- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Манасшы мен жазушының...
Манасшы мен жазушының достығы
Манасшы Саяқбай Қаралаев пен жазушы Мұхтар Әуезовтің достығы жайында бірер сөз.
Дүниеде жеті мыңға жуық тіл бар, екі жарым мыңдай ұлт бар. Арасында тектес, тілдес, діндес, біріне-бірі жақын елдер аз емес. Осылардың ішінде қазақ қырғызды және қырғыз қазақты ғана «бір туған бауырым» дейді. Қазақтар «қырғыздың тілі тәтті» десе, қырғыздар «қазақтың тілі шырын» дейді. Біріне-бірі өмір бойы ғашық бір туған халықпыз. Бір дарияның екі жағасындай, тонның екі бауындай, құстың қос қанатындай егіз, бір жырдың екі тармағындай ұйқасқан, ұйысқан елміз. Дәйім бірін-бірі сағынып тұратын елміз.
Қырғыздың бұл дүниеге келгенде «ата», «апа», «нан», «тау», «ат», «қомуз», «Манас» деп, одан кейін «қазақ» деп тілі шықса керек. Қазақ баласы ұлы далада домбырасының қоңыр үнінен кейін қомуздың сыңғырлақ үнін тыңдаса керек. Екі елдің алғашқы тойында қазақ пен қырғыздың қос ақыны жыр нөсерін төксе керек.
Егіз елдің байырғы салттары, киген ұлттық киімдері, ішкен асы, ай мен күнге қарап жасаған жорамалдары, тіпті көрген түстері де ұқсас болуы керек деп ойлаймын. Екі елдің достығын әйгілейтін небір оқиғалар, аңыздар, әңгімелер айтылып келеді.
Қазақ пен қырғыздың нақты достығының символы ретінде ұлы манасшы Саяқбай Қаралаев пен ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің достық баянын қал-қадерімше айтып берсем деймін.
Бұл – достықтың ғана емес, адамгершіліктің, талантты, ұлықты, ұлы адамның сыйластығының үлгісі. Дастарқан басында жүйелі сөйлеп, сөзге қонақ беріп, сөз падишасын сыйлаудың ұлағатты дәрісі.
Әңгімені әріден бастайын.
Мұхтар Әуезовтің бағасы
«Манаста» қазақ-қырғыз достығы: «Ақ бөкеннің қылындай суырылысқан, Ақ бидайдың ұнындай жұғысқан егіз ел» деп айтылады емес пе?!
Қазақ елінің ғана емес, тұтас түркі әдебиетінің байлығы саналатын «Манас» эпосы мен Шыңғыс Айтматовқа таудай еңбегі өткен Мұхтар Әуезов кезінде Саяқбай Қаралаевпен бірінші рет 1928 жылы танысып, бара-бара жұлдыздары жарасып, мүдделес болып, дембіл-дембіл жолығысып, оны айтасыз, ол туралы эпикалық шығарма жазсам деген ниетте болған екен. Фрунзеге, Ыстық-Көлге келген сайын ұлы манасшыны алдырып, құмары қанғанша қайта-қайта тыңдап, қайыра тамсанып «Дүниеде Саяқбаймен теңдесетін өнер жоқ қой. Осы баға жетпес кенішті көтеріңдер, не деген керемет өнер» деп, кемеңгер дастаншыны өзінен де биік қойып сыйлайды екен. Кейде әзілге салып «Сәкеңді көргенде қисық сөйлегім келіп тұрады» деп күлдіріп, тиісе де отырады екен.
1956 жылы Алматыда Қырғыз әдебиетінің декадасы өтіп, оған Мұхтар аға Әуезовтің тікелей шақыртуымен Саяқбай Қаралаев та қатысады. Өзге қатысушылардың өнері бір төбе де, Сәкеңнің «Манасты» айтқаны бір төбе болғаны бүгінге дейін ел ішінде аңыз боп айтылып жүр.
