Каканың "Реал" жанкүйерлеріне жазған ашық хаты

Мадридтік «Реалдан» «Милан» сапына ауысқан бразилиялық футболшы Рикардо Кака Twitter арқылы "корольдік клубтың" жанкүйерлерімен қоштасты. 

«Реал» сапында төрт маусым өнер көрсеткен соң, ойыншы ретінде өзінің ең тамаша жылдары өткен «Милан» қатарына барып қайта қосылды. Футболшының жеке парақшасында жанкүйерлерге арнап жазған хаты тұр.

"Қымбатты мадридтіктер,

Төрт жылдық еңбек пен адалдық. Төрт маусым «Реал» жейдесімен өнер көрсеткен уақытта, мен үш бірдей жүлдеге қол жеткізіппін және клуб тарапынан сый-құрмет пен махаббат сезімін иеленіппін. "Миланға" қайта оралуым менің өмірімдегі жаңа бет, жаңаша бетбұрыс болары анық, алайда, испан жерінде өткен осы бір ұлы сәттердің бәрі жүрегімде мәңгіге ойылып жазылады. Мәңгіге қалар себебі, мен команда үшін тұтас өзімді сыйлаған болатынмын. 

Алдымнан ұшырасқан бірқатар қиындықтарға қарамастан, "Реал Мадрид" секілді ұлы клубтың тарихында бір бөлшек болып қалу менің өмірімдегі ең үлкен жетістік саналады. Барлық клубтастарыма, бапкерлерге, клубтың барша қызметкерлеріне, менеджментіне, клуб президенті Флорентино Переске, «Мадридтің» күллі жанкүйерлеріне, және де бүкіл әлемдегі мені қолдап келген жандарға алғыс айтқым келеді. 

Үлкен рақмет және Хала Мадрид", - деп жазады. 

Естеріңізге салсақ, Кака «Милан» сапында 2003-2009 жылдары өнер көрсеткен болатын. Сол уақыт ішінде ол Чемпиондар Лигасы мен "Алтын доптың" иегері атанды.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/7quRyO-ZHww","width":"450","height":"240"});

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

сурет: news.sport-express.ru