10-ға артты. Ал жүзу кезінде пайда болатын толқын кедергісін жою үшін қатарлар арасына арнайы арқандар орнатылды.

Бәріңіз білетіндей бүгінгі спортты допингсіз елестету еш мүмкін емес. Ынталандырушы дәрі-дәрмектер бұрыннан бері спорт нәтижелері мен рекордтарын жақсарту мақсатында жаппай қолданылып келді. Бүгінде оларды қолдануға тыйым салынған. Оларды спортшының нәтижелілігін арттыратын жаңашыл әдістер алмастыруда, солардың бірін атап айтсақ, ол гендік терапия. Ол бұлшықеттің семуін емдеу үшін қолданылады және де спорт нәтижелерін жақсартуға айтарлықтай септігін тигізеді екен.

Қорыта келе, рекорд орнату үшін қандай факторлар маңызды рөл атқаратынын анықтап көрсек:

1) Физиологиялық факторлар - спринтерлер жақын арада жетілу шегіне жетеді, ал марафоншылардың әлі де болса бағындыратын белестері жетерлік. Дегенмен, адамның физиологиялық және биомеханикалық табиғаты жайлы біздің біліміміз әлі де толық болмауы мүмкін, сол себепті алдағы уақытта бізді тосын сыйдың күтіп тұруы әбден ықтимал.

2) Технология - спорттың кейбір түрлері тікелей инженерлік ойға тәуелді. Мысалы - велосипед спорты. Сондай-ақ, жоғарыда айтып өткеніміздей жүзу спорты.

3) Дәрі-дәрмек қолдану - допинг адам денесінің өнімділігін арттырады, десек те, спорт нәжилерін «таза» қылмайды.

4) Спортшылардың феноменальдылығы - орнатылған нормалар мен ережелерді теріске шығарып, жаңа рекордтар орнататын спорт уникумдері пайда болады.

Француз биомедицина және эпидемиология институты мамандарының мәлімдеуінше, қазіргі спортшылар адам мүмкіндігінің шегіне өте жақын екен. Мамандар мұндай шешімге 1896 жылғы алашқы жазғы Олимпиада ойындарынан бастап орнатылған 3 мың рекордқа талдау жасаудан соң келген.

Шешім мынадай: бұрын рекордшылар өз потенциалының 75 пайызын ғана қолданса, қазір олар өз мүмкіндігінің 99 пайызын қолданса керек.

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: www.articlesweb.org