Марат Жыланбаев – әлемнің ең ірі шөлдерін жүгіріп өткен дүниежүзіндегі жалғыз адам. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
1963 жылы сәуір айының 19 жұлдызында Қарағанды облысы Фрунзе совхозында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған. Мектептің 1-8 сыныптарын Қарағанды облысының балалар үйінде оқып, сонда тәрбиеленген. 12 жасынан жеңіл атлетикамен, велосипед, шаңғы спортымен айналысқан.
Марат Жыланбаев – нағыз ультрамарафоншы. 1990 жылдары 7 рет әлемдік рекорд орнатқан. Азия, Африка, Америка және Австралияның ең ірі шөлдерін жүгіріп өткен. Спорттық карьерасында 16000 шақырымнан астам арақашықтықты жүгіріп шыққан екен.
1-рекорд. Бір жылда ең көп жүгірген адам.
Марат Жыланбаев 1990-1991 жылдары ең алғашқы рекордын орнатты. Яғни, бір жылда ең көп жүгірген, марафонға қатысқан адам деп танылған. Егер бір жылда 365 күн бар десек, Марат Жыланбаев соның 226 күнін жүгіруге арнаған. 42,2 шақырымдық марафонды күнде жүгіріп отырған.
2-рекорд және 3-рекорды. Классикалық марафонды ең көп жүгірген адам
1991 жылы 23 күнде 23 классикалық марафонға қатарынан қатысады. Әрі тап сол жылы өз рекордын өзі жаңартады. Яғни, бір күнде екі марафоннан жүгіріп, 15 күнде 30 классикалық марафонды 4 сағат 54 секунд жүгіріп өтеді. Бұл әлемдік рекордтарды әлі күнге дейін ешкім жаңартпаған.
4-рекорд. Қарақұм шөлін кесіп өтті
Классикалық марафондардан кейін Марат Жыланбаев табиғатты бағындыруға көшеді. 1992 жылы сәуірде Азиядағы ірі шөлдердің бірі – Қарақұмды жүгіріп өтеді. 20 күнде 1200 шақырым жүгіреді.
5-рекорд. Сахара шөлін кесіп өтті
1993 жылы 25 ақпан мен 23 наурыз аралығында әлемдегі ең үлкен шөл – Сахара шөлін жүгіріп өтеді. 24 күнде 1700 шақырым жүгірген.
6-рекорд. Үлкен Виктория шөлін кесіп өтті
1993 жылы 24 қараша мен 15 желтоқсан аралығында Аустралиядағы ірі шөл – Үлкен Виктория шөлін кесіп өтеді. 22 күнде 1600 шақырым жүгірген.
7-рекорд. Невада шөлімен жүгіріп өтті
1994 жылы 1 және 19 сәуір аралығында Америкадағы ірі шөл – Невада штатындағы Мохава шөлін жүгіріп кесіп өтеді. 17 күнде 1218 шақырым жүгіреді.
Сондай-ақ қазақ марафоншысы Еуропаның биік шыңы – Эльбрусқа (5642 метр) марафондық әдіспен жеті күнде жүгіріп шыққан. 1993-1994 жылдары еліміздің таңдаулы 10 спортшысының қатарын толықтырды.