Декаданы үлкен жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі ашып, қырғыз және қазақ елінің тарихи, рухани байланыстары туралы, келген өзге де таланттар жөнінде, одан кейін манасшылыққа қатысты көл-көсір сөз айтады. «Манас» эпосының дүниежүзілік мәні жайында айта келіп, Саяқбай Қаралаев хақында толқындап, толқып сөйлейді: «Осы ұлы адам шалқыған дастандарды тудырған заманның соңы ғой. Еуропалықтардың сөзімен айтқанда «Могиканның соңғы тұяғы». Бұдан былай мұндай дастаншы тумайды. Осы алып адамды қазақ халқы көріп қалсын деп әдейі алдырып отырмын. Сәкеңді жақсылап көріп алыңдар. Қазір Сәкемнің өзі де шығып, дастаннан үзінді айтып береді. Манас – өзінше бір шалқып жатқан поэзияның мұхитын елестетеді ғой. Осыны тыңдап, Сәкеңнің өнерін де, өзін де, сөзін де еске сақтап алыңдар, - дей келе, манасшыны ел алдына шығарады. Мұхтар Әуезовтің сөзінен әсерленген көрермендер манасшы сахнаға шығып келе жатса, құдды бір алп-алп басқан алып келе жатқандай қол соғып, тұрып қарсы алады. Ұлы жазушының сөзі дем берді ме, я бабында тұрған шағы ма екен, Сәкең Тайторының шабысын кейде құйындай құйғыттырып, бірде сәйгүліктей жүйткітеді. Сәкең алты ғасыр алтын құтыға сақтаған асыл дүниесін ашқандай, ақ маржанын шашқандай болады. Қырғыз көрген азапты қазақ халқы да өз басынан кешіріп жатқан секілді, жүрегі сыздап, арқасы мұздап сала береді елдің.
Осында бір қазақ жазушысы «қырғызда қомуш болса, бізде домбыра бар, сіздерде Тоқтағұл болса, бізде Жамбыл бар, бірақ сіздер Манаспен ұлы екенсіздер» дегенде, Сәкең сол заматта «Манас – қазақ-қырғыз еліне ортақ батыр» деген екен.
Мұхтар Әуезов сонау КСРО заманында сөзі өтімді, абыройлы адамдардың бірі болған. Қай өлкеге бармасын, оқырмандармен жолыққанда әрдайым Саяқбай жөнінде тамсана сөз бастап, таңғалып «Бұл кісі дәу ғой өзі, дәу ғой» деп, қойдың асығындай ғана қоңыр шалды көтермелеп, «біздің дәуіміз осы» деп ат қойып, айбынын асырып жүрген. Мәселен Франция мен Америкаға барған іссапарында Саяқбай туралы айтып, Үндістан президенті, философ Радхакришнанмен кездесуінде тағы да қайталап айтуы Әуезовтің Сәкеңе, Манасқа деген үлкен сый-құрметінің дәлелі.
Қырғыз ғалымы М.Мамыровпен жолығуында «Саяқбайға «академик» атағын неге бермейсіңдер? Одан асқан қандай академик бар?» деп, наразы көңілін білдірген екен. «Манасқа» арнап «қырғыз елінің батырлық эпосы» деген үлкен ғылыми еңбегін де жазған. Келешекте Саяқбай жайлы роман жазсам дейді екен.
Қырғыздың халық ақыны Қубанычбек Маликов пен ұлы жазушы Мұхтар Әуезов дастарқан басында отырып, қырғыз, қазақ елінің ақындық өнері жөнінде әңгіме-дүкен құрады, сонда Мұхтар аға: «Ол енді Манастың миллион жыр жолын бір басына сыйғызып отырған Саяқбай Қаралаевты туған ұлттың ақындығы, әрине күшті болады ғой» деп, Сәкең арқылы қырғыз елінің жыршылық дарынына тағы бір үлкен баға берген екен.
Сондай бір кезде қырғыздың кей сөздеріне сүйсініп, қазақ «туды», «ұл тапты» деп айтады. Бұған қарағанда қырғыздың «төрөдү» («босанды») деген сөзі не деген керемет, көркем емес пе! Осы «төрөдү» деген қырғыздың сөзін қазақтың әдеби тіліне кіргізсе, қандай әдемі болар еді, қырғыз тілі сонша бай, ұғымды, жағымды, бір сөзін қайталап екі қолданбастан, құмдай сапыруға ұста» деп сүйсінген екен.
1967 жылдан бастап Мұхтар Әуезовтің көмегімен Қазақ Академиясы эпосқа көп көңіл бөлді. Екі жігіт Сәкеңнің «Манасын», отырып, тұрғанына дейін, шежіресін түгел жазып алыпты. Одан соң қазақтар 17 мың рубль көлемінде авторлық қаламақы беріпті. Бұл сол тұста үлкен ақша еді. Сәкең де қазақ жігіттерімен әскер қатарында бірге болғанда үйреніп алғанға ұқсайды, ескі қазақ ақындарының өлеңдерін, қазақ еліндегі белгілі адамдармен бірге өткерген оқиғаларын бояуын қалыңдатып, қалжыңға жығып айтып беріп отыратын. Әсіресе, Абайдың жырларын өзіне тән ырғағымен күпілдетіп көпке дейін айтып жүрді.
