Футболдан Германия мен лондондық «Арсенал» командасының жартылай қорғаушысы Месут Озилді әкесі сотқа берді. Әке мен баланың арақатынасына әсер еткен ақша болып отыр.
Месут Озил өткен жылы әкесі Мұстафа Озилді өзінің атындағы «Marketing GmbH» маркетингтік компаниясының бас директоры қызметінен алып тастаған. Әкесінің қызметін ағасы Мутлу Озилге сеніп тапсырған. Ал компанияны 10 жылға жуық басқарған футболшының әкесі болса, ұлының өзіне 493 000 фунт стерлинг берешегі барын айтып сотқа арыз берген. Алғашында футболшы бұл қаржыны беруден бас тартқанмен, кейіннен екі тарап сотқа жетпей келісімге келіпті.
Айта кетейік осыған дейін футболшы жарақатына байланысты бірнеше айға алаңға шыға алмайтыны мәлім болған-ды. Сонымен қатар, Месут Озил осыдан бір ай бұрын 2013 жылдан бері көңіл жарастырып жүрген әнші Мэнди Капристомен арақатынасын үзген еді.
Сурет: sports.ru