"Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп..."

Жанымды менің жылытпас,
Жаңбыры аздау көктемдер.
Сендерді ешкім ұмытпас,
Өмірден ерте өткендер.

Ә. Ботпанов. («Өмірзая»)

Жарқ еткен жасын ғұмыр. Ажал айтып келеді дейсің бе? Қазақ спорты әлеміне аққан жұлдыздай із тастап кеткен спортшылар аз емес. Ал жұлдызы жанбай кеткендері қаншама? Бүгінде олардың көзі тірі болғанда талай биік белестерді бағындырар ма еді, кім білсін? Әттең...

Бекзат Саттарханов

(1980 – 2000)

Қазақтың Олимпиада чемпиондарының ішіндегі ең жасы – Бекзат Саттарханов. Ол – қазақ халқының спорттық тарихынан өз орнын ойып тұрып алған саңлақ еді. Амал қанша, небәрі 20 жасында жарық жалғанмен қош айтысты.

"Менің жеңісім – қазақтың жеңісі!" деп атой салған боксшының ғұмыры қысқа болды. Бәлкім, көзі тірі болғанда өзі мақсат тұтқан Олимпиаданың үш алтынын ұтар ма еді, кім білсін?! Қыршын ғұмыр...

Бүгін – исі қазақтың мақтанышына айналған спорт шебері, 2000 жылы өткен Сидней Олимпиадасының чемпионы, І дәрежелі «Барыс» орденінің бірінші иегері Бекзаттың туған күні. Батыр ұлдың көзі тірі болғанда 37 жасқа толар еді...

Ермек Серіков

(1989 – 2009)

Ермек Серіков ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге мүмкіндік алған ең жас боксшылардың бірі болды. Жасөспірімдер мен жастар арасында Азияның үш дүркін чемпионы атанып, 2005 жылы Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем біріншілігінің күміс жүлдесін иеленді. Талантты боксшының қарымын байқаған жаттықтырушылар Ермекті 2009 жылы Миланда өтетін әлем біріншілігіне апармақ ниетте болған. Алайда, 2009 жылдың тамыз айында ол қандықол қарақшының қолынан қаза табады.

Ермек Серіков жастайынан-ақ қатарластарының алды болған. Шаршы алаңның шаңын қаптырып жүрген жас боксшы қарсыластарының көбін уақытынан бұрын нокаутпен ұтып жүрген. «Қазақтың Тайсоны» деген лақап атқа ие болған талантты боксшыны кәсіпқой боксқа ауысқан Геннадий Головкин бірге жаттығып, тәжірибе жинауға шақырған. Болашақ әлем чемпионымен өткізген бір айында Ермек көп нәрсені үйреніп қайтады. Тіпті Геннадий Головкиннің промоутерлері жас талантты жібергісі келмей, кәсіпқой боксқа ауысуын да қалаған. Бірақ Ермектің алдымен Геннадий Головкин секілді әлем немесе Олимпиада ойындарының тұғырында көріну туралы арманы болған екен...

Ермек Серіков 2009 жылы, небәрі 20 жасында дүниеден озды. Жасындай жарқ еткен қазақ боксшының жарық жұлдызы ерте сөнді. Туған қаласы Шахтинсктегі мейрамханалардың бірінде басталған дау-дамайды жастар қала сыртында шешуге ұйғарады. Белгіленген жерге еш алаңсыз жеткен спортшыға белгісіз біреу оқ атқан. Ауыр жарақат алып, көп қан жоғалтқан боксшыны дәрігерлер аман алып қала алмаған. Ал боксшыны бақилыққа аттандырған қандықол қарақшы екі жарым жылдай уақыт өткеннен кейін Ресейде ұсталып, Қазақстанға жеткізіледі. Ол кінәсін толықтай мойындамағанымен, 7,5 жылға бас бостандығынан айырылады. 2013 жылдың қаңтар айында Владимир Щепин түрмеде жүрек талмасынан қайтыс болған.

Шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмаған Ермек Серіков спорттық мансабында 150-ге жуық кездесу өткізген екен. Жеті рет қарсыласымен тең жұдырықтасқан.

Азамат Нұрпейісов

(1988 – 2016)

Қазақ кикбоксшысы Азамат Нұрпейісов 2016 жылдың шілде айында ауыр дерттен қаза тапты. Талай байрақты бәсекелерде ел абыройын асырған спортшының ғұмыры қысқа болды.

Азамат 1988 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген. 2010 жылы осы қаладағы Әскери институтты аяқтап, Отан алдындағы борышын Оңтүстік Қазақстанда өтеген. 2012-2016 жылдар аралығында Петропавлдағы 6506 Әскери бөлімнің офицері болды. Әскери қызметпен қатар спортты да қатар алып жүрген Азамат кикбокстан ірі жетістіктерге қол жеткізе білді.

