Қазақстандық джиу-джитсуші күлгін белбеу иеленді

Қазақстандық джиу-джитсуші күлгін белбеу иеленді
Фото: vk.com

Қазақстандық танымал джиу-джитсуші Нұрсұлтан Орынбасаров күлгін белбеу иегері атанды. Спортшыға бұл мәртебелі марапатты жуырда Алматы қаласындағы "Qazaqstan top team" академиясының жаңа залының ашылуы кезінде джиу-джитсудан қара белбеу иегері америкалық Адам Фокс табыстады.

Бразилиялық джиу-джитсу спортында ересектер арасындағы белбеулер дәрежесіне қарай 8-ге бөлінеді. Оның әрқайсысы әртүрлі түсте келеді. Сол арқылы спортшының шеберлігі мен тәжірибесін, жетістігін аңғаруға болады. Нұрсұлтан Орынбасаров иеленген күлгін түсті белбеу – бразилиялық джиу-джитсудағы екінші дәреже. Бұдан кейін қоңыр және қара түсті белбеулер бар. Ол джиу-джитсудің хас шеберлеріне беріледі. Әлемде бұл дәрежеге санаулы спортшылар ғана ие.

Спортшы бұл марапатқа ие болғандағы қуанышын жасыра алмады. Себебі бразилиялық джиу-джитсу спортында бұл атаққа қол жеткізу оңай емес.

- Дәстүрлі джиу-джитсу спортында қара және күлгін түсті белбеуді иеленген спортшылар жетерлік. Ал бразилиялық джиу-джитсуда бұл белбеуге қол жеткізу қиын. Сондықтан да мен үшін бұл марапаттың орны айрықша. Алдағы мақсат жолында талмай еңбектенетін боламыз. Бұл атақты иелену арқылы алдағы ісіме деген жауапкершілік те арта түсті, - дейді спортшы.

Нұрсұлтан Орынбасаров – грепплингтен Азия чемпионы, джиу-джитсу мен аралас жекпе-жектен халықаралық жарыстарда талай рет жүлде алған спортшы. Қазіргі таңда Алматы маңындағы М. Түймебаев ауылында "Сағадат сардар" спорт клубын ашып, жастарды спортқа баулып келеді. Әртүрлі жаста 80-нен астам шәкірт тәрбиелеп жүрген жаттықтырушы өз тәлімгерлерімен мақтанады. Бүгінде Нұрсұлтанның шәкірттері қалалық, республикалық және халықаралық жарыстарда жүлде алып жүр.

О. Сансызбай