- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Мамания мектебінің көзін...
Мамания мектебінің көзін көрген ғалым
Жанпейісов Ербол Несіпбайұлы 1930 жылы 27 желтоқсанда Семей облысының Шұбартау ауданына қарасты Сарқамыс ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген.
Бала Ербол өте зерек болып өсті. Әке-шешесі дүниеден ерте озды. Ары қарайғы өмір жолы Алматы облысы Талдықорған қаласы, Ақсу ауданында тұратын ағасының қолында жалғасты.
1948 жылы Жетісудің атақты байы Маманның атымен аталған Мамания мектебін алтын белгімен бітірген. Алаш қайраткері, ақын Ілияс Жансүгіров те осы мектептің түлегі.
1953 жылы қазақтың әл-Фараби атындағы мемлекеттік университетін бітіреді. Ербол Жанпейісов өзінің ғылыми жолын 1957 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеуден бастады. 1958 жылы кандидаттық, 1991 жылы докторлық диссертацияларын қорғады. Ғалым өмірінің соңына дейін осы Институтта аға, жетекші, бас ғылыми қызметкер ретінде табан аудармай қызмет етті.
Ғалымның алғашқы зерттеу еңбегі – "Қазіргі қазақ тіліндегі модаль сөздер" тақырыбына жазылған кандидаттық диссертациясы қазақ тіл білімінде ғана емес, түркітануда модаль сөздер жайлы жазылған тұңғыш еңбек болды.
Профессор Е. Жанпейісов – қазақ тіл біліміне модаль сөздерді жеке сөз табы ретінде енгізген ғалым. Оларды есімді және етістікті модаль сөздер деп екіге бөліп қарастырады, түркі тілдерінде модаль сөздер мен модалді тіркестердің жасалу синтаксистік құрылысын анықтай отырып, жасалу жолдарының 6 түрін көрсетіп береді.
Ғалымның қаламынан туған "Қазақ прозасының тілі", "Абай жолы" эпопеясының тілін" ондағы ұлттық кодтар мен символдарды этнолингвистикалық тұрғыда терең зерделеген құнды еңбегі алдымен қазақ тілінде "М.Әуезовтің "Абай жолы" эпопеясының тілі" деген атпен, кейіннен орыс тілінде "Этнокультурная лексика казахского языка (на материалах произведений М.Ауэзова)" атты еңбегі қазақ этнолингвистикасы мен этимологиясы салаларында жаңалығы мол, іргелі зерттеу ретінде танылған болатын.
Ғалымның "Қазақ тілінің этномәдени лексикасы" деген тақырыпта қорғаған докторлық диссертациясы аталған саладағы еңбектердің шоқтығы биік деуге болады.
Сол жақта тұрған - профессор Ербол Жанпейісов, сол жақтағы - профессор Нұргелді Уәли
2002 жылы шыққан, яғни еліміз тәуелсіздік алған кейін тұңғыш жарық көрген Академиялық грамматиканың бас редакторы болды. Тілдің төрт деңгейін қамтыған қалың кітапты баспаға дайындау барысында көз майын тауысып бірнеше рет қайтара оқып шықты. Өте жауапты адам еді.
Профессор Ербол Жанпейісов – қазақ тіл білімінде этнолингвистика мен тың сала болып қалыптасып келе жатқан функционалды грамматиканың негізін қалаған ғалымдардың бірі. Жаңа саланы игеруге көп еңбектеніп, кейбір жеке тұстарын шәкірттеріне зерттеу тақырыбы етіп ұсынды.
Профессор Е.Жанпейісов соңғы еңбектерінде этимологиялық зерттеулерге барынша ден қойды. ҚР ҰҒА Хабаршысы журналының 4 санында (2005, №3, 2006, №1 2006, №4, 2007, №2) жариялаған "Төрт түлік төңірегінде" атты көлемді мақалалар сериясында қой, сиыр, жылқы, түйе малдарына қатысты атаулардың шығу төркініне терең зерттеу жасайды.
Бүгінде түркітаным әлеміне жол тартып отырған, қазақтың этномәдени құндылықтарын тереңінен зерделеген сүбелі еңбегі "Қазақ ескіліктері" деген атпен 2018 жылы "Қазақ тілі" баспасынан жарық көрді.
Ғалымның жетекшілігімен докторлық, кандидаттық диссертация қорғаған шәкірттері (1 докторлық, 8 кандидаттық диссертация) Институтта және республикамыздың басқа да қалаларында ғылым жолында, білім беру саласында еңбек етіп жүр.
Ғалым 2012 жылы 26 маусымда (82 жасына қараған шағында) дүниеден озды.
Қ. Слямбек