Қазақтан шыққан тұңғыш конькиші

Қазақтан шыққан тұңғыш конькиші
Фото: voxpopuli.kz

Ораз Қаңлыбаев – Қазақстан конькишілері арасынан шыққан тұңғыш спорт шебері, конькимен алыс қашықтыққа жүгіруден Қазақстанның 12 дүркін чемпионы және ел рекордын 7 мәрте жаңартқан. Әрі Кеңес Одағы құрамасына енген тұңғыш қазақ спортшысы (1952-53 жылдары өнер көрсетті).

Ораз Мұсағалиұлы 1931 жылы 7 мамырда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында дүниеге келген. 1963 жылы Мәскеу мемлекеттік орталық дене тәрбиесі институтын (қазіргі Ресей мемлекеттік дене шынықтыру және спорт университеті) бітірген. Жеңіл атлетика, велосипед, волейбол, допты хоккей, бокс, коньки сынды спорт түрлерімен айналысқан. Алайда бұлардың арасында Ораз Қаңлыбаевтың атын шығарған және тарихта есімін қалдырған коньки спорты еді.

КСРО құрамасының мүшесі Ораз Қаңлыбаев шетелдік спортшылармен бірге. 1950 жылдың ортасы

Қаңлыбаев 1948-1956 жылдары велоспорт пен допты хоккейден Қазақ КСР чемпионатының жүлдегері болған. Ал 1948-1955 жылдары конькимен 5000 және 10 000 метрге сырғанау бойынша 12 мәрте Қазақстан чемпионы болды. Әрі 1953 жылы 22 жастағы Ораз Қаңлыбаев КСРО спорт шебері атанып, конькимен сырғанаудан қазақтан шыққан тұңғыш спорт шебері боп тарихта қалды.

Спортшы 1952-53 жылдары 5 мың және 10 мың метрге жарысудан және көпсайыстан алған ұпайы бойынша әлемдегі ең үздік 25 конькишінің қатарына енді. Бұл қазақ спортындағы тұңғыш әрі бірегей жетістік еді.

1953 жылы КСРО құрамасы сапында Харбин қаласында өткен Қытайдың ашық біріншілігіне қатысып, екі қашықтықта рекорд жаңартқан. Одан кейін Бейжің қаласында өткен халықаралық жарыста бірінші орын иеленді.

1959 жылы 29 жасында спорттағы мансабын аяқтап, жаттықтырушы болды. Кеңес Одағының кәсіподақтар спорт қоғамы құрамасының аға жаттықтырушысы қызметіне тағайындалған.

Спортта ғана емес, жаттықтыру қызметінде де үлкен жетістіктерге жетті. Шәкірттерінен білімін аямай, тәжірибесін бөліскен. 1965-1968 жылдары Моңғолия құрамасын жаттықтырып, моңғол конькишілерін Гренеболдегі қысқы Олимпиадаға  дайындады. Сол жылдары шәкірттері Моңғолияның 13 рекордын жаңартқан.

Қазақстанға оралғаннан кейін "Динамо" спорт қоғамында жаттықтырушы болып, Қазақстан құрамасына жетекшілік етті. Конькиден Қазақстан құрамасын жаттықтыра жүріп, КСРО құрама командасын да жаттықтырған.

1957 жылы спортта жеткен жетістігі үшін "Құрмет белгісі" орденімен марапатталған.

Өмірінің соңғы жылдары спорт журналистикасымен шұғылданып, спортшылардың шеберлігін арттыру мен спорт нысандарын салу бойынша мақалалар жазған. 1978 жылы 5 шілдеде Алматыда дүние салды.

Ораз Қаңлыбаевтың есімін ұлықтау мақсатында жыл сайын Медеу мұз айдынында кубок жарысы өткізіледі. Дәстүрлі жарыс 2008 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

Қ. Слямбек