Биыл Денис Теннің қаза тапқанына 4 жыл толып отыр. 2018 жылы 19 шілдеде қапыда қаза тапқан талантты спортшының бейнесі мәңгі халық жүрегінде қалды. Әрі қазақ спорты үшін орны толмас қаза, ауыр трагедия болды.
25 жасында көз жұмған арыстай азаматтың аз ғана, аққан жұлдыздай жарқ етіп, жоқ болған қысқа ғұмырында көп мұра, естелік пен жетістік қалдырып кетті... Әсіресе, ақжарқын мінезі мен жүзі жылы бейнесі көптің көңілінде қалды.
Өмірі
Денис Тен 1993 жылы 13 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. Тен – текті ұрпақтан тараған жан. Кореяның тәуелсіздігі үшін күрескен атақты генерал Мин Гын-Хо әскербасының шөбересі. Атасы 1962 жылы Корея Республикасының "Мемлекет құруға үлес қосқан жан" орденімен марапатталған.
Коньки тебуді Тен бала кезден бастаған. Бірақ ол тұста жылы Алматыда мәнерлеп сырғанауға, жаттығуға арналған спорт алаңы мен орындары бола қоймады. Қыста әйтеуір, Медеу бар. Ал жазда оқушы Тен сауда орталығында барып, сондағы шағын мұз айдынында жаттығады екен. Бала конькимен секіріп үйренуі үшін әкесі аяқ киімнің табанына пластик бөтелкені ойып, ұлтарақ жасап береді екен.
Небары 10 жасында Омбы қаласындағы турнирге қатысып, көптің көзіне түседі. Жаттықтырушылар оны Мәскеуге шақырады. Содан 2000 жылдардың басында Теннің жанұясы Мәскеуге көшіп, баласы сонда жүріп жаттығады.
Денис Тенді отбасында бетінен қақпай өсірген. Соның арқасында жас спортшы мәнерлеп сырғанаудан өзге теннис, акробатика, таэквондо, каратэ үйірмелеріне барған және жүзумен айналысқан. Би және көркемсурет мектептерінде де білім алған. Музыка мектебінің 5 сыныбын тәмамдап, хорда ән салған.
Спорттағы жетістігі
Денис Тен – Қазақстандағы ең бірінші әлемдік додаға қатысқан мәнерлеп сырғанаушы. 2013, 2014, 2015 жылдары Астана және Алматы қалаларында Қазақстанда ең алғаш рет мұз үстінде сырғанаудан шоу ұйымдастырған.
Ең алғашқы жетістігі – 2006 жылы Қазақстан чемпионатында бірінші орын алып, чемпион атануы еді. Он үш жасында Голландияда Гран-При алған жасөспірімдер арасындағы үздік ондық қатарына кірді. Бұл – ол қатысқан ең алғашқы халықаралық жарыс еді.
Ол 2009 жылы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, үздік он мәнерлеп сырғанаушының қатарына енді. Әрі Қазақстанға Ванкувер Олимпиадасына қос бірдей жолдама алып берді. 2010 жылғы Олимпиадада ең жас қатысушы болғанына қарамастан, 11-ші орыннан көрінді.
2014 жылы Сочидегі қысқа Олимпиаданың қола медалін, 2013 жылы Әлем чемпионатының күміс, 2015 жылы – қола жүлдесін, 2015 жылы құрлықаралық чемпионатта алтын жүлдені, 2017 жылғы Универсиада мен 2011 жылғы Азия ойындарының алтынын алды.
Әсіресе, Сочи Олимпиадасында алған қоласы Қазақстан үшін зор жетістік болды. Сол жолғы Қысқы Олимпиададан орын алған жалғыз спортшы болды. Ешкім Олимпиада жүлдегері болады деп ойламады. Басында 9-орында тұрған Тен бүкіл қысым мен ауыртпалықты жеңіп, бір-ақ сәтте 3-орынға көтерілді. Бәрі батылдығы мен ішкі психологиялық дайындығының мықтылығынан еді.
Арыстай азамат
2018 жылы жазда Денис Тен 25 жасқа толды. 13 маусым күні Инстаграм-парақшасына "өмірге деген құлшынысым зор" деп жазды:
"Өмірді сүйемін. Ата-анамды жақсы көрем. Адамзатты жақсы көрем. Сүюді жақсы көрем. Осы аяулы сезіммен бөліскім келеді. Нақтырақ айтсам, мен емес, менің кейіпкерім бөліскісі келеді. 25 жасымда дүниені басқаша танығандай болдым".
Жоғарыда айтқанымыздай, Тен – өте шығармашыл тұлға. Фотосурет түсіргенді, сурет салғанды, ән айтқанды ұнатқан жан. Тіпті киносценарий жазумен де айналысқан. Туған елі – Қазақстанда мәнерлеп сырғанау спортын дамытуды қолға алды.
"Өзімді қазір еркін сезінетін болдым. Шығармашылық жақтан да, идея айту жағынан да жетілген сыңайлымын. 25 жас – менің алтын уақытым, алтын шағым секілді, солай сезіндім", - деп еді Денис Тен қапыда қаза болардан бір-екі күн бұрын.
Шын ба, өтірік пе?
Денис Теннің оқиғасын бәріміз жақсы білетін болармыз. 2018 жылы 19 шілдеде тап-талтүсте болған оқиға. Тұрақта тұрған көлігінің айнасын шешіп алғысы келген ұрыларды көріп қалып, артынан жүгіріп барып ұстап алады. Беріле салатын қарақшы жоқ. Спортшымен төбелесіп, екі жерден пышақтап кетеді. Біреуі дәл артерияны кесіп кеткен екен. Екі литр қан жоғалтқан. Кейін ауруханада қайтыс болды.
Қарақшылар ертеңінде-ақ ұсталды. 24 жастағы Нұрәлі Қиясов пен 23 жастағы Арман Құдайберген. Бір қарағанда спортшы кәдімгі банальды ұрылардың құрығына түсіп мерт болған адам сияқты көрінгенімен, Теннің анасы Оксана Тен бұған аса сене қоймайды. Оның айтуынша, мұның астарында кәдімгі тапсырыспен кісі өлтіру сипаты жатыр.
Бұл істің анық-қанығы әлі белгісіз. Күмән мен күдік басым.
Ал Қиясов пен Құдайберген 18 жылға, тағы бір сыбайласы Жанар Толыбаева 4 жылға сотталды.