Неапольдық «Наполи» клубының шабуылшысы Гонсало Игуаин «Днепрді» жеңіп, Еуропа лигасының финалына шыға алмаса спорттық мансабын аяқтайтынын хабарлаған болатын. Түнде өткен ойында аргентиналық фуболшының командасы жеңіліс тапты.
Футболда көп ойыншылар мен бапкерлер кездесу алдында қызбалықпен немесе шын көңілден жұрт алдында жеңіске жетсе, не жеңілсе не істейтіні туралы уәде беріп жатады. Ал оны орындайтындары бар, орындамайтындары бар. Мысалы, 2006 жылы Италия құрамасымен әлем чемпионы атанған Мауро Каморенези чемпиондық атақты иеленгеннен кейін шашын қысқарттырып тастаса, «ЦСКА» клубымен 2005 жылы УЕФА кубогын жеңіп алған Валерий Газзаев мұртын алмай қойған еді. Енді мұндай уәдені орындау кезегі Гонсало Игуаинге келіп отыр.
Аргентина құрамасының шабуылшысы «жеңілсем спорттық мансабымды аяқтаймын» деп асыра айтып қойған секілді. Себебі 27 жастағы футболшы сәтті-ақ өнер көрсетіп жүр. Егер «Наполиден» кетер болса, Еуропаның кез келген клубы ұсыныс жасауға әзір екені белгілі.
«Днепр» клубының ойыншылары аргентиналық шабуылшының уәдесін алдын-ала естіген болатын. Тіпті «біздің клубты менсінбеді» деп бағалағандары болған-ды. Енді жеңіске жеткен украиналық клубтың ойыншылары «ер – екі сөйлемейді» деп Гонсало Игуаиннің спорттық мансабын аяқтағаны туралы хабарды күтіп отыр. Шабуылшы қандай шешім қабылдар екен?
Ұқсас жазба
Еуропа лигасының финалына шыққан клубтар анықталды (видео)