Қазақтың Болаты 41-ге толды

Бүгін даңқты боксшы, Әлем чемпионы, Атланта, Сидней Олимпиадаларының күміс жүлдегері Болат Жұмаділовтің туған күні. Еліміздің намысын талай байрақты бәсекелерде қорғаған батыр ұлды бір жас қосуымен құттықтаймыз.

Болат Нұретдинұлы Жұмаділов 1973 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Жетібай ауылында дүниеге келген. Бокспен 12 жасынан айналыса бастаған болашақ чемпионның өнеріне тәнті болған алғашқы бапкері Феликс Цой жас жеткіншекке ерекше назар аударыпты. Шаршы алаңды өмірлік серігіне айналдырған батыр ұл еліміздің Туын талай додаларда биікте желбіретті.

1992 жылы Барселона Олимпиадасына жолдаманы иелене тұрып, жолы түспеді. Бұл қиянатқа қайсар боксшы мойыған жоқ. 1994 жылы Тегеранда өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тақты. Араға бір жыл сала Берлинде жалауын көтерген Әлем чемпионатының ақтық сынына дейін жетіп, финалда жергілікті боксшыға төрешілердің бүйрегі бұрып кетті. Дәл осы жылы Азияда өзіне тең келер қарсылас жоғын да мойындатты.

1996 жылы Қазақстан құрамасы Атланта Олимпиадасына тұңғыш рет өз елінің спортшыларын жіберді. Олардың қатарында Болат Жұмаділов те бар еді. Жамбыл бокс мектебінің түлегі ақтық сында кубалық Майкро Ромеродан небәрі бір ұпайға ғана ұтылып қалды. 1997 жылы Будапештте өткен Әлем чемпионатында жерлесіміз қола жүлдеге қол жеткізді. Араға екі жылы сала АҚШ-тың Хьюстон қаласында қарсылас шақ келтірмеген Болат Жұмаділов (51 келі) қандастарымыздың арасынан тұңғыш Әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар, Азиядан қоланы қанжығалады.

2000 жылы Сиднейде қазақ боксшыларының өнеріне бүкіл әлем тәнті болды. Соның бірі – Болат Жұмаділов болатын. Финалға дейін сүрінбеген қазақстандық боксшы шешуші кездесуде тайландтық былғары қолғап шеберіне есе жіберіп алды. Дәл осы ірі додадан кейін рингте талай мықтының мысын басқан Болат Жұмаділов қолғабын шегеге ілді. Алайда бокстан алыстап кеткен жоқ. Шәкірт тәрбиелеп, ел боксының өркендеуіне өз үлесін қосуда.

Бокстан қазақтан шыққан тұңғыш Әлем чемпионының келіп жеткен туған күнімен Massaget.kz порталы және оқырмандары атынан құттықтаймыз. Зор денсаулық пен еңбегіне табыс тілейміз. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: prosportkz.kz