Спорт адам өміріне сән беріп, сыртқы болмысты әрлендіретін өте маңызды ұғым. Адам спортқа жақындаған сайын тұла бойындағы жаман қылықтарынан алыстай бастайды. Адамның икеміне, қабілетіне байланысты спорттың бірнеше түрі бар. Олардың қай-қайсының да өзіндік әдемілігі, маңыздылығы, машақаты болады. Осы спорттыңСпорт падишасы атты атауға ие Жеңіл атлетика деген түрі бар. Дәл осы салада қазақ спортшыларының арасында тұңғыш жеңімпаз жеңіл атлетші Әмин Тұяқов жайлы әңгіме өрбітпекпіз. Әмин Тұяқов Маңғыстау өңіріндегі Шайыр ауылының тумасы. Алаш зиялылары қатарынан қырылған 1937-нің 12 ақпанында дүние есігін ашыпты. Бүгінде сексеннің сеңгірінде. Жеңіл атлетикадан КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 100-200 метр қашықтыққа жүгіруден алдына жан салмаған Әмин Тұяқов мектеп табалдырығын тәмамдағаннан кейін Атыраудағы педагогикалық институтта оқыды. Осы оқу орнында білім ала жүріп, спортқа қатынап, оның ішінде жеңіл атлетикада институт, қала, облыста топ жарады. Осылайша, жемісті жеңістерінің арқасында 1957 жылы Қазақстан құрамасының қатарына қосылады. Спорттық мәнсабын мықты қарқынмен бастаған Әмин Елемесұлы 1959 жылы Бүкілқазақстандық ІХ спартакиадада 100, 200, 400 метр қашықтыққа жүгіруден 3 дүркін чемпион атанады. Осы жетістіктерімен тоқтамай, қанжығасына халықаралық бәсекелерде тағы бірнеше жүлде салып, КСРО-ның спорт шебері атанып, Одақтың құрама командасына қабылданады. Жеңіл атлетші өзінің спорттық ғұмырында 6 рет рекорд жаңартты. 100, 200, 400 метрге жылдамдықпен жүгіруден және 100*4, 200*4 эстафетаға жүгіруден 8 мәрте Кеңес Одағының чемпионы атанды. 1965 жылы КСРО спортына еңбегі сіңген шебер жоғарғы атағы және Құрмет белгісі орденімен марапатталды. Осылайша 31 жасында спорттық карьерасын аяқтаған атлет қазіргі уақытқа дейін қазақ спортының жандануына ат салысып келеді. Тәуелсіздік алғалы қазақ елі олимпиада ойындарына 6 мәрте қатысты. Басқа спортпен салыстырсақ, жеңіл атлетиканың аяқ алысы жаман емес. Бірақ, алға жылжу айтарлықтай бар. Әмин Елемесұлының айтқанындай: Желаяқтар желмен ығып кеткен жоқ. Болашақта даңқты ағалардың стадиондағы даңғыл жолын жалғастыратын дарабоздар шығарына сеніміміз мол.