Спорт тарихында адамзат танып, аты аңызға айналған тұлғалар аз емес. Бірі жетістігімен, бірі - адамгершілігімен, енді бірі елде жоқ ерекшелігімен есте қалды. Спорттың бір құдіреті де осы шығар, бәлкім?! Бокс дегенде бірден ойға оралатын, жекпе-жектері жайлы білмесе де, көрмесе де әлем халқы айрықша ардақ тұтар тұлғаның бірі Мұхаммед Әли (Кассиус Маркеллус Клэй). Оның есімі мен бокс ұғымы егіз секілді. Даңқы жер жаһанға дүркіреген боксшы 2016 жылы дүниеден озғанда көзіне жас алмаған жанкүйер болмады... Иә, Мұхаммед Әли көзі тірісінде-ақ көпшіліктің қошеметіне бөленді. Оның жекпе-жектерін көрген адам қанша уақыт аузынан суы құрғап айтып жүрді. Ал оның қайырымдылығы мен жан баласына деген мейірімділігі бір төбе. Сөйткен Мұхаммед Әли де кәсіпқой бокста жеңілген. Ал жанкүйерлері боксшыны жеңіліске қиған емес.... Мұхаммед Әли кәсіпқой бокста 61 жекпе-жек өткізген. Оның 56-да жеңіске жеткен. 37 жекпе-жегін уақытынан бұрын аяқтаған. 5 кездесуінде жеңілген. Бүгін бокстың аңызға айналған тұлғасын жеңген боксшылар жайлы аз-кем айта кеткенді жөн санап отырмыз. Джо Фрейзер 1971 жыл, 8 наурыз Мұхаммед Әлидің спорттық мансабындағы басты қарсыластарының бірі - отандасы Джо Фрейзер болды. Бұл боксшылар арасындағы текетірес ХХ ғасыр спортындағы айтулы оқиғалардың бірі. Алғаш рет екі боксшы арасындағы шаршы алаңдағы шайқас 1971 жылдың 8 наурызында өтті. Ғасыр жекпе-жегіне баланған кездесу Нью-Йорктегі Мэдисон Сквер Гарден кешенінде өтті. Қос боксшының шайқасын көруге асыққан жанкүйерлерде шек болмады. Ауыр салмақта алғаш рет сол кездегі чемпион (Джо Фрайзер) мен оған дейін чемпион болып кеткен (Мұхаммед Әли) боксшылар кездесті. Бұл жекпе-жекте Джо Фрейзер жылдамдық танытып, шеберлігін байқатты. Тіпті 15 раундта Мұхаммед Әлиді нокдаунға да түсірді. Төрешілер бірауыздан Джоны жеңімпаз ретінде танып, Мұхаммед Әли мансабында алғаш рет жеңілді. Қос боксшы арасындағы текетірес бұл кездесумен тоқтап қалған жоқ. 1974 жылдың қаңтар айында қайта кездесті. Бұл жолы да олар Нью-Йоркте жұдырықтасты. 12 раундқа жоспарланған жекпе-жек соңына дейін жалғасып, жеңімпазды анықтау оңай болмады. Төрешілер Мұхаммед Әли жеңіске жеткенін хабарлады. Ал Джо Фрейзер жеңілгенін мойындаған жоқ... Қос боксшы арасындағы үшінші жекпе-жек Манилада өтті. 30 градус ыстықта жұдырықтасқан боксшылардың кездесуі аса тартысты болды. Бесінші раундқа дейін Әлидің басымдығы байқалса, кейіннен 11 раундқа дейін Фрейзер белсенді. 14 раундта Фрейзердің жаттықтырушысы жекпе-жекті тоқтатты. Бұл тұста боксшының сол көзі көруден қалған. Бұл сәтте Мұхаммед Әли де жаттықтырушыларынан қолғабын шешуді өтінген. Жекпе-жектен кейін боксшы есінен танып құлаған. Бұл кездесу бокс тарихында Манилладағы триллер деген атаумен қалды. Жеңіске жеткен Мұхаммед Әли Джо Фрейзерді өзінен кейінгі үздік боксшы деп мойындады. Джо Фрейзер кәсіпқой бокста 37 жекпе-жек өткізді. 