Азамат Нұрпейісов кикбокстан халықаралық деңгейдегі спорт шебері, бірнеше рет ел чемпионы мен ел Кубогында топ жарды. 2009 жылы Италияда өткен әлем чемпионатында күміс медаль иеленсе, 2012 жылы Азия чемпионы атанды.

2015 жылы ауыр дертке шалдығып, төсек тартты. Спортшының еміне достары мен ел қалаулылары қаржылай көмек көрсеткенмен, Азамат ауыр дертін жеңе алмады. Амал қанша?...

Ерлан Пернебеков

(1995 – 2014)

2014 жылдың наурыз айында қазақ велоспортшысы Ерлан Пернебековтің Эквадорда өмір озғаны жайлы суық хабар жетті.

Спортшы "Астана" велокомандасымен бірге Эквадорда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жүрген. 14 наурыз күні кезекті жаттығулардың бірінде Ерлан басы қатты ауырып жатқанын айтқан. Кейіннен ауруханаға жеткізіліп, тексеру кезінде спортшының миындағы қан тамырларының бірі үзіліп кеткендігі анықталған. Жасанды жансақтау бөлімінде жатқан спортшыны дәрігерлер аман алып қала алмады.

Ерлан Пернебеков 1995 жылы 16 маусымда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2013 жылы Нью-Делиде өткен Азия чемпионатының топтық сынында жеңімпаз атанған. ҚР-ның III жастар спорттық ойындарының чемпионы (Талдықорған, 2013 ж), «La Coupe du President de la Ville Grudziadz» (POL) басты жарысында 5 орынды иеленді. 2013 жылы Италиядағы әлем чемпионатына қатысты. "Астана" велокомандасы сапына қосылғанына да көп болмаған еді...

Андрей Кивилев

(1973-2003)

2003 жылы «Париж-Ницца» кезеңінде қазақстандық велоспортшы Андрей Кивилев ажал құшты. Мәреге 40 шақырым қалғанда спортшы поляк Марек Руткевич және неміс Фолькер Ордовскимен соқтығысып қалған. Жерге баспен құлаған Андрей қайта тұрмады. Дәрігерлер спортшыны Сен-Шамон ауруханасына, кейіннен тікұшақпен Сент-Этьендегі орталық ауруханаға жеткізген. Бірақ басынан ауыр жарақат алған велоспортшы бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатып, өмірден озды.

Қайғылы оқиға қазақ спорты жанкүйерлерінің қабырғасын қайыстырды. Андрей Кивилев Францияның «Cofidis» командасы сапында «Тур де Франс» додасында тұңғыш рет жоғары нәтижеге (2001 жыл, 4-орын) қол жеткізген қазақстандық спортшы еді. 1994 жылы Азиадада жеңіске жеткен. 1996 және 2000 жылдары Қазақстан атынан Олимпиада ойындарына қатысты. Тәжірибесі толысқан шағында бұл дүниемен қош айтысты.

Андрей Кивилевтің қазасынан кейін Халықаралық велоспортшылар одағы (UCI) жарыс кезінде велоспортшыларға қорғаныс баскиімін (шлем) киюді міндеттеді.

Велоспортшы 1973 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. 14 жасынан бастап спортпен шұғылданған. Ол ең алғаш рет Қазақстан намысын  1992 жылы туре «Commonwealth Bank Cycle Classic» халықаралық велотурында қорғады. Жалпы есеп бойынша бесінші орында иеленген оның веложарыс жолындағы ғұмыры осылай басталған-ды. Ал кәсіпқой велоспорттағы мансабын Олимпиада чемпионы Александр Винокуровпен үзеңгі қағыстыра бастаған еді.

2001 жылы «Тур де Франста» 4-орын алғаннан кейін велоспортшыны өз қатарларына шақырған танымал командалар көп болды.

«Киви» деген лақап атпен танылған велоспортшы Францияда қазақ спортының беделін көтеруге баға жетпес үлесін қосқан алғашқы велоспортшылардың бірі.

2012 жылы америкалық велоспортшы Лэнс Армстронг  допинг пайдаланғандығы дәлелденіп, осы уақытқа дейін қол жеткізген барлық атақтары мен марапаттарынан айырылды. Сол себепті  2001 жылы «Тур де Франс» жарысында  4-орын алған Андрейге дүниеден озғанына 9 жыл өткеннен кейін доданың қола медалі бұйырды.

Бүгінде Қазақстан мен Францияда Андрей Кивилевті еске алуға арналған жарыстар жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Ал спортшының туған жері Талдықорған қаласында көше аты берілген.