Филиппиндік танымал боксшы Мэнни Пакьяо мен америкалық Флойд Мейвезер арасындағы «ғасыр жекпе-жегінe» баланған кездесу күзде де ұйымдастырылуы мүмкін. Келісімшарт бойынша күзде қос боксшы мүмкін болып жатса есе қайтару жекпе-жегін өткізуге келісімдерін берген.
Флойд Мейвезер WBA тұжырымы бойынша суперчемпион болса, WBC тұжырымы бойынша да чемпиондық атақ иегері, ал Мэнни Пакьяоның WBO жүйесі бойынша чемпиондық атағы бар. Америкалық боксшы кәсіпқой бокста 47 кездесу өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтаған. Ал Мэнни Пакьяо кәсіпқой рингте 64 кездесу өткізіп, 57 рет жеңіске жеткен. 38 қарсыласын есінен тандырса, 5 рет ұтылып, 1 жекпе-жегінде тең түскен.
Бүгін шаршы алаңдағы жекпе-жектің «НВО» мен «Showtime» телеарналары ұсынған промо-ролигі жарыққа шықты. Ал аталған телеарналар бокс кешінен 400 миллион АҚШ доллары көлемінде табыс түседі деп топшылап отыр.
Қос боксшы арасындағы жекпе-жек 2 мамырға белгіленген. Лас-Вегастағы «MGM Grand» аренасында өтетін болады.
Флойд Мейвезер мен Мэнни Пакьяо жекпе-жегінің қаржылай сыйақылары да белгілі. Алғашқысы 150 миллион доллар алатын болса, филиппиндік боксшы 100 миллион долларды иеленеді. Аталған қаржы қос боксшының бір-бірімен жұдырық түйістіргені үшін берілетін болады. Ал ұйымдастырушылар кездесуді телеарналарда тікелей эфирде таратуды жоғары сомаға бағаламақ болып отыр.
Сурет: official-boxing.com
Ұқсас жазбалар
Флойд Мейвезер «ғасыр жекпе-жегіне» негізгі дайындығын бастады