- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Месси Еуропаның үздік...
Месси Еуропаның үздік футболшысына үміткерлер тізімінен шығып қалды
Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) 2015/2016 маусымдағы Еуропаның ең үздік ойыншысы жүлдесіне үміткер 3 футболшының есімін (Криштиану Роналду, Гарет Бэйл және Антуан Гризманн) жариялады. Бұл қатарға атақты аргентиналық сұрмерген Лионель Месси алғаш рет енбей қалды.
18 шілде күні бұл атаққа үміткер 10 футболшы белгілі болған еді. Бүгін бұл қатардан 7 ойыншы шығып қалды. Олар:
4. Луис Суарес («Барселона» және Уругвай құрамасы) — 29 ұпай
5. Лионель Месси («Барселона»және Аргентина құрамасы) — 25 ұпай
6. Джанлуиджи Буффон («Ювентус» және Италия құрамасы) — 19 ұпай
7. Пепе («Реал» және Португалия құрамасы) — 9 ұпай
8. Мануэль Нойер («Бавария» және Германия құрамасы) — 6 ұпай
9. Тони Кроос («Реал» және Германия құрамасы) – 5 ұпай
10. Томас Мюллер («Бавария» және Германия құрамасы) – 2 ұпай
Еуропаның үздік футболшысы марапаты 2011 жылдан бастап табысталып келеді. Сол жылы бұл атақты Лионель Месси иеленсе, 2012 жылы оның командаласы Андреас Иньеста жеңіп алған-ды. 2013 жылы – Франк Рибери, 2014 жылы – Криштиану Роналду, 2015 жылы Лионель Месси кезекті рет иеленген болатын. Үздік ойыншылар қауымдастық құрамына кіретін тілшілердің дауыс беру нәтижесінде анықталады.
Криштиану Роналду, Антуан Гризманн мен Гарет Бэйл де өткен маусымды сәтті өткізді. Әсіресе португалиялық сұрмерген үлкен жетістіктерге қол жеткізді десек қателеспейміз. Мадридтік «Реал» сапында командаласы Гарет Бэйлмен бірге Чемпиондар лигасын ұтса, ұлттық құрамамен Еуропа чемпионы атанды. Ал Антуан Гризманн екі финалда да португалдық ойыншының командасына қарсы ойында жеңіліс тапты. Сондықтан да биыл бұл атақ Роналдуға тиесілі деп топшылап отырған жанкүйерлер жетерлік. Ал үздігінің есімі 25 тамызда Монакода өтетін Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жеребе тастау рәсімінде аталады.
О. Сансызбай