32 кездесуінде жеңіске жетіп, 4-де ғана жеңілді. 1 кездесуінде қарсыласымен тең түсті. Боксшы 2011 жылы 67 жасында дүниеден озды. Кен Нортон 1973 жыл, 31 наурыз 1973 жылы Мұхаммед Әли Сан-Диегода (Калифорния, АҚШ) Кен Нортон есімді боксшымен жұдырықтасты. Қарсыласы аса танымал емес боксшылардың бірі болатын. Тіпті соңғы жекпе-жегінде 300 долларлық гонорары кездесуге шыққан. Әйтсе де Джо Фрейзердің спарринг қарсыласы болып жүрген Кен осал боксшы болып шықпады. Әйгілі боксшыға қарсы әбден дайындалғаны байқалды. Екінші раундта Кеннің бір соққысы дөп тиіп, Мұхаммед Әлидің жағы сынды. Дәрігер жекпе-жекті тоқтатуға тырысқанмен, боксшы алған бетінен қайтпады. Нәтижесінде 12 раунда бойы жарақатымен жұдырықтасып, төрешілер шешімі бойынша Әли жеңілді. Дәрігер жарақатына қарамай жұдырықтасқан боксшының өжеттілігіне таңдай қақты. Ал бұқаралық ақпарат құралдары даңқты тұлғаның мансабы таяп келе жатқаны жайлы жаза бастады. Мұхаммед Әли жарақатына айыға сала Кен Нортоннан есесін қайтаруға асықты. Инглувд (Калифорния, АҚШ) шаршы алаңында қайта жолығып, бұл жолғы 12 раундтық жекпе-жекте Әли төрешілер шешімі бойынша жеңіске жетті. 1976 жылдың 28 қыркүйегінде екі боксшы тағы да шаршы алаңда кездесті. Нью-Йоркте өткен бокс кешінде 15 раунд бойы жұдырықтасты. Төрешілер бірауыздан Мұхаммед Әлиді жеңімпаз ретінде таныды. Кен Нортон да америкалық боксшы. Кәсіпқой бокста 50 жекпе-жек өткізіп, 42-де жеңіске жеткен. 7 кездесуінде жеңіліп, 1 жекпе-жегін тең аяқтаған. 2013 жылы 70 жасында бақилық болды. Леон Спинкс 1978 жыл, 15 ақпан 1978 жылы Мұхаммед Әли жас боксшы Леон Спинкстен ойда-жоқта жеңіліп қалды. Жекпе-жек Лас-Вегаста ұйымдастырылып, бәске WBC және WBA World чемпиондық атақтары қойылған еді. Мұхаммед Әли бұл жекпе-жекке аса көп дайындалмады. Тәжірибесі аса толыспаған боксшыны қалпақпен қағып аламын деп ойласа керек. Сондай-ақ осы кездесуден кейін бокстағы мансабын аяқтауды жоспарлаған да болатын. Алайда Леон 10 раундтық жекпе-жек қорытындысында төрешілер шешімі бойынша жеңіске жетті. Кездесу соңындағы баспасөз мәслихатында Мұхаммед Әли бұл кездесуіне көп дайындалмағанын және қарсыласының жеңіске жеткенін мойындады. Бірнеше жылдан боксшы бұл кездесуін өміріндегі ең өкінішті сәтім деп бағалады... Жеңіліс тапқан жекпе-жегіне жарты жыл сала Мұхаммед Әли Леон Спинкспен қайта кездесті. Жаңа Орлеанда болған бокс кешіне 65 мың көрермен жиналды. Бұл жолы әйгілі боксшы қарсыласымен 15 раунд бойы қолғап түйістіріп, төрешілер шешімі бойынша айқын жеңіске жетті. Осы кездесуден кейін спорттағы мансабын аяқтағаны жайлы айтты. Леон Спинкс те америкалық боксшы. Қазір 63 жаста. АҚШ-тың Миссури штатында тұрады. Кәсіпқой бокста 46 жекпе-жек өткізіп, 25-де жеңіске жеткен. 