Аралас жекпе-жек (ММА) спорты тарихындағы ең алып спортшы Эммануэль Ярбро дүниеден озды. Бұл туралы UFC қауымдастығының ресми сайты хабарлап отыр.
Салмағы 300 келіден асатын алып спортшы 51 жасқа қараған шағында Ричмондте (Вирджиния штаты) көз жұмған. Әзірге спортшының неден қайтыс болғаны туралы ақпарат жарияланған жоқ.
Эммануэль Ярбро аралас жекпе-жектен өзге сумо, дзюдо мен америкалық футбол спортына да қатысқан. 1994-1998 жылдары ММА спортында үш жекпе-жек өткізіп, біреуінде жеңіске жеткен. Аса ауыр салмақтағы спортшы ретінде бірнеше рет Гиннестің рекордтар кітабына енген.
- Эммануэль саяхатқа шыққанды жақсы көретін еді. Ол үшін ел аралау, жер көрі қиын болса да алға қойған мақсатынан кері қайтқан емес. Кездескен адамына қуаныш сыйлауға асығып тұратын, - деп еске алады спортшының менеджері Беатрис Дэвис.