Бүгін, 11 қаңтар күні Қазақстан үкіметінің жаңа басшысы тағайындалды. Әлихан Смаилов – еліміздің тәуелсіздік жылдарында премьер-министр лауазымына тағайындалған 10-шы тұлға. Ал Алаш автономиясы құрылғаннан бері ҚазКСР төрағаларын қосқанда ел үкіметі басшылығына барлығы 27 тұлға тағайындалған екен.
Ендеше тәуелсіз Қазақстан тарихында кімдер үкімет басқарды, соларға бір шолу жасайық.
Сергей Терещенко (1991-1994)
Сергей Александрович Терещенко 1991 жылы 16 желтоқсанда премьер-министр болып тағайындалып, 1994 жылы 12 қазанға дейін үкіметті басқарған. Қазір зейнетте. Ұлты – украин. 1951 жылы Ресейдің Примор өңірінде дүниеге келген. 1973 жылы Қазақ Ауыл шаруашылық институтын тамамдап, инженер-механик мамандығын алған. Ал 1987 жылы Алматы жоғары партия мектебін аяқтап, мемлекеттік қызметке кіріседі. 1993 жылы экономика ғылымдарының кандидатын алған.
Қазақ тілінде жазылған "Қазақ жері – бесігім менің" атты кітап жазған. "Достық", "Барыс" ордендері мен "Қазақстанның Еңбек Ері" атағының иегері. Алматы қаласы мен Түркістан облысының құрметті азаматы.
Әкежан Қажыгелдин (1994-1997)
Әкежан Мағжанұлы Қажыгелдин 1994 жылы 12 қазанда премьер-министр болып тағайындалып, 1997 жылы 10 қазанға дейін үкімет басқарған.
1952 жылы қазіргі ШҚО, Жарма ауданында дүниеге келген. Семей педагогика институтын, тарих және қоғамтану мұғалімі мамандығын бітірген. Кейін 1985 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын (қазіргі – Нархоз университеті) тамамдаған. Экономика ғылымдарының кандидатын алған.
Премьер-министрліктен кейін ҚР Тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың штаттан тыс кеңесшісі болды. Ал 1998 жылы президент сайлауына үміткерлігін ұсынады.
Кейін оппозиция қатарына – Біріккен демократиялық партияға (ОДП) мүшелікке өтеді. Қазір шетелде тұрады.
Нұрлан Балғымбаев (1997-1999)
1997 жылы 10 қазаннан 1999 жылы 1 қазанға дейін үкімет басқарған тұлға. Ұзақ жылдар елдің мұнай саласында түрлі қызметте болған адам.
1947 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. 1973 жылы Қазақ политехникалық институтын бітіріп, мұнай саласындағы тау инженері мамандығын алып шығады. Еңбек жолын "Маңғышлақмұнай" компаниясында оператор болып бастаған. Кейін "Ембімұнай", "Ақтөбемұнай" бірлестіктерінде бас инженер болады. Мәскеуде КСРО Мұнай және газ өндірісі министрлігінің басқармасында басқарма орынбасары болған.
1992-1993 жылдары АҚШ-та Массачусетс университетінде білім алған. Премьер-министрліктен кейін де мұнай саласындағы қазақстандық және шетелдік компанияларда белді қызметтерде істеді.
Бірінші және Екінші деңгейлі "Барыс" орденінің иегері.
2015 жылы дүние салған.
Қасым-Жомарт Тоқаев (1999-2002)
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 1999 жылы 1 қазанда премьер-министрдің міндетін атқарушы болып тағайындалып, кейін 12 қазаннан бастап толық міндетіне кіріседі. 2002 жылы 28 қаңтарға дейін үкімет басшысы болды.
Иманғали Тасмағамбетов (2002-2003)
Иманғали Нұрғалиұлы үкіметті 2002 жылдың 28 қаңтары мен 2003 жылдың 13 маусымы аралығында басқарған. 1956 жылы Атырау облысы Махамбат ауданында дүниеге келген.
1979 жылы Орал қаласының А. С. Пушкин атындағы педагогикалық институтының география мен биология пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша дипломын алды.
1990 жылы "Дүниетану аспектілерінің экологиялык проблемасы" тақырыбы бойынша диссертациясын қорғап, философия ғылымдарының кандидаты атағына ие болды. 7 жылдан кейін ол "Транзиттік саяси жүйелеріндегі әлеуметтік саясат" ғылыми зерттеу жұмысын таңдап, саясаттану ғылымдарының докторы болып атанды.
