29 қазан күні Алматыда ганалық боксшы Патрик Аллотейді жеңген Қанат Ислам «instagram» желісіндегі парақшасында жекпе-жек туралы ойын білдіріп, қазақ елі мен бокс кешін ұйымдастырушыларға өз алғысын білдірді.
Қазақ боксшысы жекпе-жектің екінші раундында екі қолын да жарақаттап алған. Нәтижесінде «қара құрлықтан» келген боксшымен 12 раунд жұдырықтасуына тура келген.
- Жеңіс құтты болсын, қазақ елі. «Алматы аренаға» келіп қолдау көрсеткен және келе алмай телеарна алдында тақымын қысып отырған ағайынға айтар алғысым зор. Бұл сіздердің жеңістеріңіз. Жекпе-жек мен үшін өте қиын болды. Барлығы менен нокаут күткенін білемін. Кездесудің екінші раундында екі қолымды бірдей жарақаттап, ойдағыдай соққы жасай алмадым. Сол үшін де оны шаршатып, 12 раунд бойы жұмыс істеу керек болды. Жаттықтырушымның кеңесі осы болды. Бұл спорт. Рингте кез-келген жағдай болады. Көптен бері 12 раундтық жекпе-жегім болмап еді, мен үшін бұл да бір тәжірибе. Бәрі алда, бұйыртса әлем мықтыларын сабайтын күн де алыс емес. Жарысты ұйымдастырып, қазақ елінде тамаша кәсіпқой бокс кешінің өтуіне қолдау көрсеткен Бауыржан Байбек, Бауыржан Оспанов, Айдын Рахымбаев, Кеңес Рақышев ағаларыма алғыс айтамын. Ерім дейтін ел барда, елім дейтін ерлер көбейеді. Бұл бокс кеші талай қазақ жастарының спортқа деген қызығушылығын оятты деп ойлаймын. Бізде мықты жастар көп. Бұйыртса, кәсіпқой бокста талай қазақ жігіттері өз биігін бағындырады. Жеңісті күндер көп болсын! – деп жазды боксшы.
Айта кетейік, Алматыда өткен бокс жекпе-жектерінде қазақстандық боксшылардың барлығы жеңіске жетті. Жұман Жұмабеков беларусь боксшысы Владимир Ивановты бірінші раундта ұтса, Айдар Шәрібаев испандық боксшыны 6 раунд қорытындысы бойынша жеңіп шықты. Али Ахмедов әзірбайжандық Али Маммедовтан бірінші раундта айласын асырса, Руслан Мырсатаев ганалық Наху Азумиды жылдам жер жастандырды. Жанқош Тұраров салмақ өлшеу рәсімінде сес көрсеткен қарсыласы Айсак Ариені төртінші раундта айқын жеңіп шықты. Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокстағы қадамын сәтті бастап, 2010 жылы Геннадий Головкинмен жұдырықтасқан колумбиялық Милтон Нуньесті бірінші раундта нокаутпен жеңді.