«Тірілердің мұхиты»
Бір жолы тағы да Сәкеңе күпілдетіп «Манасты» айттырып, жаздырып жатқанда жазушылар Абдымомунов, Жантөшев, Маликовтар маңдайы жарқыраған бір кісімен радио студиясына кіріп келді. Арасындағы бірі Сәкеңді тоқтатпақ болды. Сонда әлгі маңдайы жарқыраған кісі қазақшалап «Тиме, тимеші, түш» деп, қолымен белгі беріп, «шошытпаңдар, пәлі, ақсақал бабында екен ғой. Құдай қырғызға берген екен Сәкеңді. Мұндай сұмдық дүниеде жоқ қой» деп, студияның ішіне кірмей, әйнектің арғы жағынан айналайынын айтып, «Ой-бой, не деген керемет! Осы кісінің тырнағына татыр ма екенбіз» депті. Бір кезде Сәкең де жаздырып болып, әлгі кісіні көрсе, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов екен, Мұхаң микрофонға келіп: «Сәке, көлім сіз бе десем, кемерінен асқан мұхитым екенсіз, біз келдік» дейді. Сәкең терін шалғайлап, шала-пұла сүртіп: «Мұхаң келді дегенше, қазағым келді десейші» деп әке мен баладай қауышып, құшақтасады. Бірінің бірі арқасынан қағысады.
Мұхтар Әуезов Жантөшевке қарап: «Бұл кісі тірілердің жалғыз мұхиты ғой. Құдайдың бір ерекше жаратқан кісісі ғой. Осы кісінің қадірін біле алдыңдар ма екен?» деп таңдай қағады. Студиядағы қызметкер Тұрсын Уралиевке «Бір жақсы шаруаның басында екенсіңдер, ұлы кісінің дауысын пленкаға жазғандарың өте жақсы. Енді осы дауыс ұрпақтың құлағында қалады, саған рахмет» дейді.
Сәкең күлдірмек болып «Бұл кісі бір қоймас сарт екен, жанымды алды ғой» дей бергенде, «Сен бұған шамданба, кейде осындай бір жыны бар, жақсы көрген адамын солай бір сөгіп алады» деп маған басу айтты, дейді радиожурналист Тұрсын Уралиев.
Сосын Маликовке қарап «Көлікте дәм бар еді» деді. Бір заматта дастарқан жайылып, үсті асқа толды. Шұжық, қазы-қарта, ет, бауырсақ, арақ-шарабы да бар.
Мұхтар Әуезов бүгін Бірінші секретарь И. Раззаковқа жолыққанын, ол кісіден «Саяқбайды он күнге Көлге алып кетейін» деп ұлықсат сұрағанын айтып отырды. Уралиевке қайырылып: «Енді ұлықсат болса, мен Сәкеңді алып кетейін» деді. Үлкен кісіге ұлықсат емес деп қалай айтсын. Бесінге дейін студияда отырып «Енді, Сәке, үйге соғып, киініп аласыз ба, әлде тура тартамыз ба?» дегенде, Сәкең де Мұхаңды сағынып қалса керек «Тура кете берем» деді.
Исхақ Раззақовтың кемеңгерлігін көрмейсіз бе, сол заманда көп-көрім қызметіне қарамай ұлы манасшыны жаздырып қалуға өзі де құлшына кіріскен.
Мұхтар Әуезовтің адамгершілігін көрмейсіз бе, атақ-даңқын алдына салып манасшыға бірден келмей, әуелі парқын сақтап Раззақовтан ұлықсат алып барғанын.
Осылайша Сәкең Мұхтар Омарханұлымен тура он екі күн Ыстық-Көлде бірге болып қайтты.
* * *
Бірі қазақ, екіншісі қырғыз, бірі жер ортасында, бірі қария, бірі тоқтамды, бірі бүркіт мінезді, бірі интеллигент, бірі ауылдың адамы, сырттай қарағанда – түйіспес екі басқа әлем.
Бірақ екеуін егіз етіп, ажырамастай біріктіріп тұрған бір күш бар, ол – «Манас» қасиеті. Бірі ғылымдағы манасшы, бірі – ғаламдағы манасшы.
Мың жылдар бойы айғайлай айтылып келген «Манас» енді ғылымның тіліне түсіп, басқа тілдерге тәржімаланып, әлемде «манастану» ғылымы дүниеге келді.
Мың жылдар бойы текке ағып жатқан Нарын дариясы буылып, ГЭС құрылып, жүз мыңдаған үйлерге жарық бергендей жай еді бұл.
Мың жылдар ауызша тараған әуен нотаға түскендей еді.