Премьер-министрліктен кейін Астана қаласының әкімі (2008-2014), ҚР Қорғаныс министрі (2014-2017) болды. Қазір Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі.
Даниал Ахметов (2003-2007)
Даниал Кенжетайұлы 2003 жылы 13 маусымда премьер-министр болып тағайындалып, 2007 жылы 10 қаңтарға дейін үкімет басқарған.
1954 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. Мамандығы – инженер-құрылысшы. Еңбек жолын аға прораб болып бастаған. Кейін Павлодар қалалық партия комитетіне еніп, мемлекеттік қызметін бастайды.
Премьер-министрлікке дейін Павлодар облысының әкімі (1993-1997 және 2001-2003 жылдары), Солтүстік Қазақстан облысы әкімі (1997-1999) болған. Ал үкімет басшылығынан кеткеннен кейін ҚР Қорғаныс министрі (2007-2009) болды.
Қазір ШҚО-ның әкімі.
Кәрім Мәсімов (2007-2012 және 2014-2016)
Кәрім Қажымқанұлы 2007 жылы 10 қаңтар мен 2012 жылы 24 қыркүйек аралығында премьер-министр болды. Ел үкіметін ұзақ басқарған тұлғалардың бірі. Екі рет премьер-министр болған.
1965 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Мамандығы – қаржыгер, заңгер, қытайтанушы, экономика ғылымдарының докторы. 1985 жылы Мәскеудегі Халықтар достығы университетін, араб филологиясы мамандығын бітірген. 1988 жылы Пекиндегі Тіл білімі институтында оқыған. 1991 жылы Қытайдағы Ухань заң университетін, 1995 жылы Қазақ мемлекеттік Басқару академиясын бітірген. Сондай-ақ Колумбия университетінде (Нью-Йорк) топ-менеджерлер даярлау бағдарламасынан өткен.
Премьер-министрлікке дейін ҚР Транспорт және коммуникация министрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ҚР Президентінің көмекшісі болды.
2016-2022 жылдары ҚР ҰҚК басшысы қызметін атқарды.
Серік Ахметов (2012-2014)
Серік Нығметұлы 2012 жылы 24 қыркүйек пен 2014 жылы 24 сәуір аралығында үкімет басқарды.
1958 жылы Теміртау қаласында туған. Қарағанды металлургия зауыты жанындағы зауыт – ЖТОО-ын, Ресей Басқару Академиясының аспирантурасын бітірген. Мамандығы инженер-металлург, экономика ғылымдарының докторы.
Премьер-министрлікке дейін Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, көлік және коммуникациялар министрі (2006-2009), Премьер-министр орынбасары, Қарағанды облысы әкімі (2009-2012) болған.
Бақытжан Сағынтаев (2016-2019)
Қазіргі Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы – 2016 жылдың 8 қыркүйегі мен 2019 жылдың 21 ақпаны аралығында ел үкіметін басқарған лауазымды тұлға.
1963 жылы Жамбыл облысының Талас ауданында дүниеге келген. Қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды бітірген. Мамандығы – саяси экономика пәнінің оқытушысы.
Премьер-министрлікке дейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, Павлодар қаласының әкімі, ҚР экономикалық даму және сауда министрі, Премьер-министрдің бірінші орынбасары болған. "Құрмет" орденімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Асқар Мамин (2019-2022)
Премьер-министр міндетін атқарушы, кейін 2019 жылы 25 ақпан мен 2022 жылы 5 қаңтарға дейін премьер-министр болды.
1965 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын, Г.Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын бітірген. Мамандығы – инженер-құрылысшы, экономист.
Премьер-министрлікке дейін ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі, Индустрия және сауда бірінші вице-министрі, 2005-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі, 2006-2008 жылдары Астана қаласының әкімі, 2008-2016 жылдары "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы АҚ-ның президенті болды.
Қазір отставкіде.
Әлихан Смаилов (2022 жылы 11 қаңтар)
2022 жылы 5 қаңтарда премьер-министр міндетін атқарушы қызметіне ауысқан. Қазір үкімет басшысы қызметіне толық кірісті.
Әлихан Асханұлы Смайылов 1972 жылы дүниеге келген. 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін "қолданбалы математика" мамандығы бойынша тәмамдайды. 1996 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алады.
Премьер-министрлікке дейін Сыртқы істер министрі, Қаржы вице-министрі, Статистика агенттігінің төрағасы, Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің төрағасы, Қаржы министрі болған.