Қазақ елі үшін 14 ақпанға қарағанда 15 ақпанның маңызы жоғары. Себебі, осыдан бес жыл бұрын дәл осы күні қазақ спорты, оның ішінде мәнерлеп сырғанау көш алға басты. 2014 жылы Ресейде өткен Сочи ХХІІ қысқы Олимпиадасында қазақстандық спортшы Денис Тен жүлделі үшінші орынға ие болды. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанау спорты бойынша жеңіп алған алғашқы медалі еді.
Қысқа бағдарлама ұпайымен қоса есептегенде үшінші орынға тұрақтап, барлығы 255,10 ұпай жинаған Денис Тен 21 жасында Олимпиада жүлдегері атанды. Ал Олимпиада чемпионы болып жапондық мәнерлеп сырғанаушы Юдзуру Ханю танылды. Ол қысқа және еркін бағдарлама ұпайларын қосқанда барлығы 280.09 ұпай жинады. Күміс алқа 2011-2013 жылғы Әлем чемпионы канадалық спортшы Патрик Чанның мойынына тағылды.
Қола жүлдені еншілеген жерлесіміз Р-спорт тілшілеріне берген сұхбатында жеңіске жету үшін бұл Олимпиадаға нақты мақсатпен келгенін айтқан.
– Мен Ванкувер Олимпиадасына мәнерлеп сырғанау спортының жай жанкүйері ғана болып бардым. Ал Сочиге барар жолда менің айқын мақсатым болды. Маған қазақ елінің, ата-анамның және достарымның үміт артуы, мені жеңіске жету жолында бар өнерімді төгуіме септігін тигізді.
Мен көп уақытымды дайындыққа жұмсадым. Әсіресе, жаз мезгілінде Гран-При сынына бармай дайындалдым. Физикалық тұрғыдан да мықты бола қойғаным жоқ. Алайда бар жан-дүниеммен жеңістің ауадай қажет екенін сезініп өнер көрсеттім. Мұны төрешілер мен жанкүйлер жақсы бағалайтынына күмән келтергенім жоқ, – деді Денис Тен.
Көк туды желбіретіп, қазақ елінің абыройын асқақтатқан даңқты спортшымыздан, өкінішке орай 2018 жылдың 19 шілдесінде айырылып қалдық. Ердің жасаған еңбегі әр кез ел аузында.