Бүгін еліміздегі спорт сайттарының ішіндегі үздігі Vesti.kz жобасының менеджері Максим Епишконың туған күні. Бір жылдың ішінде 20 мың көрермен жинай алған сайттың жобалаушысы Максимды сөйлеткіміз келді. Оның айтар ақыл-кеңесі мен жетістікке жету "құпиясы" оқырманға қызықты болады деген ойдамыз.
- Өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз, спорт тақырыбындағы журналистикаға қалай келдіңіз?
- Мен шахтерлік қала – Қарағандыда туғанмын. Геннадий Головкинмен бір жылда оқыдық. Сондай чемпионмен бірге оқығаныма мақтанамын да. Сосын біз Талғарға көштік. Мектепті сонда Алтын медальмен бітірдім. Мектеп кезінен-ақ спортқа ден қойдым. Ол кезде баскетбол өте танымал ойын еді. 6 рет аудандық чемпион болдым. Кейін жоғары білім алу үшін қайтадан Қарағанды қаласына түстім. Содан бері Қарағанды мен Алматы мен үшін туған қалалар болып саналады. Спорт саласына бірден келдім деп айтсам өтірік болатын шығар, мен басқа да салаларда қызметтер жасадым. Ал спорт саласына IT компанияларда қызмет істеп, сайт жасау сияқты, оларды жарнамалау секілді салаларға қызығушылығымды аштым. Содан-ақ қызығушылық деңгейінде ғана жеке сайт ашуды көздедім. Sportlive.kz доменімен ашылған сайттың мақсаты көп болды. Кейінде Tengrinews.kz басшылығынан бірігіп жұмыс жасау туралы ұсыныс түсті. Қазақстандағы БАҚ-тардың ішінде алдыңғы орындарда тұрған Tengrinews.kz сайтынан ұсыныс түскенде біз көп ойланбадық. Олардың беретін мүмкіндігі мен біздің талпынысымыз керемет болды. Кейін кәсіби журналистер келіп жастық пен тәжірибенің қосындысы болды. Сөйтіп, дүниеге Vesti.kz сайты келген еді.
- Сіздердің сайт спортқа қатысты доменмен емес. Осыған орай, қандай да бір қиындықтар тумады ма?
- Далай Ламаның мына бір сөзі бар – «Басында бәрі саған күледі. Кейін сенімен күресе бастайды. Ал сосын сен жеңесің». Біз ашылған кезде достарымыз да, бәселекестеріміз де бізді қарсылас көрмеді. Кезекті, қатардағы бір сайт ретінде қарай бастады. Қазіргі таңда бізбен негізгі бәсекелестеріміз күресіп жатыр. Ал ендігі кезек – жеңіс. Сайттың ашылғанына жарты жыл толғанда біз еліміздегі үздік спорт сайттарының үштігіне кірген едік. Ал бір жыл өткенде Award.kz бізді Қазақстандағы үздік сайт деп таныды. Бұл бізге үлкен серпін берді. Кәсіби деңгейдегі адамдар бізді үздік деп таныса, біз, әрине қуанамыз.
- Сіздердің ерекшеліктеріңіз неде?
- Ең бірінші кезекте – бізде ешқашан копипаст болмайды. Бұл біздің саясат. Ал кейінгілері барлық сайттарда болуы керек дүниелер: тікелей эфирлер, оқиға болған жерден фоторепортаж, жылдам ақпарат, қызықты сұхбаттар. Солардың ішінен атап өткім келетіні – бізде статистика бар. Әрбір ойынның, қандай есеппен аяқталғаны, кімдер гол салғаны, кімдер қызыл я сары қағаз алғаны, қандай да бір қызықты оқиға болғаны жайлы ақпараттар бар. Мәселен жақында ғана хоккей ойынында бір сағат бұрын некелескен жастар келіп, ойынды тамашалады. Сонда ақпаратты қарапайым ғана бере салмай, ондағы атмосфера мен ажиотаждарды бере білгеніміз де ерекшелігіміз деп ойлаймын.
- Маман ретінде сізден сұрайын, елімізде қандай спорт түрлері қарқынды дамып жатыр, ал керісінше қандай спорт түрлері артта қалуда?
