- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Қазақ боксының атасын...
Қазақ боксының атасын танимыз ба?
Қазақ боксының қара нары – Әбдісалан Нұрмаханов болса, атасы – Шоқыр Бөлтекұлы. Әлемді мойындатқан Әбдісалан Шоқыр негізін қалаған мектептің түлегі, ізбасары. Әбдісалан туралы арагідік айтылып жүргенмен, қазақ боксының атасы туралы көпшілік біле бермейді.
Сейдахмет Бердіқұловтың тілімен айтсақ, "Шоқыр Бөлтекұлы елімізге бокс қолғабын арқалап келген адам". 1916 жылы 29 қазан күні Маңғыстау облысы, Жармыш ауылында дүниеге келген. Әкесі қарапайым балықшы Бөлтек теңізде балық аулап жүргенде қатты жел тұрып қайығы аударылып, өзі жағаға шығып жарақат алады. Есін жинап сүйретіліп, қайыққа жақындаса ауына үлкен шоқыра деген балық түскен екен. Үйіне жақындағанда: әйелің ұл туды деп көршілері сүйінші сұрайды. Әке қуанышында шек жоқ, сүйреткен айбынды шоқыра балығын жақсы ырымға жорып, баласына Шоқыра деп ат қояды. Кейін оны ауыл-аймақ Шоқыр деп атап кетеді.
Шоқыр Бөлтекұлы сурет салуға бейім болған
Шоқыр сурет салуға бейім болған соң, Бакудегі, Киевтегі сурет институтына түседі. Жоғарыдағы суретте өртелген үйден қашып шыққан анасы мен қарындасының, өзінің бейнесін салған суреті сақталған.
Институтта оқып жүріп, бокс үйірмесіне қатысады. Бапкері Иван Константинович Иванов болған екен.
Шоқыр – қазақ боксының атасы
1936 жылы бүкілқазақстандық спартакиада болады. Бағдарламаға бокс та енгізіледі. Осы жарыста Шоқырға қарсылас табылмайды. Ел басшылары бокс спортын дамыту керек деп шешім қабылдап, Шоқырды Мәскеу мен Ленинградқа тәжірибе алмасуға жібереді.
1936 жылы қазан айында Қазақстанда тұңғыш бокс үйірмесі ашылады. Сол кездегі алғашқы құрылған «ТЕМП» спорт қоғамының қабырғасында қазақ баласы былғары қолғапты тұңғыш киіп, үйрене бастайды. Кейін бұл спорт «Динамо», «Спартак», «Медик», Қарағандыдағы «Көмірші» секілді қоғамдарға ұласып, кең етек жая бастады.
Шаршы алаңның шаңын қаққан боксшы ізбасар шәкірт тәрбиелеп, боксқа баулу үшін алақандай алаң іздеп, Опера және балет театрының бір бөлмесін сұрап алады. 1937 жылы Шоқыр Бөлтекұлының басшылығымен бокстан Алматы қаласының ресми бiрiншiлiгi өттi. Оған 50 спортшы қатысқан.
1947 жылы Мәскеуде өткен Кеңестер одағының бiрiншiлiгiне Қазақ елiнiң құрама командасын Шоқыр атамыз бастап барды. Оның мектебiнен Мақсұт Омаров, Әбдiсалан Нұрмаханов, Серiк Әбдiнәлиев, Виктор және Владимир Каримовтар, Асқар Құлыбаев секiлдi талантты шәкiрттер тәрбиеленiп шықты.
Шоқыр – шаршы алаңда
Шоқыр боксшы ретінде 223 рет рингке көтерілген. 50 рет финалға шыққан, оның 38-де жеңіске жетіп, төртеуінде тең түскен көрінеді. «Шоқыр» журналының 2015 ж №2 санында (редакторы: Бауыржан Берікұлы)
Шоқыр Бөлтекұлы Ұлы Отан соғысына қатысқан
Шоқыр Бөлтекұлы Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер, бірнеше тілді меңгерген полиглот, (неміс, украйн, араб, орыс тілі т.б.) Ұлтжанды, турашыл, өз принципімен өмір сүрген. Туған топырақтан дарыған қасиеті оны батыл мінезді, тура айтатын, ұлтын сүйетін, рухы биік тұлға ретінде қалыптастырды.
