Қорқыныш - адам бойындағы сезімнің бірі. Жүрексінбейтін жан, қорықпайтын пенде жоқ та болар. Тек сен қорыққан дүниеден өзге қорықпауы мүмкін. Бірақ оның да аяқ тартатын өзге қорқынышы бар.
Тұлға бітіміңіз сезімге толы болғаннан кейін артық толқудың өзі де сізге әсерін тигізбей қоймайды. "Фобия" терминін талай естіген де боларсыз. Медицинада фобияны аурудың бір түріне жатқызса, психологтар оны адамның табиғи шартсыз рефлексі деп санайды.
Дәрігерлер көп жағдайда анидепресанттар мен тыныштандыратын дәрілер қолдануды ұсынады. Тек осылар ғана миды қалыпты күйге түсіріп, қорқыныш, қуаныш секілді сезімдерге селқос қарауға мүмкіндік береді санайды. Ал психологтар қорқынышты жеңудің жолын бастауға кеңес береді. Себебі сол қорқыныш көп кедергі болуы мүмкін.
Әлемге әйгілі боксшы, шаршы алаңның тарланы болған Мұхаммед Әлидің де фобиясы болған. Тіпті осы бір қорқынышы мансап жолына кедергі бола жаздаған...
1960 жылы әйгілі боксшы 18 жаста еді. Рим Олимпиадасына барып, 81 келіге дейінгі салмақта жұдырықтаспақ. Төртжылдықтың басты додасы жақындағанда барудан бас тартады. Өйткені боксшы ұшаққа мінуден қатты қорқатын. Ал "мәңгілік қалаға" кемемен жету мүмкін емес еді.
Кассиус Клей (ол кезде мұсылман дінін қабылдап Мұхаммед Әли атанбаған) қорқынышын жеңуге тырысқанмен, жүрексіне береді. Тек жаттықтырушысы психологиялық тұрғыдан дем беріп, көмек қолын созбағанда оны әлем танымас па еді, кім білсін?
"Бұл жарыс сен үшін аса маңызды. Олимпиаданы жеңсең, сенің сөзіңді бәрі тыңдайтын болады" деген үгіт-насихатынан кейін ғана Мұхаммед Әли ұшаққа мінуге келісім береді. Онда да қауіпсіздік үшін арқасына парашют байлап алып ұшаққа отырады. Бұл оның екінші рет әуеге көтерілуі еді...
Бірінші рет ұшаққа отырғаны тіпті қызық. Бұл туралы жазушы Пол Морган "Мұхаммед Әли: ғасыр жекпе-жегі" атты кітабында егжей-тегжейлі жазады. Римдегі додаға дейін Олимпиадаға іріктеу жарысы Сан-Францискода өтеді. Ал ол жаққа ұшақпен жетуге тура келеді.
- Өмірінде әуе кемесіне отырмаған Кассиусты үлкен үрей қысты. Тіпті барудан бас тартқысы да келді. Бірақ бармаса болмайды. Ақыры баруға келісім берді.
Ұшақта ол қатты қорықты. Егер ұшақтан секір десе, ойланбай секіріп кеткен болар еді. Дәретханаға бармақ түгіл, қимылдауға үрейленді. Абырой болғанда шыдады, - деп суреттейді жазушы.
Сан-Францискода Кассиус Клей барлық қарсыластарын жеңіп, Олимпиадаға баратын құрамға ілікті. Қуанышында шек болмады. Бірақ қайта ұшақпен қайтуды ойлағанда, көңіл-күйі су сепкендей басылды. Ақыры ойлана келе поездбен қайтуды ұйғарады. Бірақ қалтасында ақша жоқ. Жаттықтырушысынан қарыз алып, көңілі бір-ақ жайланады. Ал Римге қалай баратынын ол кезде ойламаған да еді...
Рим шаршы алаңында Кассиуc Марселлус Клей жасындай жарқылдады. Тіпті барған бойда ол олимпиадалық қалашықта өзінің алтын алатынын мақтанышпен айта жүрген. Шетелдік спортшылармен танысып, жақсы араласқан. Алғашқы жекпе-жегінде бельгиялық Иван Беконы екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Одан кейін кеңестік боксшы Геннадий Шатковты жарыс жолынан шығарды. Жартылай финалда аустралиялық Тони Мэдиганды айқын жеңді. Ал финалда поляк Збигнев Петшиковскиймен жұдырықтасты. Өзінен 10 жас үлкен қарсыласы тәжірибелі болса да, Кассиус жеңіске бастар жолды тауып, Олимпиада чемпионы атанды. Алтын медаль мойнына тағылды. Осы сапарында алтын медаль ғана емес, аэрофобияны да жеңіп қайтты.