- Футбол – бірінші орында, әрине. Насихаты бойынша қазіргі таңда танымалдылығы бойынша хоккей екінші орынға шықты. Астана, Қарағанды, Өскемен, Павлодарда бұл ойынмен ауыратындар да бар. Ал үшінші орында болса да, хоккеймен теңесіп тұрған, бірақ көбінде жекелей адамға қатысты спорт түрі – бокстың танымалдылығы артып келеді. Кейінгі орындарға теннисті де қоссақ болады. Ал сіздің айтқан «артта қалған» деген тіркесті өзгертіп, бізде әлі де бағаланбаған спорт түрлері деп айтқым келіп отырғандары да бар. Спорттың ғана емес, елдің басына түскен дағдарыс – кеңес одағының ыдырауы кезінде болды. Бұл спорттың дамуын тежеп тастады. Дәл қазіргі уақытта спортымыз жанданып, керемет нәтижелерге қол жеткізіп жатсақ, ол кезде мұның ешбірі де болмаған еді. Сол кездегі жағдаймен қалып қойған спорт түрлері – баскетбол, көркем гимнастика, бэнди деп айтар едім. Өз елінде арнайы бір спорт түрінде лига жоқ болғандықтан өзге елдердің лигасында ойнап «күн көріп» жүрген спорт түрлері бар. Құдайға шүкір, су добы қазірде керемет дамып келеді. Әйтпесе оның да тағдыры ауыр еді. Кеңес одағы кезінде мәселен рэгби ойыны керемет дамыған еді. Бұл ойын өте қызықты еді. Тіпті футболмен қатар тұратындай да жағдайы бар еді. Лихтенштейннің футболдан ұлттық құрамасында шаштараздар ойнайды ғой, міне, дәл солай біздің де рэгбишілеріміз басынан өтуде. Ешқандай да насихаты жоқ, соған орай қаржылай мәселесі де ауыр. Ал рэгби Ирландия, Жапония сияқты елдерде танымалдығы жағынан үштікке кіретін ойын түрі болып табылады. Волейболдың да көрермені аз. Ұлттық құраманың ойындары кезінде кішкентай ғана залымыз толық болмайды. Мұны да түсінбеймін.
- Қазақша спорт сайттардың әзірге дамымай тұрғанының себебін білесіз бе?
- Қазірде қандай да бір жобаны бастар кезде менеджерлер оның табысы қандай болатынын ойлайды. Қазіргі таңда орыс тілді жобаны қолға алған тиімдірек болғандықтан ғана шығар. Әйтпесе қазақтар спортқа қызықпайды деп айта алмаймын. Оның үстіне интернет қолданушылар да аз. Егер келешекте қазақ тілді қолданушылар көбейетін болса, онда міндетті түрде қазақ сайттары да жанданады. Мен бұған сенемін. Бірақ қазіргі кездің өзінде қазақ тілді ресурстар жетістікке жетіп жатыр. Бұл тенденцияны Bnews ежелден-ақ жасап келеді, Tengrinews.kz-тің де қазақ тілді нұсқасы шықты. Сәтті жоба ретінде көзге түсіп, Award.kz жүлдесін алған Massaget.kz сайтын да атамай өтуге болмайды. Бұл – қазақ тілді қолданушылардың саны артып келе жатқанының және болашағы бар екенінің айқын көрсеткіші.
- Қазақша спорт сайттарына айтар кеңестеріңіз бар ма?
- Жоба менеджері ретінде қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейсе, бәрімізге де ыңғайлы әрі пайдалы болатынын айтқым келеді. Кеңеске келер болсақ, мен өзімді бір кеңес айтатындай деңгейдемін деп айтпаймын, десек те, өзіміздің сайттың жоспарын айта кетейін.
Қазақша сайттар қазнеттегі тенденцияларды дөп басып анықтап, тоқтамай жазуы керек. Өзінің тікелей аудиториясымен барынша тығыз қарым-қатынас орнатуы тиіс. Үшіншіден, техникалық мүмкіндіктерін арттыра беруі керек деп ойлаймын. Ал ең бастысы – ешқашан жеңілмей, мойымай, түпкі жеңісін күтуі керек.- Сұхбатыңызға рақмет, туған күніңіз құтты болсын!
Әңгімелескен: Ардақ Құлтай
Сурет: Максим Епишконың жеке мұрағатынан