Нидерланд футболының аңыз ойыншысы, спорттық мансабында үш рет «Алтын доп» иегері атанған ардагер футболшы Йохан Кройф 68 жасында дүниеден озды. Футболшы соңғы жылдары қатерлі ісік ауруымен сырқаттанған.
Йохан Кройф – Нидерланд футболы тарихындағы аңыз ойыншылардың бірі. Ұлттық құрама сапында 48 ойынға қатысып, 33 гол соққан. 1976 жылғы Еуропа чемпионатында қола медаль, 1974 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлде еншілеген. Сондай-ақ спорттық мансабында Нидерландтың «Аякс» және «Фейенорд», Испанияның «Барселона» және «Леванте», АҚШ-тың «Лос-Анджелес» және «Вашингтон» клубтарында ойнаған.
Йохан Кройф жаттықтырушылық та қызмет атқарды. Өзі ойнаған каталондық «Барселона» мен амстердамдық «Аяксты» жаттықтырды. Каталония құрамасында да қызметте болды.
Футболшы 44 жасына дейін темекіге әуес болған. Күніне 20 данаға дейін шылым шеккен. Жүрегіне ота жасатқаннан кейін барып, темекі шегуді біржола қойған. Соңғы сұхбатында ол: «қатерлі ісікпен тартысты кездесуде 2:0 есебімен алда келемін, алайда ойын әлі аяқталған жоқ» - деген болатын...