Бүгін біз сіздерге кәсіпқой бокс тарихындағы ең танымал боксшылардың бірінен саналатын, аса ауыр салмақтағы әлемнің экс чемпионы Майк Тайсонның өмірінің кейбір тұстары мен бокстағы жетістіктері және оның айтқан қанатты сөздерін ұсынбақпыз.
Ол келесі тұжырымдар бойынша аса ауыр салмақтағы әлемнің суперчемпионы атанды:
WBC – 1986 жыл, 1987 ж, 1988 ж, 1989 ж, 1990 ж, 1996 ж.
WBA – 1987 жыл, 1988 ж, 1989 ж, 1990 ж, 1996 ж.
IBF – 1987жыл, 1988 ж, 1989 ж, 1990 ж.
Майк Тайсон әлі күнге дейін ешкім бұза алмаған бірнеше әлем рекордын қойды. Олар:
1) Аса ауыр салмақтағы ең жас әлем чемпионы – Тайсонның жасы небәрі жиырмада болған.
2) Аса ауыр салмақтағы әлемнің ең жас абсолютті (сол кездегі негізгі үш тұжырым бойынша) чемпионы – жиырма бір жасында.
3) Кәсіпқой рингке алғаш қадам басқаннан кейін аз уақыт аралығында ауыр салмақтағы титулдар мен абсолютті чемпион атағына қол жеткізген боксшы – Тайсонға бар болғаны сәйкесінше бір жыл, сегіз жарым ай және екі жыл, бес ай қажет болған.
Майк Тайсонның жойқын соққысы мен оның мызғымас қорғанысына байланысты халқы оны «Темір Майк» деп атап кетті.
Майк Тайсон Ислам дініне бет бұрғанға дейін өзінің отбасы секілді Христиан болған.
Туылған жері: Бруклин, Нью-Йорк, АҚШ.
Бойы: 178 см.
Тайсонның кәсіпқой мансабы:
Алғашқы жекпе-жегі: 6 наурыз 1985 жылы, Соңғы кездесуі: 11 шілде 2005 жыл.
Барлығы 58 кездесу өткізіп, оның 50-ін жеңіспен аяқтаған (44 жеңісін нокаутпен ұтқан). 6 кездесуде жеңілген болса, 2 кездесу белгілі себептерге байланысты өтпей қалды.
Майк Тайсон қазіргі таңда кәсіпқой рингтен біржола кетті. Оның себебін ол өзінің берген сұқбатында ринг пен қолғапты көргісі келмейтінін және жас шамасының жұдырықтасуға мүмкіндік бермейтіндігімен түсіндірді. Алайда ол әлі күнге дейін Голливуд режиссерлары мен әртүрлі шоулардың (бокс немесе ережесіз жекпе-жек кештері, т.б) арасында үлкен сұранысқа ие.
Майк Тайсонның өмірінен қызықты фактілер:
Майк әлі күнге дейін кәсіпқой мансабында ең көп қаражат тапқан боксшы болып табылады. Ол өзінің 20 жылға созылған рингтегі спорттық ғұмыры жолында 500 миллион доллардай ақша тапса да, оны орнымен қолдана алмаған. Соның кесірінен қазір Тайсон АҚШ үкіметіне бірнеше миллион доллар қарыз.
Майк Тайсон бокс тарихындағы ең жойқын соққы иесі атанған үш боксшының қатарына кірді.
Майк Тайсон Холифилдке қарсы екінші кездесуінде қарсыласының құлағын екі рет тістеп алды.
Кейін бұл оқиға қоғамда қызу талқыланып, ал оны ұтымды пайдаланған шоколад өндіруші бір компания Холифилдтың құлағы мен Тайсонның тісін өз өніміне жарнама ретінде пайдаланды.
Тайсон 2011 жылы сегізінші рет әке атанды.
2013 жылы өзінің автобиографиялық «Бүкпесіз шындық» атты кітабының тұсауын кесті. Одан бөлек, қазір Тайсон дәл осындай атаумен өмірбаянын баяндайтын театрландырылған көрініспен бүкіл АҚШ жерін гастрольдік сапармен шарлауда.
Майк Тайсонның әркездегі айтқан сөздерінен қысқаша үзінділер:
«Өмірінде бір рет сатқындық жасаған адам, екінші рет оны міндетті түрде қайталайды.» «Нағыз еркіндік – еш байлығың болмағандағы еркіндік. Мен қалтамда бір цент болмаған кезде қазіргіден әлдеқайда еркін болатынмын.» «Егер ертең ажал құшатын болсам, онда жауларым бүгін жан тапсырады.» «Жаным күйзеліске ұшыраған кезде, өзіме «егер одан әрі әлсірей берсем, жағдайым бұдан да ауыр болатынын» еске салып отырамын.» «Атағың шығып, байлыққа кенеле бастаған кезде достарың кім екеніңді біле бастайды. Ал егер құлдырай бастасаң, достарыңның кім екенін өзің ұға бастайсың.» «Бұзылған бетпен үндемей қалғанша, бұзылған ауызбен сөйлеп қал.» «Үрей – сенің ең жақын досың әрі ең қауіпті жауың. Ол от сияқты. Отты басқара алсаң, ол саған көмектеседі. Егер оны бағындыра алмасаң, ол айналасының барлығын жалмап, ақырында өзіңді жағып жібереді.» «Қорқып немесе толқып тұрғаныңды өзің сезсең де, басқаға ешқашан көрсетуші болма!» «Жекпе-жек 13 секундқа созылуы керек: 2 секунд қарсыласыңа жақындауға, 1 секунд соққы жұмсауға, 10 секунд төрешінің санағына кетеді.» «Бұл мемлекет (АҚШ) зорлық-зомбылықтың, құлдықтың, адам өлімі мен жалпы қылмыстың негізінде қаланды». «Кеше ғана көшедегі адамдарды тонап жүруші ем, бүгін бокс тарихындағы ең жас әлем чемпионы атандым. Мен бар болғаны қалтасында көп ақшасы бар қарапайым баламын.» «Мен боксшы болып туылдым ба? Жо-жоқ. Егер мен боксшы болып туылған болсам, ешкімге ешқашан жеңілмеген болар едім.» «Мен бокспен бапкерім (Кас Д'Амато) оны қатты жақсы көргіндіктен ғана айналыстым. Ол менің чемпион болғанымды қалады, ал мен бар болғаны оның көңілін қалдырғым келген жоқ.» «Ұлылыққа ұмтылу – дүниедегі ең күшті есірткі.» «Егер менің жылдамдығым болмаса, баяғыда-ақ өліп қалған болар едім.» «Бапкер екеуміздің құрған басты мақсатымыз – қарсыласқа барынша зардап шектіру болатын. Мысалы, Д'Аматомен бірге қарсыластың қабырғасын барынша тез әрі оңай сындыру сияқты кейбіреулерге ойлаудың өзі қорқынышты сияқты болып көрінетін мәселелерді талқылайтынбыз.