Қазақтың Жақсылығы

Қазақтың Жақсылығы
Фото: namys.kz

69 жасқа толған шағында қазақтың даңқты балуаны Жақсылық Үшкемпіров өмірден озды. Балуанның қиындық пен толағай табысқа толы спорттағы өмір жолы жайлы Massaget.kz тілшісі баяндайды. 

Жақсылық Үшкемпіров 1951 жылдың 6 мамырында Жамбыл облысына қарасты Тегістік ауылында дүниеге келген. Бала кезден қазақша күреспен айналысып, бұл спорт түрінің қыр-сырын үйренеді. Мектеп бітіргеннен кейін, Семей қаласындағы мал дәрігерлік институтына түсіп, зоотехник мамандығын таңдаған. Жоғары оқу орнының қабырғасында жүргенде күрестің классикалық және еркін түрімен шұғылдана бастаған. Оған қысқы спорт түрінен емтихан тапсыра алмағаны себеп болды: 

"Ештеңе шықпады... Сұмдық! Мен бір жақта, шаңғы екінші жақта... Сынақтан өте алмаймын, сессияға өткізбейді, сұмдық-ай!.. Институттан шығарып жіберсе, әкеме не деп барам?! Бірақ білсеңіз, кейде жақсы адамдардың да жолы болады. Еркін күрестен де, шаңғы спортынан да бір мұғалім жауап берді. Залға келсем "Ана жігітті жеңсең, сынақтан өтті деп қол қоямын" дейді. Ал мен еркін күрестің ережесін білмеймін. Қайдан білейін? Мектепте барлық балалар секілді қазақша күреспен сәл-сәл шұғылдандым. Дегенмен сынақтан өтуім керек қой. Бозкілемде екеуіміз арпалысып кеттік, сәл болмағанда құлатып түсірер еді. Шаңғыдан да, күрестен де жоқпын! Оқудан шығарып жіберер! Бой бермей күресе кеткенде ол арқасымен құлады. Сынақтан өттің деген қағаз беріп, жаттығуға тұрақты келуімді талап етті. Әйтпегенде оқудан шығарып жібереміз деді. Осылайша еркін күреспен шұғалданып кеттім" - деп кезінде Жақсылық Үшкемпіров Ян Дымовқа берген сұхбатында еске алған.

Осылайша ол үлкен спортқа қадам басып, кәсіпқой спортшы атанды. Залға алғашқылардың бірі болып келіп, соңынан шығатын. 

Республикалық деңгейдегі алғашқы жеңістері ұзақ уақыт күттірмеді. Екі жылдан соң ҚазКСР-нің чемпионы болды. Алайда КСРО чемпионатында оны ұлттық құрамаға алмады. Әділетсіздіктен күйінген Жақсылық Үшкемпіров ренішін ішінде сақтап, еркін күрестен кетеді. Дегенмен 1970 жылы грек-рим күресімен шұғылдана бастады. 

Осы уақыттан Жақсылық Үшкемпіров чемпиондық тұғырға жақындай бастады. Дегенмен халықаралық жарыстарда КСРО ұлттық құрамасының сапына түрлі себеппен оны қоспай жүрді. 1973 жылы ел чемпионатында жүлдегер болса да, Еуропадағы кездесу матчтарына алып бармады. 

Жеті жыл бойы Жақсылық КСРО құрамасының көлеңкесінде жүрді. Реніші болса да, әріптестерінің жеңісіне қуанып, өз мүмкіндігін күтумен болды. 1976 жылы Монреаль Олимпиадасы қарсаңында Жақсылық нағыз бабында болатын. Алайда төртжылдық додасына бапкерлер ресейлік Алексей Шумаковты жіберді. Ол өз кезегінде үмітті ақтап, алтынмен оралды.  Ал Үшкемпіров болса, өзінің жұлдызды сәтін тағы да төрт жыл күтуге бекінді.

Әділетсіздіктің жиі құрбаны болса да, Жақсылық әріптестеріне қолдауын аямайтын. Бірде халықаралық жарысқа оның салмағында кімді апарамыз деп сұрағанда Жақсылық Казарашвилидің нағыз бабында екенін айтқан екен. 

"Ол ешқашан жалған сөйлемейтін... Тіке айтып, тек әділдікті қалайтын", - деп мінездеме берген КСРО құрамасының жаттықтырушысы Геннадий Сапунов.

Жұлдызы жанған Олимпиадаға Жақсылық 29 жасында барды. Алайда іріктеуде құрамаға үміткерлердің бәрін жеңгеніне қарамастан Мәскеуге тағы бармай, шет қалуы да ғажап емес еді. Құраманың жаттықтырушылары Жақсылық Үшкемпіровтің орнына Темо Казарашвилиді апармақ болады. Бірақ ұзақ уақыт таластан соң, әртүрлі деңгейде Жақсылық Үшкемпіровтің кандитатурасын қолдағанның арқасында төрт жылдықтың басты додасына шықты. 