Мұхтар Әуезовтің «Киргизский героический эпос «Манас» деген академиялық еңбегінен кейін «Манастың» ғылымдағы жаңа дәуірі басталды. Манасшылар, олардың ерекшеліктері, қалай жырланады, қалай айтылады, нендей күш түрткі болады, қандай қасиеті бар екенін ғалым терең талдады. «Манасты» ертегі дегендер енді оның мағынасы ғылыми талдауды талап ететін шалқыған бір дүние екенін түсінді.
М. Әуезов бастаған жолды жалғап, қазір «Манас» эпосы бойынша жүздеген ғылым кандидаттары, докторлары шықты, ең маңыздысы – «Манас» академиясы жұмыс істей бастады. «Манасоведение» ғылымының іргетасын қалаған Мұхтар Әуезов екеніне ешкімнің таласы жоқ.
...Не деген дарқандық!
* * *
«Манасты» алғаш зерттеген филолог, әдебиетші Зияш Бектенов қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің кезінде Саяқбай Қаралаевты қалай сыйлағанын былайша еске алады:
Бір күні Мұхтар Омарханұлы және Саяқбай Қаралаевпен бірге бір үйде қонақта отырғанбыз, Мұхаңның сұрауы бойынша Сәкең «Манастың» Қаныкейдің Тайторысы шапқан жерінен жарты сағат айтты да, Қаныкейдің образына енген тұсында кәдімгідей жылады. Бұл жағдай Мұхаңа қатты әсер етті. Мұхтар Омарханұлы: «Апырм-ау, осы Сәкемнің көзі кетсе, «Манасты» Саяқбайдың өзіндей жеріне жеткізе айтар шәкірті қалар ма екен?» деді. Қырғыз фольклорының түрлі жанрларынан және «Манастан» үзінді айтқызғанды жақсы көретін Мұхтар ағамыз: «Бұл адам түркі елінде сирек кездесетін талант, тамаша ақын, Сәкеңмен салыстырғанда гректің Гомері де аласа көрінеді» деп, Сәкемнің талантын жоғары бағалап отырды.
Зерттеуші, мәдениетке еңбегі сіңген қайраткер Балбай Алагушев бұл туралы былайша жазады:
1959 жылы Сәкем Мәскеуде өткен Халық шығармашылығына арналған Бүкіл дүниежүзілік жиынның қатысушыларына, шетелдік меймандарға «Манастағы» бас қаһарманның бірі Семетей жөнінде үзінді айтып береді. Бұл жиынға Әуезов те қатысады.
Сәкемнің жасы келіп қалса да, алпысында шапқан Тайторыдай бұрқан-тарқан болып айтқан шеберлігіне Мұхтар аға қалай қуанғаны жөнінде әдебиетші Е.Лизунова: «Манасшы тоқтағанда, шат-шадыман болған елдің айғай-сүреңінен залдың іші жаңғырығып кетті. Өзі де жау жарағын байланған байырғының батырларына ұқсайтын Саяқбай Қаралаевты жапон, араб, швед, америкалықтар, неміс, француз, түрік, үндістандықтар жаппай құттықтап жатты, қарт досының мерейіне Мұхтар Омарханұлы маңдайы жарқырап қуанды», деп тамсанып жазады.
Тоба-ай, Мұхам мен Сәкем бірін-бірі аса құрметтеп, сыйласып, қуаныштарын тең бөлісіп жүрді. Сәкем әрдайым жүрсе-тұрса да: «Мұхтардай жомарт адам бір ғасырда бір туады. Өзі қазақ болса да, қырғыздың «Манасын» көздің қарашығындай сақтап қалу үшін өз кезегінде жан аямай күресті.
Егер де Мұхаң болмаса, «Манасымыздың» тағдыры не боларын бір құдай ғана біледі. Мен Мұхаңның алып жазушылығына, ұлы білімпаздығына, пендеде жоқ дарқандығына үлкен басымды кішірейте әрдайым тағзым етем», деп аузынан тастамай өзгеше құрметтейтін.
Ал тағы бір қазақ жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбділда Тәжібаев 1936 жылы Алматы облысы Ұзынағаш ауылындағы совхоздың директорының бесік тойында бір шоғыр қаламгерлер дастархандас боп отырғанда, Мұхаң қолына қаламы мен қағазын алып, әр нәрсені сұрап отырды дейді.