18 рет қарсыластарына есе жіберіп, 3 кездесуінде тең түскен. Ларри Холмс 1980 жыл, 2 қазан Леон Спинкспен өткен қарымта кездесуден кейін Мұхаммед Әли 2 жыл шаршы алаңға шыққан жоқ. Мансабында 50 миллион долларға жуық табыс тапқан боксшы кәсіпке көп көңіл бөлмеген. 1980 жылы боксшы қаржы қажеттілігін сезіне бастады. Қайта шаршы алаңға шыққысы келмесе де, жекпе-жек өткізіп ақша табуға тура келді. Нәтижесінде сол кездегі әлем чемпионы Ларри Холмспен жұдырықтасатын болды. Бұл боксшы оған дейін Мұхаммед Әлидің спарринг қарсыласы да болған. 38 жастағы Мұхаммед Әли 2 жыл ішінде артық салмақ қосып үлгерген. Жылдамдығы бәсеңдеп, соққы жұмсауы солғын тартқанын жанкүйерлер анық байқады. Ал Ларри Холмс бокс майталманын жойқын соққыларының астына алуға қымсынғандай болды. Жиналған жанкүйерлерге жарақаттамай жеңіске бастар жолды іздегендей көрінді. 10 раундта Әлидің жаттықтырушысы Анджело Данди жекпе-жекті тоқтатуды сұрады. Әйгілі боксшы алғаш рет уақытынан бұрын қарсыласына жеңілді. Ал жиналған жанкүйерлердің көзі жасқа толды... Ларри Холмс кәсіқой бокста 75 кездесу өткізді. 69-де жеңіске жетіп, тек 6-да ғана жеңілді. 68 жастағы боксшы қазір АҚШ-тың Пенсильвания штатында тұрады. Тревор Бербик 1981 жыл, 11 желтоқсан Ларри Холмсқа қарсы кездесуінде 8 миллион доллар табысқа кенелген Мұхаммед Әли қаржысын оңды-солды шашпай, ақылмен жұмсауды ұйғарды. Кәсіп пен жылжымайтын мүлікке көңіл бөлді. Материалдық жағдайын түзеп, қаржылық қиындықтарын қалпына келтірді. Әйтсе де боксшы тағы бір жекпе-жек өткізуді ұйғарды. Ал онымен жекпе-жекке шығуға танымал боксшылардың көпшілігі бас тартты. Сескенгеннен немесе менсінбеуден емес, құрмет тұтқаннан. Көптеген штаттардың атлетикалық комиссиясы боксшының денсаулығына алаңдап, жекпе-жек өткізуіне рұқсат бермеді. 1981 жылы Мұхаммед Әли қиындықтарға қарамастан тағы бір жекпе-жекке шығуға бекінді. Бұл жекпе-жегі Багам аралдарында өтетін болды. Қарсыласы канадалық Тревор Бербик. Аты аңызға айналған боксшының бұл жұдырықтасуы да сәтті болмады. Шау тартқаны байқалғанмен, Ларри Холмсқа қарсы кездесудегідей босаң, сылбыр қимылдаған жоқ. Тіпті бесінші раундта қарсыласын айқын жеңіп те шықты. Алайда 10 раунд қорытындысы бойынша төрешілер шешімі бойынша канадалық боксшы жеңіске жетті. Осылайша Мұхаммед Әли кәсіпқой бокстағы мансабын жеңіліспен аяқтады. Одан кейін шаршы алаңға шыққан жоқ. Тревор Бербик Мұхаммед Әлиді жеңген бесінші боксшы. Канадалық (ямайкалық азаматтығы да бар) кәсіпқой бокста 61 кездесу өткізді. Оның 49-да жеңіске жетті. 11 рет жеңіліп, 1 рет тең түсті. 2006 жылы 52 жасында жиенінің қолынан қаза тапты. P.S Бүгін даңқты боксшы Мұхаммед Әли тірі болғанда 76 жасқа толар еді.