Жақында аты аңызға айналған былғары қолғап шебері Мұхаммед Әлидің денсаулығы күрт нашарлап кеткені туралы ақпарат таралған еді. Бүгін боксшы twitter әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында денсаулығының қалыпты жағдайда екендігін мәлімдеді.
13 қазан күні Мұхаммед Әли (Кассиус Маркеллус Клэй) өзі туралы түсірілген фильмнің тұсаукесеріне қатыса алмаған. Ал ұйымдастырушылар болса, даңқты тұлғаның сырқаттанып қалғанын хабарлаған. Бүгін боксшының өзі twitter желісіне екі жанкүйерімен суретке түсіп, денсаулығының қалыпты жағдайда екенін жазды.
- Менің денсаулығыма қатысты қаңқу сөздерге сенбеңіздер. Менің денсаулығым сыр берген жоқ және жанкүйерлеріммен суретке түсіп тұрмын, - деп хабарлады.
Айта кетейік, Мұхаммед Әли паркинсон ауруына шалдыққан. Аурумен күресу үшін оның 10-15 күн ашыққан кездері болған деседі. Ал дауасы жоқ дерттің меңдеп алғанына 30 жылдан да асқан. 72 жастағы даңқты боксшы қазіргі таңда арнайы дәрі-дәрмектер көмегімен емделіп келеді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: boxing.ru