– Сүйінбай туралы не білесіз? Тезекпенен болған айтысы есіңізде ме? Саурықты кім жырлаған? Сұраншыны алғаш кім жазып алды? – деген секілді сауалдарды үсті-үстіне қойып, жауаптарын дереу жазып алып, кейде дүдәмал тұстары болса, дауласып та қалады. Қырғыз елінде қандай астар өткенін, онда қанша ат жарысқа түсіп, қанша балуан күрескенін, кімдердің бәйге алғанына дейін жазады.
– «Манасты» қазақтан Жамбыл да жырлаған, Кенен де айтқан, – дегенді естігенде Мұхаңның қалай қуанғаны көз алдымда. Ол шапшаң жазып, адам, жер аттарын пысықтап, қайта-қайта сұрап алып отырды. Себебі «Манасты» қазақ елі әрқашан өзгенікі емес, өзіміздің жыр деп санап келген.
* * *
...Кезінде Қырғыз КСР-інің Орталық комитетінің ұйымдастыру бөлімі басшысының орынбасары қызметіне дейін көтерілген Кутба Бакировна Даниярова қазір тоқсан жасқа таяп қалды.
Бірде маған жұбайы ғылым докторы А.Орузбаев екеуі жас кездерінде көл жағасында жүріп, қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовпен кездесіп, бірге түскен суретін көрсетіп, былайша естелік айтты:
– 1958 жылы көл жағасында Мұхтар Омарханұлымен кездесіп қалдық. Жаздыгүні көл жағасында күн ыстық, демалған адам қарасы көп. Жолда көлік те қырғын. Осы жағдайға мазасызданған Мұхтар Әуезов Рыбачье-Бостери электр пойызы үшін жол салу мәселесі бойынша Мәскеуге дейін хат жазғанын баяндап берді.
Сонда маған М.Әуезов: «Егер маған қайта туу бақыты бұйырар болса, мен өзім ұнатқан Ыстық-Көлді таңдар едім» дегендей болды.
Одан бері қанша жыл өтті. Балыкчы-Бостери жолына көлік шыдас бермейді. Бірақ ұлы жазушы көрегендік қылып көтерген мәселе әлі шешімін тапқан жоқ.
Мұхтар Әуезовтің сол кезде Кутба Даниярованың отбасымен жақын болуының мынадай бір сыры бар. Атасы Бәкірдің бір туғаны Базарқұл Данияров Қырғызстанда ашылған алғашқы Қырғыз Ағарту институтының директоры, кезінде 1937 жылы, ұлтшыл «Социал-Тұран партиясының мүшесі» деген жалған айыппен репрессияға ұшырап, 1942 жылы түрмеде көз жұмған.
Ал 1924 жылы Халинов Хусейин қызы Ғафиғаға үйленген. Оның аса сымбатты Фатима есімді сіңлісі болған. 1928-1930 жылдары Мұхтар Әуезов Фрунзеге келіп, әрдайым Базарқұл Данияровтың үйіне түсіп, бірнеше ай бойы «Манас» эпосының Сағынбай Оразбақов нұсқасын зерттеп, ғылыми жұмысын даярлап жүрген.
Ертелі-кеш Дзержинский (қазіргі Еркіндік) көшесінде Мұхтар Әуезов, Базарқұл Данияров, әйелі және балдызы киноға барып, серуендеп жүреді екен.
Сонда көрген-білгендерін айтуынша, ұлы жазушы мен Фатиманың жұлдызы жарасып, тату бір мәмілеге келіп жүрген шағы екен.
Екі жылға жетпей 1930 жылы Ленинград университетінде Мұхтар Әуезов «Қырғыз елінің батырлық жыры «Манас» эпосы» деген тақырыпта ғылыми диссертациясын абыроймен қорғайды.
Бұған дейін жыр тілімен ғана мәшһүр болып келген ұлы эпос алғаш рет ғылым тілінде сөйлей бастайды. Оның авторы – қазақ пен қырғызды бөліп-жарып қарамаған ұлы адам – Мұхтар Омарханұлы Әуезов еді.
Биыл Қырғыз Республикасының егемендік алғанына 30 жыл толады. Егемен өлкеміздің орталығы – Бішкек қаласы. Бішкектің дәл ортасында, жүрегінде екі алып тұлғаның ескерткіші орнатылған. Бірі – Саяқбай Қаралаев, екіншісі – Мұхтар Әуезов. Кейде қазіргі манасшылар күпілдетіп Манас айтып жатса, дарқан Манастың жүрегі соғып жатқандай әсерге бөлейді.
Егемен Қырғызстаным мен тәуелсіз Қазақстанның да жүрегі мәңгілік соғып тұрса екен. Екі өлкенің арасын тау бөлсе де, жау бөлмесін!
Егемен Қазақстан
Қ. Слямбек