Астана қаласының 9 жасар тұрғыны Әмір Махмет кеудені жерден көтеру жаттығуы (отжимание) бойынша жеке рекордын жаңартты. Бір деммен 550 рет жаттығу жасаған жас жеткіншек жетістігін Қазақ хандығының 550 жылдығына арнады.
«Тұран» колледжінде өткен іс-шараға еліміздің танымал спортшылары да қатысты. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары Илья Ильин мен Серік Сәпиев, джиу-джитсудан әлем чемпионы Айдар Махметов пен еліміздегі ММА спорты федерациясының президенті Анатолий Ким де болды. Қонақтар Әмірге қолдау білдіріп, жеке рекордын жаңартқан сәттің куәгері болды.
Әмір Махметтің есімі Қазақстан рекордтар кітабына үшінші рет еніп отыр. 9 жасар бала үш рекордын да биыл тіркеген. Атап айтсақ, 1 маусым - балаларды қорғау күні «Street Workout» ашылу маусымында 450 рет кеудені жерден көтеру жаттығуын (отжимание) жасаған. Ал екінші рекордын Ақмола облысындағы «Street Workout» чемпионатында орындап шыққан. Ол кезде Әмір 30 секундта 50 рет кеудесін жерден көтеру жаттығуын сәтті орындап шыққан. Ал үшінші рекордын Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап отыр.
- Маған бұл рекордты жаңарту оңай болған жоқ. Әкеммен жаттықтым. Жаттығулар да қиын болды. Әртүрлі жаттығулар жасадым. Қиындықтардың барлығын жеңуге тырыстым. Мен спорттық жаттығуды 550 рет енді жасап тұрмын. Сондықтан жетістігімді Қазақ хандығының 550 жылдығына арнаймын. Мені алда тағы рекордтар күтіп тұр, - деді Әмір Махмет.
Ауыр атлет Илья Ильин Әмірдің табандылығына разы болып, алдағы спорттық мансабына сәттілік тіледі.
- Біздің жас буындар рекорд жасауға талпынып келеді. Мұндай жетістіктердің еліміз үшін, қоғам үшін маңызы жоғары. Мен Әмірмен сөйлестім. Ол мақсаты жолында ерінбей тер төгетінін айтты. Мен оған шын жүректен жоғары жетістіктер тілеймін, - деді Илья Ильин.
Қазақстан ММА спорты федерациясының президенті Анатолий Ким де Әмір Махметтің рекордына таңданысын жасырмады.
- Әмір керемет рекорд орнатты. Мен 70 рет жасағаннан кейін шаршап қаламын, ал ол болса 550 рет орындап шықты. Тіпті ол рекорд орнатқан сәттегі бөлменің ауасы қапырық та болды. Екіншіден рекорд орнатуға бір күн қалғанда сырқаттанып та қалыпты. Бұл да балаға оңай болмағаны анық. Сонда да Әмір өз рекордын жаңартып шықты. Ол – ерекше бала. Бастысы – мақсаты жолында еңбектене біледі, және жаттығу жасауды жақсы көреді, - деді Анатолий Ким.
Әмір Махмет алдағы уақытта бұл рекордымен тоқтап қалмайтыны туралы да айтуда. Біз де жас жеткіншектің жоғары жетістіктерден көрінуіне шын жүректен тілектеспіз.