Кездескенде асыл қонақ күтімін көрсетіп, белдескенде алып-соғар балуан болатын қазақ жігіттерінің барына қуанамыз. Ер жігіттің өнері асса, ел абыройын асқақтатса оған қанша мадақ айтсаң да, кемдік етпес. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Қазақ Ұлттық Университеті, Филология факультетінің 2 курс білімгері, ережесіз жекпе-жектен үлкен ареналарда бақ сынап жүрген Қуаныш Нұркамал.
Массагет: Қуаныш, өткенге бөгелмей, алға серпіліс жоқ. Жалпы балалық шағыңыздың спортпен қаншалықты байланысы болды?
Қуаныш: Ең алғаш спортқа бейімім бесінші сыныптан басталды. Ол кезде ешбір мақсатпен күрес үйірмелеріне қатысқан жоқпын. Жәй, көшеде төбелесу, алысумен қызығушылығым артты. Осыдан үш жыл бұрын спортқа түбегейлі келгенге дейін өз бетімше дайындалдым.
Массагет: Спорттың сіз игеріп жүрген түрін бізге нақтылап өтсеңіз.
Қуаныш: Ережесіз жекпе-жек (боевой самбо). Бұл соғыс өнеріндегі әскерлердің табанды біліктілігін арттыру мақсатында туған спорт түрі болып табылады.
Массагет: Өзіңіз қазақ тілі мен әдебиет мамандығында білім алуда екенсіз. Қазақтың батырлар жыры немесе қазақ романдарындағы батырлық образдар сізге қуат бола ма?
Қуаныш: Иә, айтып кететін жағдай. Бала кезімнен әжемнің ертегілерін тыңдап өстім. Ес білгеннен бастап, күнде ертегі тыңдаумен болғанмын. Сол кездерде, «Қобыланды батыр мен Алпамыс батырды немесе Едіге батыр мен Керқұла атты Кендебайды соғыстырса, кім жеңеді?», деп әжеме орынсыз сұрақ қоюмен әлек болған едім.
Массагет: Сіздің ең алғашқы жеңісіңіз қалай болған? Толқулар мен сезімдер ше?
Қуаныш: Ең бірінші жеңісім қарапайым аудандық жарыста болған. 14 жаста едім. Ол қалалық белдесуге іріктеу мақсатында ұйымдастырылған болатын. Аудан құрамына енетін 10-ға жуық ауылдағы спорттық үйірмеден қатысушылар арасында екінші орынды ірге тұтқанмын.
Массагет: Баласы жарыста бапталып жатса, анасы да қатты толқумен уайымдап отырады емес пе? Осы межеде айтарыңыз бар ма? Басты моральді қолдауды анаңыз бере ме?
Қуаныш: Спортта қандай жетістікке жетіп жатсам да, анамның қуанышы бір сәтке ғана болмаса... Ол негізі менің бұл салада жүруіме түбегейлі қарсы болатын. Кез келген бір жарысқа барғалы жатсам, анам менің сол додаға түспеуімді өтінетін. Соққы алып қала ма деп уайымдаса керек.
Массагет: Қазіргі кезге дейінгі басты жеңісіңіз қайсы болды? Нақтылап өтсеңіз.
Қуаныш: Менің әзірге ең басты жеңісім – Бішкек қаласында өткен халықаралық турнир. Бұл жарыс қырғыздардың тәуелсіз болуына үлкен үлес қосқан Юсуф Әбдрахмановтың рухына арналған болатын. Орта Азия мен Ресей Федерациясының ұлттық құрамалары қатысқан алып додада жүлделі екінші орынды иемдендім.
Массагет: Шын мәнінде үлкен қызу-қанды дода болған сияқты. Жарыс барысын толықтыра суреттеп кетсеңіз.
Қуаныш: Менің бірінші қарсыласым алаңға шыққан жоқ. Оның себебі бізге белгісіз болды. Ал екіншісі – тәжіктің тумасы. Ол менен әлдеқайда ірі, 23 жаста, менен 5 жас үлкен. Дегенмен соғыстың қол қайыру, мойын қайыру дегендей өзіне сай әдістері бар. Соларды қолдана отырып оның қолын шығарып жібере жаздадым. Сосын медициналық көмекке зәру болғандықтан, ол ұтылды. Келесі жекпе-жегім тағы да тәжік балуанымен болды. Сосын орыс әріптестеріммен зер алаңға шығып, айқын басымдылық таныттым. Жарыстың үдерісінде спортшылардың мұрны сынып, қолы шығып жатқандар болды. Тіпті кейбіреулер есінен танып, үлкен қиындықтар туындады. Мен өз салмағым жетіңкіремесе де, 68 келіде өнер көрсеттім. Ақтық сайыста қырғыз спортшысымен уақыт соңына дейін соғыстық. Басында 4 ұпай айырымымен жеңіп келе жатқан едім. Сосын рұқсат етілмеген әдісті, яғни қарақұттан ұрғаным үшін екі ұпайды шегеріп тастады. Кейін қылқындырған кезде қарсыласың орнынан тұрып кетсе, оны жіберуге міндеттісің. Сол сәтте мен ол қағиданы да ұмытып кеттім. Қалған екі ұпайды да алып тастады. Бар ұпайдан айырылып, өзімді бақылауда ұстай алмай қойдым. Сөйтіп, 4 ұпаймен жеңіп келе жатқан мен, ақыры 4 ұпаймен жеңіліп қалдым.
