- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Қазақ күресінің қара...
Қазақ күресінің қара нары қаза болды
6 наурыз күні қазақтың атақты балуаны Әбілсейіт Айханов 78 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Қазақ күресінің қара нары шөкті.
Әбілсейіт Айханов Кеңес дәуірінде қазақ елінің абыройын асқақтатқан бірегей балуандардың бірі. Қазақ намысын ту етіп, талай жарыстарда топ жарды, ел мерейін үстем етті. Табан күстеп, топырақ тозаңын шығарған талай қарадомалақ осы алыпқа еліктеді.
Әбілсейіт Рүстемұлы Айханов 1938 жылы 15 сәуірде сол кездегі Талдықорған облысында туған. Еркін күрестен ауыр және жартылай ауыр салмақта белдескен ол 1958-1969 жылдар аралығында Қазақстан чемпионы 11 рет жеңіп алған. Сондай-ақ, КСРО халықтары спартакиадасының және КСРО чемпионы (1963 ж.), КСРО Кубогының иегері (1970 ж.). 1958 жылы Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған палуан 1968 жылы КСРО-ның «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Әлемнің 50-ден астам елінде оның құрметіне КСРО гимні шырқалды. Сондай-ақ, Айхановтың есімі үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Медведьті жеңген палуан ретінде де тарихта жазулы тұр.
О. Сансызбай