"Мәскеу Олимпиадасына дейін менің қанша жыл бойы қосалқы құрамда болғанымды білесіздер. Бұған барлық балуан шыдай бермейтін шығар. Мен өз сәтімді, өз елімнің атын шығаратын күнді күттім. Күреске бар ғұмырымды арнаған соң, соңынан нәтиже шығарғым келді. Жеңісімнің бар құпиясы сабыр мен шыдамдылықта. Әрине, алдыңнан кедергілер кездесе берсе, кімнің де болса жігері жасиды. Талай жарыстардан сырт қалып, Олимпиада ауылы алыстай бастағанда менің де спорттан қол үзіп, жаттығуға бармай қойған кездерім болды. Әлі есімде, Монреаль Олимпиадасына қатыспайтынымды білген соң, үш ай бойы залдың бетін көргем жоқ. Менің күреске келмей жүргенім басшылықтың құлағына жетсе керек. Сол кездегі спортқа жауапты тұлға Аманша Ақбаев мені дереу шақыртып, өзінің көлігімен Дінмұхаммед Қонаевпен кездесуге алып барды. Алғашында ел басшымымен кездесетінімді мүлде сезгем жоқ. Бірақ кабинетіне кіріп барғанда мен сияқты бір жапырақ жігіттің еліне керек екенін, менің жеңісімді барша қазақ аңсап отырғанын сездім. Қонаев болса, алда Мәскеу Олимпиадасы келе жатқанын, сол сынға аянбай дайындалуым қажеттігін ескертті. Міне, сол кездесуден соң мен күреске қайта оралдым", - дейді Үшкемпіров.

Спортшы 29 жасында ептілігі мен шапшаңдығын жоғалтады. Жақсылық мұны білгенімен, қайтпас қайсар мінезі мен жігерінің арқасында Олимпиада шыңын бағындырды. Олимп ойындарының алғашқы кездесуінде-ақ Жақсылық Үшкемпіров сол кездегі әлемнің үздік балуандарының бірі Константин Александруды алып жықты. Одан кейін Польша өкілі Роман Кирпачты жеңіп, үшінші кездесуінде венгриялық Ференц Шерештен айласын асырды. Төртінші айналымда демалыс алып, финалда Болгариядан келген Павел Христовты 12:7 есебімен жеңіп, грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.

Олимпиаданы жеңсе де, Жақсылық Үшкемпіров еш босаңсымады. Араға бір жыл салып әлем чемпионы атанып, Иван Поддубныйдың мемориалында жеңімпаз болды. Ал 1982 жылы Будапештте өткен халықаралық жарыста топ жарды. 

Спортшы мансабын аяқтаған соң қоғамдық жұмыстарға аралысып, жеке кәсіп ашты. Дегенмен спорттан алыстап кете қойған жоқ. Жас спортшыларға бар білгенін үйретіп, демеп, қолдау көрсетумен болды.

Дінмұхаммед Қонаев Жақсылық Үшкемпіровпен кездескенде "менің бір жапырағым деп" деп мәз болып, кең құшағын айқара ашып қарсы алатын болған. Бұл туралы Төлеген Жәкітайұлының балуан туралы жазған сұхбат-хикаят кітабында Жақсылық Үшкемпіровтің өзі айтқан.

"Олимпиада жеңімпазы болып елге оралғаннан соң, Димаш аға Қонаев көмекшісі Д.Бекежанов арқылы мені іздестіріп, Алматы маңындағы "Қайрат" деген елдімекендегі арнайы демалыс орнына алып барды. Дінмұхамед Ахметұлы таяуда ғана Грекиядан оралған екен. "Грекиядағы Олимпиада тақтасынан сенің аты-жөніңді оқып, көңілім толқып, қанаттанып қайттым, қарағым Жақсылық. Өзің болып па едің онда?" - деді. "Иә, Димаш Ахметович, болғам", - деп жауап бердім. Мені қолтығына алып тұрып ол көпшілікке қарап: "Құрметті азаматтар! Жастар – болашақтың иесі. Мен тарихта қалармын, мүмкін қалмаспын, бірақ мына бір жапырақ болса да, ел мен жердің атын шығарған Жақсылық сияқты жігіттер қазақтың тарихында алтын әріппен жазылатыны даусыз. Бұл "менің бір жапырағымды" ұмытпаңдар, қолдаңдар, мақтан етіңдер. Жақсылық сияқты жастар – біздің жарқын болашағымыз, мақтанышымыз. Жақсылықтар – жастардың рухын көтеретін нағыз азаматтар деп толқи сөйлегені есімде", - дейді Жақсылық Үшкемпіров.

*Мақалада Төлеген Жәкітайұлының  Жақсылық Үшкемпіров туралы жазған сұхбат-хикаят кітабынан және ашық дереккөздерден, "Қазақ спортының классикасы" бағдарламасынан үзінділер пайдаланылды.

А. Рысдәулет