- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Месси "Барселонадан" кете...
Месси "Барселонадан" кете ме?
Футбол жұлдызы Лионель Месси "Барселонадан" кетеді деген сыбыс тарады. Шетел БАҚ-тың жазуынша, каталониялық клуб осы оқиғаға байланысты шұғыл жиналыс өткізген.
Осы уақытқа дейін әр жылы Мессидің Барселонадан кететіні туралы ақпарат бірнеше рет тарады. Бірақ жыл сайын бұл ақпарат жалған болып, Месси католониялық клубта қалып қоятын. Бірақ бұл жолы Месси шындап кіріскен сияқты. TyC Sports-тың хабарлауынша, 33 жастағы футболшы клубқа кетуге ниет білдіріп, факс арқылы сұраныс жіберген.
Клуб келісімшартында ойыншының кез келген маусымның соңында Барселонамен келісімшартты бұзуға құқылы екені жазылған арнайы тармақ бар. Месси соны пайдаланғысы келеді.
Барселонаның реакциясы
Кейінірек "Барселона" басшылығы Мессидің клубтан кеткісі келетінін хабарлағанын растады. Onda Cero хабарлауынша, клуб бұл мәселені талқылау үшін директорлар кеңесінің шұғыл отырысын өткізген. "Барселона" капитанның еркін агент ретінде клубтан кеткенін қаламайды.
Бірақ Лео келісімді 2020 жылдың шілдесіне дейін бұзуы керек еді. Коронавирус кесірінен маусымның соңы тамызға дейін созылды.
Қоғам реакциясы
"Барселонаның" бұрынғы ойыншысы Карлес Пуйоль Мессидің кететінін қолдаған.
"Лео. Мен сені толығымен қолдаймын", - деп жазды Пуйоль Twitter-де.
Каталония президенті де Мессимен қоштасты.
Catalunya serà sempre casa teva. Moltes gràcies per tots aquest temps de felicitat i d’un futbol extraordinari. Hem tingut la sort de compartir uns anys de les nostres vides amb el millor jugador del món. I un noble esportista No t’oblidarem mai. Leo Messi, Creu de Sant Jordi. pic.twitter.com/Ojev577MoE
— Quim Torra i Pla (@QuimTorraiPla) August 25, 2020
"Каталония әрқашан сенің үйің. Бақытты сәттер мен керемет ойындар үшін көп рахмет. Сен керемет спортшы және әлемдегі ең ұлы ойыншысың", - деп жазды ол.
Англияның бұрынғы ойыншысы Гари Линекер Мессидің Барселонадан кету туралы шешімін былайша сипаттады.
"Егер Месси "Барселонадан" келісімшарттағы тармақты пайдаланып кетемін десе, оған клуб кедергі жасамай, көмектеседі деп үміттенемін. Месси клуб тарихындағы ең ұлы ойыншы, ол "Барселонаға" адал болды. Егер бұл жағдай ойыншы мен клубтың жанжалына айналып кетсе өте өкінішті болар еді", - деп жазды Линекер.
"Барселона" Мессиді сотқа беруге дайын
Барселона аргентиналық ойыншыны оңай жібергісі келмейді. Журналист Вероника Брунати каталониялық клуб ойыншы үшін 700 миллион еуро талап ететінін жазды. Егер Месси келісімшартты біржақты бұзуға тырысса, "Барселона" оны сотқа береді.
Сонымен бірге клуб осы тармақты іске қосу мерзімі маусым айында аяқталатынын атап өтіп, заңды шаралар қолданғысы келеді.
Месси қайда барады?
Аргентиналықтың қайда баратыны әзірге белгісіз. ESPN хабарлауынша, бұл ойыншының трансферіне "Манчестер Сити" мүдделі. Қазір "Сити" 33 жастағы футболшының келісімшартындағы 700 миллион еуроны төлегісі келмейді, бірақ каталониялық клубпен трансфер туралы келіссөздер жүріп жатыр. Бұған дейін "Интер", "ПСЖ" және "Манчестер Юнайтед" сияқты азулы клубтар да Мессиге қызығушылық танытып отырғаны хабарланған болатын.
Мессидің кететіні туралы жаңалықтардан кейін "Челси" де жағдайды мұқият бақылап отыр.
Белгілі экс-ойыншы Рио Фердинанд Челсидің бас бапкері Фрэнк Лампардтың да Мессиге қызығушылық танытып отырғанын жазды.
Deportes Cuatro басылымының хабарлауынша, Барселонаның жаңа бас бапкері, нидерланд маманы Рональд Куман ойыншыларға қатал болатынын, киім ауыстыратын бөлмеде ешкім басымдыққа ие болмайтынын ескерткен. Месси Куманнан мұндайды күтпеген. Бапкер мен "Барселона" ойыншылары арасындағы кездесу шиеленісті жағдайда өткенін шетелдік БАҚ өкілдері жарыса жазды.