2014 жылы Тараз қаласында қазақ күресінен «Еуразия барысы» екінші халықаралық турнирі өтті. Сол додада Моңғол балуандарын бастап келген бапкер Бақыт Одынайұлын жолықтырған едік. Ұзақ тілдесуге мүмкіндік болмаса да, оның балуандарды дайындаудағы әдіс-тәсілдеріне тәнті болдық. Бүгін Моңғол елінің мәртебесін, қазақ ұлтының мерейін көтерген даңқты балуан 61 жасқа толып отыр.
Бақыт Одынайұлы моңғолдардың күресті, балуандарды басынан асыра құрметтейтінін жеткізді. Олар күшті, батыл, батыр жігіттерді ерекше пір тұтады екен. Тіпті, әлемдік аренада елінің абыройын асқақтатқан спортшыларына атақ беруді аямайтын да көрінеді. Моңғолдар ер бала дүниеге келгенде «балуан бол!» деп береді екен. Осындай елдің, осындай халықтың арасында жүріп, даңқ тұғырына көтерілген Бақыт Одынайұлы да өз заманында осал балуан болмаған.
Бақыт Одынайұлы 1954 жылы ақпан айының 24-де Бес Боғданың баурайында, Сырғалы өлкесінде дүниеге келген. Өзінен үлкен Дәрібас және Тәттібас деген екі үлкен әпкесі болса, Баршагүл деген қарындасы болыпты. Жастайынан спортқа әуес болған Бақыт өзінің мансабын волейболдан бастаған. Ол бұл спорт түрінен де табыстарға қол жеткізген. Оған оның МХР-дағы 1970 жылғы бес аймақ ойынында озып шығып, оқушылардың республикалық жарысына жолдама алуы, 1973 жылы Улан-Батордағы құрылыс техникумы қабырғасында жүріп ел жасөспірімдер чемпионатында қола медаль иегері атануы анық дәлел. Бірақ… иә, бірақ осыдан кейін Бақыт Одынайұлы волейболды тастап, күреске біржолата бет бұрады. Оның себебі де жоқ емес. Оған волейболды қойып, еркін күреске ауысуына бірден-бір себепкер болған ұстазы – Гансүх екен.
Қазақтан шыққан балуан 1974-1975, 1979-1980 жылдары төрт мәрте моңғол ұлттық күресінен (бөк) чемпион атанады. 10 рет күміс, төрт рет қола алған. 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарында бесінші орынды иеленген. Ал спорттық мансабының жұлдызы жанған уақыт 1981-1987 жылдар аралығымен сәйкес келеді. 1981 жылы АҚШ-тың Толидо қаласында өткен бес құрлық балуандарының дүниежүзілік кубогы жолындағы бәсекеде қола медаль, 1983 жылғы әлем чемпионатында күміс, ал 1985 жылғы дәл осындай дүниежүзілік сында кіші қола медаль алып, 1986 жылғы Мәскеуде өткен “Ізгі ниет ойындары” атты әлемдік додада 4-ші орыннан көрінуі анық дәлел. «Интернационал» халықаралық бәсекелерінде көптеген алтын, күміс, қола медаль алған.
Бақыт Одынайұлы – шетел қазақтары арасынан шыққан даңқты балуан. Моңғолия спортына еңбек сіңірген қайраткер (2007 жыл). Өз дәуірінде Олимпиада және әлем чемпиондары мен жүлдегерлері – С.Андиев (КСРО), Б.Баугартнер (АҚШ), Д.Гобеджшили (КСРО), И.Болла (Венгрия), Б.Молла (Канада), А.Сандурски (Польша), А.Шрейдер (Германия), Касимиков (КСРО), Хабелев (КСРО), Роботка (Венгрия) т.б. алып балуандармен иық тірестіріп, бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүрген азамат. Сондай-ақ иісі қазақтың тарихында әлем кубогынан медаль бұйырған әрі әлем чемпионатында кіші қола медаль еншілеген тұңғыш балуан. Қазақ күресінен «Қазақстанның спорт шебері» атағын алған. Сондай-ақ, 2006 жылы Моңғолия қазақтарынан тұңғыш рет «Моңғолияға Еңбек сіңірген спорт қайраткері», 2008 жылы «Қазақстанның Құрметті спорт қайраткері» атағы берілген. Ал бастысы – Бақыт Одынайұлы моңғол елінің президентінің қолынан құрметі жоғары «Қаршыға» сыйлығын иеленген.
Моңғол жерінде туып-өскен қазақ балуаны бүгінде шәкірт тәрбиелеп келеді. Ол шәкірттерінің қатарында ұлы Бекжан да бар. Ал Айжан мен екінші ұлы Нұржан терең білім алып, оқуға ден қойыпты. Қазіргі таңда Бақыт Одынайұлының шәкірттері халықаралық додаларда да топ жарып жүр.
Сурет: massaget.kz, z-taraz.kz
Оқи отырыңыз
Қазақ күресінен «Еуразия барысын» моңғолдар жеңіп алды
«Еуразия барысы» ІІ халықаралық турнирі ел есінде қалай қалды?