Футболдан ағылшын премьер-лигасы аяқталды. Маусым қорытындысы бойынша Ливерпуль клубының форварды Мұхаммед Салах үздік сұрмерген атанды. Соңғы турда мерсисайдтық команда Брайтонды 4:0 есебімен ұтты. Ойында мысырлық футболшы бір гол соғып, бір нәтижелі пас берді. Мұхаммед Салах осы маусымдағы ағылшын премьер-лигасында 36 ойынға қатысқан. Барлығы 32 гол соғып, үздік сұрмерген марапатына ие болды. Сондай-ақ бір маусымдағы голдар саны бойынша да рекорд жаңартты. Осыған дейін ағылшын премьер-лигасында бірде-бір ойыншы бір маусымда 32 гол соқпаған. Алан Ширер, Криштиану Роналду мен Луис Суарестер 31 голмен шектелген. Тоттенхэм командасының шабуылшысы Харри Кейн осы маусымда 30 гол соғып, екінші орыннан көрінді. Үштікті 21 гол соққан Манчестер Сити шабуылшысы Серхио Агуэро түйіндеді. Ол осы маусымда 21 гол соқты. Айта кетейік, биылғы ағылшын премьер-лигасында 100 ұпай жинаған Манчестер Сити чемпион атанды. Ал Ливерпуль 75 ұпаймен 4-орын алды.