Иә, боксшы қорқынышын жеңбегенде бұл медаль бұйырмас па еді? Бірақ сол атақ бұйырғанмен, медальды кейін боксшы Огайо өзеніне лақтырып жіберген. Оның өзі бір тарих. Қысқаша баяндап кетсек, артық болмас.
Кассиус Клей Олимпиада чемпионы болып елге оралғанда барлығы зор қошеметпен күтіп алады. Ал қаншама тер төгіп ұтып алған алтын медалін ылғи мойнына тағып жүреді. Тіпті ұйықтағанда да шешпейді екен. Бірде Луисвиллдегі (туған жері) дәмханалардың біріне кіріп, тамақтанбақ болады. Бірақ дәмханадағылар қара нәсілді адамға қызмет көрсетуден бас тартады. Олимпиада чемпионы екенін айтса да, міз бақпайды. Бала кезінен нәсілдік кемсітушілікті көзімен көріп өскен Кассиус бұған қатты ызаланады. Олимпиада алтыны да көмектеспегені жанына батады. Ашуланған бойда медальды Огайо өзеніне лақтыра салады.
1996 жылы Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Хуан Антонио Самаранч Атлантадағы Олимпиада кезінде боксшыны кезекті рет марапаттады. Өзенге лақтырған медалінің нұсқасын жасатып, даңқты Мұхаммед Әлидің мойнына қайта тақты.
Біз әңгімемізді қорқыныштан бастаған едік. Ауанын аздап өзгертсек те, қайта ораламыз. Яки әйгілі боксшы ұшаққа мінуге сескенген. Кейіннен бұл қорқынышын жеңе білді.
Ұшаққа мінуден қорқу аэрофобия деп аталады. Негізінен бұл адамға тән түсінікті қорқыныш десек болады. Себебі көп адамдар ұшаққа мінгеннен, биікке шыққаннан қорқатыны рас.
Адам - жаратылысынан қанаты жоқ, жерде жүретін тіршілік иесі. Алайда қазіргі қарқынды өмірден қалыспаймын деген адамға ұшақтан бас тарту өте қиын. Сондықтан қажетсіз қорқыныштан арылу қажет. Бұл үшін назарларыңызға біздің пайдалы кеңестерімізді ұсынамыз:
► Жаман ойға жол бермей, тек жақсылықты ойлаңыз. Бойыңызды еркін ұстап, көз алдыңызға жеңіл көтерілу, тыныш ұшу мен жұмсақ қонуды елестетіңіз. Сонымен қатар, өз үрейіңізді ешкімге айтпағаныңыз дұрыс. Себебі аэрофобияның жұқпалы қасиеті де бар. Ал жаппай дүрбелеңнің ешкімге қажеті жоқ.
► Егер өзіңізді қолға алу мүмкін болмаса, медицинаға жүгінуге болады. Жеңіл тыныштандыратын дәрілерді кезекті ұшудан бірнеше апта бұрын қабылдай бастау керек.
► Ұшу кезінде өзіңізге қызықты іспен шұғылданыңыз. Сүйікті кітап, сөзжұмбақтар журналы немесе жақсы фильмдер көру - аэрофобиямен күресудің тамаша құралы.
► Ұшу үрейін жоюдың тағы бір керемет тәсілі – ұйқы. Ұшақтың жұмсақ орындықтарында ұйқыңызды қандырып алуға болады. Көз іліндірсеңіз, ұшу уақытының қалай өткенін де байқамай қаласыз.
► Егер сіздің вестибулярлық ағзаңыз әлсіз болса, жүрек айнығанда ішетін дәріні өзіңізбен бірге ала жүруді ұмытпаңыз. Соратын кәмпиттер де жақсы көмектеседі. Сондай-ақ салонның ортасынан алдын-ала орын броньдап алуға тырысыңыз. Ол жерде ұшақ дірілі қатты сезілмейді.
Аэрофобиядан құтылу үшін барлық әдістерді қолданып көріңіз. Атап өтейік, ұшу қорқынышына шалдыққандардың 98 пайызы бұл үрейден толық айыға алады. Егер өз бетіңізбен аэрофобияны жеңе алмасаңыз, арнайы маман көмегіне жүгініңіз.