- Жиырма жеті адам болдық. Жау шабуылға шыққан кезде біздерге кейін қайтуға рұқсат жоқ деген бұйрық болды. Талықсып барып есімді жинасам, қасымдағы татар жолдасым ғана қалыпты. Оның да екі аяғы бірдей жараланған. Сүйрей жөнелдім. Ол маған, мені таста қайтесің, өзің құтыл десе де тастамадым. Өйткені ол менің аман қалған күнде де өзімнің жау қолына түспей, антымды бұзбай келгенімнің жалғыз куәсі еді. Күртік қардың астын қазып алып, талдың тамырын талғажау қылып екі күн шыдадық. Біздің топты осындай жағдайларға алдын ала мықтап дайындаған болатын, соның арқасында аман қалдық, - деп жазады естелігінде.
- Бұл әңгімені әкемнің өз аузынан естіп едім. Соғыс туралы тіс жарып әңгіме қылмаушы еді. Өйткені, әкемді соғыстан кейін күдіктенген болу керек, көп тексеріпті - дейді қызы Тоты Шоқырқызы.
Бауыржан Момышұлы айтқан екі қазақтың бірі
Текті топырақтан жаралған Шоқыр төлқұжатындағы «ұлы» деген тегін де өзгертпеген. Бірде Шоқырға Бауыржан атамыз әзілдеп: «Бізде екі-ақ нағыз қазақ бар. Бірі-сен, екіншісі-мен депті».
Белгілі жазушы Шерхан Мұртаза да: "меніңше, сол кесапаты көп кеңестік заманда Бауыржан Момышұлы тәрізді ноқтаға басы сыймаған адамның бірі – осы Ер Шоқаң еді" - дейді.
Шоқыр Бөлтекұлы қазақтың көптеген зиялыларымен жиі араласқан, Бейімбет Майлин, Шәкен Айманов, Бауыржан Момышұлы, Нұрғиса Тілендиев т.б.
Шоқыр Бөлтекұлы өте қарапайым және жомарт кісі болған
Шоқыр Бөлтекұлы қарапайым кісі болған. Бірде КСРО мен АҚШ арасындағы ойында Шоқырға жоғары қабаттан (қазіргі тілмен айтқанда VIP орын) орын береді. Бірақ Шоқыр онда отырмай, трибунада көрермендермен қатар тамашалайды.
- Бәрі Шоқыр қайда деп іздеп жатты. Бірақ Шоқ ағамыз трибунада көрермендермен қатар отырды. Осының өзі оның шексіз қарапайымдылығы еді, - дейді Қасым Сырбайұлы.
Шоқырдың жомарттығы да елге белгілі. Оның ерен еңбегін бағалаған бір кісінің өзіне сыйлаған су жаңа мотоциклді көзі жыпылықтап қарап тұрған қазақтың бір жеткіншек баласына ұстатып жіберген.
Шоқырдың жары – қазақтың тұңғыш балерина бишісі
Оқуын бітіріп, Қазақтың опера және балет театрында сурет салып жүрген жас жігіт болашақ жары, кейіннен екі перзентінің анасы, ақтөбелік биші Нұрсұлу Тапаловамен танысады. Екеуі Алматыдағы үш қабатты әртістер үйінің бір бөлмелі пәтерінде қоңырқай ғана тірлік кешті. Кең үй сұрап, біреудің алдына баруды ар санапты. Шығыстың Заремасы атанған Нұрсұлуға ән арнаған сазгер де, Шоқырмен елінің шоқтығын көтерген ақын да, бәрі-бәрі осы бір бөлмелі пәтердің тұрақты қонақтары болды.
Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылы 78 жасында дүниеден озды. Араға төрт жыл салып зайыбы Нұрсұлу Елубайқызы да дүниеден өтті. Бірі қазақтың тұңғыш боксшысы, бірі тұңғыш кәсіби балет бишісі, бірі тұңғыш спорт шебері, бірі Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі, бірі Қазақ-ССР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы ретінде жарық жалғаннан өтті. Екеуі де иісі қазақтың жақсысы мен жайсаңы мәңгілік орын тапқан Кеңсай зиратында жерленген.
Шоқыр Бөлтекұлы атында турнир бар
Жыл сайын Ақтау қаласында Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған бокстан ересектер арасында бокстан халықаралық турнир өтеді. Бұл жарыс еліміздегі ең ірі 10 бокс турнирінің санатына енеді. Биыл дода ІХ рет ұйымдастырылды. Ақтауда өткен жарысқа Моңғолия, Ресей, Белорусия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен және Қазақстанның барлық аймақтарынан 150-ден астам былғары қолғап шеберлері қатысты.
Шоқыр Бөлтекұлының 100 жылдығы
Қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлының туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Республикалық көлемде аталып өтпесе де, Алматыда қазақ боксының негізін салушы арда азаматын еске алу шарасы болып өтті. Оған Шоқыр Бөлтекұлының төл шәкірті Серік Әбденәлиев, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбраимов, «Алаш прайд» жекпе-жек клубының жетекшісі Данияр Қасқарауов сияқты елге танымал азаматтар қатысты.
Шоқыр Бөлтекұлы туралы деректі фильм түсірілді
Еске алу шарасы барысында Шоқыр Бөлтекұлына арналған деректі фильм дүйім жұрттың назарына ұсынылды. Бұл фильмнің түсірілім жұмыстарына қатысып, жарыққа шығарғандардың қатарында С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты Рауан Оқас, спорт журналистері Асқар Ағатаев, Серік Ноянбайұлы мен Мадияр Арыстанбаевты ерекше атап өтуге болады. Деректі фильм Шоқырдың өзі туған Жармыш ауылында, балалық шағы өткен Форт-Шевченкода түсірілген. Туындыдағы эпизодтардың бірінде Шоқыр Бөлтекұлының бейнесін танымал боксшы Жанқош Тұраров сомдаған.
- Шоқыр Бөлтекұлы сияқты бірегей тұлғаның 100 жылдығын атап өтуді өзімізге парыз санап, қолымыздан келетіні - деректі фильмді түсіріп шықтық. Осы орайда бізге қолдау көрсеткен Маңғыстау бокс федерациясына ерекше алғыс білдіреміз. Қараша айында «Қазақ боксының атасы» атты туынды көпшілік назарына тарту етіледі,- деді фильм сценариінің авторы Серік Ноянбайұлы.
Деректі фильм алдағы уақытта еліміздің арналарының бірінде көрермендер назарына ұсынылатын болады.
Шоқырды жұртшылық түгіл, Олимпиадаға қатысқан боксшылар да тани бермейді
Қазақ боксының дүйім жұрт түгіл, Олимпиада ойындарына қатысқан кей боксшылар да тани бермейді. Бірі атын естігенмен, оның қазақ боксының негізін қалаудағы ерен еңбегін естімеген. Себебі насихат пен қолдау аздау. Мұны деректі фильм түсіру барысында ізденген тілшілердің ортаға тастаған ойларынан аңғардық. Олай болса жоғарыда жазылған қажетті ақпараттармен қанығып, Шоқыр Бөлтекұлы жайлы айта жүру біз бен сіздің бір парызымыз да.
Ақпараттар мен фотолар
интернет желісінен (e-history.kz, baq.kz, aktausport.kz) алынды
О. Сансызбай