Дүниенің төрт бұрышын аузына қаратып, талай додада қоржынға сан жүлде салған спортшыларымыз аз емес. Дегенмен солардың ішінде желаяқ Марат Жыланбаевтың орны бөлек. Жер жаһанның түкпір-түкпірін жүгіріп өткен, қайталанбас рекордтар орнатқан желаяқ спортшымыз талай ерлігімен әлемді мойындатқан.
Марат Жыланбаев 1963 жылы сәуір айының 19 жұлдызында Қарағанды облысы, Фрунзе совхозында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, балалар үйінде тәрбие алды. Бала Маратқа дәрігерлер жүгіруге болмайтынын ескертсе де, ол бойындағы күш-қуатын жинап, бірнеше жыл бойы тоқтамай жаттықты. Желаяқ өзі ойлап тапқан әдістер бойынша дайындалады. Ол әдеттегідей аптасына 65-70 шақырым емес, күніне 70-80 шақырым жүгіріп отырған. Осылайша Марат Жыланбаев күніне 5 шақырымнан арттырып отырып, нәтижелі көрсеткішке бір-ақ жылда жеткен.
Гиннестің рекордтар кітабына енген 7 көрсеткіші:
- Бір жылда 42 шақырым 195 метр болатын 226 классикалық марафонды жүгіріп шықты;
- 23 күнде 23 классикалық марафон жүгірді;
- 15 күнде 30 классикалық марафонды орташа алғанда 4 сағат 54 секундта жүгірген. Бұл әлемдік рекордты әлі күнге ешкім жаңарта алған жоқ.
- Қарақұмда 20 күнде 1200 шақырым жүгіріп өтті. Бұл әлемдегі марафоншылар арасындағы ең ұзақ қашықтық.
- Сахарадағы ең ұзақ жүгіріс (1993 жылғы 25 ақпан – 23 наурыз, 24 күннің ішінде 1700 шақырым);
- Үлкен Викториядағы ең ұзақ жүгіріс (1993 жылғы 24 қараша – 15 желтоқсан, 22 күннің ішінде 1600 шақырым);
- Невададағы ең ұзақ жүгіріс (1994 жылғы 1–19 сәуір, 17 күннің ішінде 1218 шақырым).