Жақында ғана 2013 жылғы маусымда ел чемпионы атанған «Ақтөбе» командасының қатарын бразилиялық шабуылшы Данило Неко толықтырды. Ол осыған дейін «Понте-Прета» (Бразилия), «Чеджу Юнайтед» (Оңтүстік Корея) және «Алания» (Ресей) командаларының сапында өнер көрсеткен. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға футболшының осыған дейін ойнаған командалары құрамында жүріп түйген ойларын ұсынамыз.
Өмірге өте қатты мән беріп қарауға болмайды. Бұл бразилиялықтардың түсінігі де шығар. Мәселен, Бразилияда мәжбүрлі түрде ешкім де жұмыс жасамайды. Егер бразилиялық кеңседе жұмыс істейтін болса, демек оған ұнайды. Қоқыс жинаушы, газет тасушы болса да, дәл солай. Мен футболда жарақатын ауырсынғандығын айтқан бірде-бір бразилиялықты байқамадым. Алайда мұндай мезеттердің болатыны белгілі, бірақ біз негізінен көңілді ойыншылармыз. Мәселен, біреуіміз байсалды сұхбат беріп жатсақ, командадағы бір серіктесіміз келіп оны қалжың қыла бастайды. «Аланияның» қалжыңға ең жүйрігі -
Рудней. Ол өте көңілді адам.
Мен ерекше бразилиялықпын: музыканы жақсы көремін, бірақ билей алмаймын. Ал Рудней болса тамаша биші, менен ештеңе де шықпайды. Балалық шағымда жыл сайын Риода болатын карнавалдарға баратынмын, бірақ өзіме ешқашан арнайы киім тікпегенмін, топпен бірге билемегенмін, жай ғана басқалардың қалай билейтіндігін қызықтап тұратынмын. Мәселен, мен ойнайтын
«Понте-Прета» командасының 90% ойыншылары бұл карнавалдарға өз бетімен қатысатын. Ал менің сағаттар бойы билеуге аса зауқым соқпайтын. Уақыт өте келе карнавалдарды теледидардан тамашалайтын болдым.
Оңтүстік Корея – ұйымдастыру қабілеті жағынан әлемдегі бірінші орындағы ел деп білемін. Оларда барлығы айқын: егер біреу бір нәрсені істеуді айтты ма, ол істейді. Қылмыс жоқ, көлігіңді құлыптаусыз қалдыруға әбден болады. Мен онда бір жыл ғана ойнадым, бірақ бұл уақыт менің өзге атмосфераны сезінуіме толық жетті. Мен ойнаған
«Чеджу Юнайтед» командасы Бразилияны еске түсеретін (құм, теңіз, жылу, күн) аралда орналасқан. Кореяның тарихы мен дәстүрі қайран қаларлық. Біз орын тепкен аралда алып әрі әдемі ғибадатханалар бар болатын, біз оған үнемі барып тұратынбыз. Жасы кішілер үлкендердің бетінен алмайды. Ал футболға келсек, Кореяда әлі күнге дейін көптеген тәжірибелі жаттықтырушылар бар. Мен жаттықтырушылармен жақсы тіл табыстым, айтқанын орындап жүрдім, алайда, егер футболшы дұрыс ойнай алмаса не тәртіпті бұзса, жаттықтырушы ойыншыны ұратынын достарым айтқан еді. Бірақ бұл тәсіл бірте-бірте құрып бара жатыр, сонда да кейбір жерлерде байқалып қалады.
Қылмыс – Бразилияның Кореядан негізгі айырмашылығы. Бразилияда қылмыстық әрекеттер өте таралып кеткен, көптеген жағдайда жастардың арасында тек бір ғана таңдау болады: не спортқа бару, не қылмыс әлеміне қадам басу. Екінші жолды таңдап кеткен көптеген достарым болды. Ең жақын достарымның бірі түрмеде отыр, бірі жоғалып кетті. Бірақ адам өзі жасаған ісі үшін жауап беруі керек деп ойлаймын. Есірткінің не екенін, қалай өмірді қысқартатынын білеміз, алайда оны қолданушылар азаяр емес. Оларды есіркеу еш мағына бермейді: әркімнің иығында өз басы болуы керек.
Футболда ең жаманы – жасанды алаңда доп тебу. Шынымды айтайын: жасанды алаңға қарағанда, құм алаңда ойнаған жақсы. Жасанды алаң аяқ пен тізеге салмақ пен ауырлық түсіреді. Амал қанша, егер жол солай түсіп тұрса командам үшін ойнауға дайынмын.
Бразилия ұлттық құрамасында ойнауды шынымен қалаймын. Егер басқалай жауап берсем, мысқылдайтын едіңіздер. Бірақ ол мүмкін емес екенін жақсы білемін. Кейде бразилиялықтардың командаға қабылдануы үшін өзге елдің азаматтығын алу керек пе деп ойлап қаламын. Алдыңғы жылы
Веллитон турасындағы әңгімені есіткем, алайда оның қалай аяқталғанынан жақсы хабарым жоқ. Егер мені
Ресей азаматтығын берсе, ойланып көретін едім. Қалай дегенмен әлем чемпионаты кез келген футболшының арманы.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/rAuAwNe3UFM","width":"450","height":"338"});
Ең тартысты футбол ойыны, бұл - «Понте-Прета» мен «Гуарани» арасындағы ойын. Бір қаланың футбол командасы болып табылатын бұл клубтардың кездесуі бәрінен бұрын қарулы қақтығысқа ұқсайтын. Одан да былай жеткізейін: ойынның нәтижесі қазалы жағдаймен аяқталмаса, ойын болмады деген сөз. Стадионда, ойын алдында, не соңында полицейлер мен жанкүйерлер арасында қашан да қақтығыс орнайды. Автобустарға тас лақтырылады, ойыншылар тек үйіне тезірек жетуді ғана қалайды. Кейде тыныш жағдайда қалу үшін қаладан 40 шақырым жердегі ата-анамның үйіне кетіп қалатынмын. Жазылмаған заң бар: егер ойында жеңілсең, бірнеше күн үйіңде бол. Кез келген жеңілген ойыншылар дәл осылай жасайды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.ru