Массагет: "Үлкен тәжірибе жастың талабынан қорқуы керек" дейді жапон мақалы. Қарсыластарыңыз сізден әлдеқайда тәжірибесі көптеу болса да, дес бермегеніңізге сенеміз. Сіз үшін жарыс белгілі бір қиындық тудырды ма, әлде өзіңіз ойлаған нәтижеге қол жеткіздіңіз бе?
Қуаныш: Шын мәнінде, бұл жарыс менің ойымда да болмаған және оған дайындығым да аса бір қанағаттанарлық деңгейде емес болатын. Тәуекелге бас ұрып, іште толқыған жүрекпен қатыстым. Әрине, біріншілікті алғым келді, дегенмен Алла бұйырғаны осы екен.
Массагет: Сізді осындай салмақты турнирге дайындаған бапкеріңіз кім болды?
Қуаныш: Бүгінде Ұлттық құрамаға еніп, өз бапкерім ауысқанымен, мен Рахат Смағұловты (алғашқы) негізгі бапкерім және басты жаттықтырушым деп білемін.
Массагет: Сіз өзіңізді "қазақ батырымын" деп есептейсіз бе?
Қуаныш: Мен өзімді "қазақ батыры" деп есептегім келгеннің өзінде де олай ете алмаймын. Алпамыс, Қобыландыдай, бертінде Балуан Шолақ, Қажымұқан, Иманжүсіптей батыр тұлғаларымыз барда, менің жеңілуге ешқандай хақым жоқ деп ойлаймын.
Массагет: Олай болса қазіргі буында "батыр" деп кімдерді ажыратып айта аласыз?
Қуаныш: Қазақ елінің асқақ абыройын асырып жүрген Илья Ильинді айтар едім. Ұлтымызды алып додада бүкіл әлемге мойындатқан Бекзат Саттархановты айтар едім. Олимпиада мәресін жарып шыққан "шын батырлар" солар.
Массагет: Егер ережесіз жекпе-жек Олимпиада ойындары ретіне енсе, қазақтың туын көкте желбіретер ниетіңіз бола ма?
Қуаныш: Әрине, болады.
Массагет: Айтулы жарыстарда сәті келмей, еңсеңіз түскен кездер болды ма?
Қуаныш: Иә, болған. Өзіммен бір топта жаттығу жасайтын бір салмақтағы қатар жүрген жігіттерден жеңіліп қалған сәттерім бар. Өзге біреуден жеңілгеннен, қасыңдағы досыңнан жеңілу әлдеқайда қиындық тудырады. Өйткені, ұтып қойған адамыңмен күнде көз көрісіп дайындық жасау оңай емес.
Массагет: Еңсеңіз түссе де, талабыңыз сөнбесін. Алда сізді қандай жоспарлы жарыстар күтіп тұр?
Қуаныш: Қазір мен денсаулығымның сыр беруіне байланысты Қазақстан біріншілігін өткізіп алдым. Дегенмен, алда әлі жоспарланған талай асу бар.
Массагет: Массагеттің белсенді оқырмандары мен ұжымына айтар тілегіңіз?
Қуаныш: "Газет - халықтың көзі, құлағы һәм тілі" деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, қазіргі заман талабы баспасөздің электронды нұсқасының дамуына ықпал етіп отыр. Сол межеде еңбек ететін Massaget.kz порталында алда репосттар көп болсын. Және де өз сапасын шыңдау есебінде мен алысқан жарыстардағыдай алып қарсыластардың болуын тілеймін. Ал оқырманға "Массагетте кездесеміз" деймін.
Массагет: Ал, Қуаныш, мардымды сұхбатыңызға көп рақмет, аман болыңыз!
Қуаныш: Кездескенше! Іске сәт!
Сұхбаттасқан: Жолдас Өрісбаев
Сурет: Қуаныш Нұркамал