Жақында «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубы Қамқорлық кеңесінің басшысы Дархан Қалетаевпен сұхбаттасқан едік. Бүгін сол кездесуде спорт менеджерлері жайлы шертілген сырға қысқаша тоқталып өтсек.
– Дархан Аманұлы, спортпен айналысудың пайдасы қаншалықты пайдалы және маңызды екендігіне қысқаша тоқталып өтсеңіз. Бәлкім, кейбір жастарға көмегі тиер.
– Мен әдемі сөздерден сәл ауытқып, шынайы айтуға тырысайын. Спорт, әсіресе кәсіпқой спорт, бұл – өмірден өз орныңда табудың бір мүмкіндігі. Бұл – көптеген балалар мен отбасылар жоғары өрлеуге болатын тамаша мүмкіндік. Бұл көптеген балалар үшін әлеуметтік лифт дер едім. Тек өз күш-жігеріңмен бағаланатын жалғыз әлеуметтік лифт. Мұнда тек өзіңе ғана сенесің. Егер сенің қолыңнан бірдеңе келсе, күш-жігерің соған жетсе, онда осы әлеуметтік литфт арқылы жоғары шыға аласың. Әрі өзің ғана көтерілмейсің, отбасыңды және ет жақын туыстарыңды да әлеуметтік тұрғыда жоғары көтере аласың. Яғни әл-ауқатты, дәулетті отбасы боласың.
Мысалы, біздегі кейбір қарапайым қазақ футболшылары, қазақстандық ойыншылар 20 мың доллардан жалақы алады. Мен бұл өте жақсы жалақы деп есептеймін. Басқа салада мұндай жалақы алу – өте қиын. Мысалы, шалғайдағы Бескөлден шыққан Саша Винокуров қазір отбасымен Монакода тұрады. Жылына жарты миллион жалақы алады. Өзін де, әулетін де асырап отыр. Міне, бұл осындай әлеуметтік лифт. Сондықтан оған жармасу керек, тырмысу керек. Егер қабілетің болса, тер төгу қажет. Әрине, елдің бәрінің де спортшы болатындай қабілеті жоқ. Бірақ ондай қабілет болса, аянбау керек, өзіңді-өзің шыңдауың керек. Кез келген спорт түрінде егер сен нәтиже көрсетсең, ақша төленеді, әрі жақсы төленеді. Спорттың айналасында жүріп, осыған көзім жетті.
– Жаңа сіздің айтқаныңызға сүйенер болсақ, Винокуровтың жалақысы жарты миллион ба?
– (риясыз күліп) Саша спортшы кезінде жоғары жалақы алған. Оның келісімшарты жылына бір миллион 200 мың евро болған. Қазір менеджер ретінде содан екі есе кем алады. Про-турда білікті менеджерлер миллион евроға дейін алады. Мен оның келісімшарты жаңартылғанда, «сен бірінші өзіңді-өзің көрсет, Тур-де Франс, Джиро, Вуэльта сияқты көпкүндіктерді бірнеше рет жеңіп ал, сонда сен де солар сияқты алатын боласың» дегенмін.
– Жалпы, «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының құрамына кіретін жобалардың менеджерлерінің жалақылары бірдей ме?
– Жоқ, жалақылары әртүрлі. Жалақысы ең жоғары – Алексендр Винокуров. Бұл әр жобаның халықаралық аренадағы деңгейіне байланысты. Мысалы, бізде Илья Ильин де менеджерлер сияқты тәп-тәуір жалақы алады.
Сұхбаттасқан Нұрғазы Сасаев