- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Испанияда доп тебетін...
Испанияда доп тебетін қазақ баласы Даниел Сайлаубек
«Достар» футбол клубында тәлім алған Даниел Сайлаубек Испанияның «Хетафе» футбол клубына барып, әртүрлі турнирге қатысып, талантымен көзге түскен. Бойындағы ерекше қабілетін байқаған испаниялық бапкерлер Даниелді «Хетафе» футбол клубына алып қалды. Жазғы демалыста Алматыға оралған кейіпкерімізбен әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Футболға қызығушылығым сегіз жасымнан басталды. Жаңадан ашылған «Достар» футбол клубына бағымды сынап көруге барып, команда қатарына қосылдым. Футболдың қыр-сырын «Достар» командасы сапында жүріп үйрендім. Жасыл алаңға алғаш шыққаннан бастап үлкен мақсат қойып, қазақтың атын шығаратын әлемге әйгілі футболшы болғым келді. Аллаға шүкір, арманымызға жетелейтін алғашқы қадамды сәтті бастадық.
Даниелдің бойындағы дарынды бапкерлер бірден байқап, талантын ұштау үшін Испанияға апарады. Оны Испаниядағы «Херес» футбол клубында әртүрлі турнирге қатыстырады. Испаниялық мамандар Даниелдің талантына тәнті болып, «Херес» сапына алып қалған.
– Испанияға барғаннан кейін әртүрлі клубта бағымызды сынап, біраз турнирге қатыстық. Жан-жақтан келген жеткіншектерді жинап, бір команда жасақтады. Сөйтіп Херес қаласындағы ең үздік команданың бірі саналатын «Херес» командасына қарсы өнер көрсеттім. Жақсы жағымнан көзге түсіп, бір жылға келісімшартқа отырып, «Херес» командасы сапында өнер көрсетуге мүмкіндік алдым. Алғашқы ойында дубль авторы атанып, бір нәтижелі пас бердім. Оның үстіне «Хересте» ең үздік ойыншылар өнер көрсеткендіктен, деңгейімді дәлелдеуім керек болды. Өйткені солармен тең дәрежеде ойнасам, жергілікті спортшылардың көлеңкесінде қалып қоятынымды білдім. Жарты жылдай уақытым UEFA-дан команда сапында ойнауға рұқсат қағазын алуға кетті. Одан бөлек, ойын барысында қолымды сындырып, екі айдай емделдім.
Жарақатынан айыққан Даниел әртүрлі клубтарға барып, бағын сынайды.
Барселона қаласындағы «Сантос» футбол клубы Даниелді қатарына қосып, негізгі құрамнан орын берген.
– UEFA тарапынан рұқсат қағазын алғаннан кейін әртүрлі клубқа өзімнің деңгейімді көрсетуге бардым. Барселона қаласындағы «Сантос» командасы бір ай сынақ мерзімін берді. Осы уақыт аралығында бапкердің көзіне түсіп, негізгі құрамнан орын берді. Бесінші нөмірмен оң қапталдағы қорғаушы позициясында ойнаймын. 16 жасқа дейінгі жастар арасындағы командамен бір жылға келісімшартқа отырдық. Барлық ойында негізгі құрамда алаңға шығып, 90 минуттық матчтар өткіздім. Қорғаушы қызметін атқарсам да, бір рет гол соғып, төрт рет нәтижелі пас бердім. Тек турнирдің соңына қарай жарақат алып, негізгі құрамдағы орнымды жоғалтып алдым. Алғашқы маусымда екінші дивизионда өнер көрсеттік. Өкінішке қарай, сол дивизионда қалуға бір ұпай жетпей, үшінші дивизионға түстік. Енді қайтадан нәтижемізді жақсартып, екінші, одан ары бірінші дивизионға жолдама алуға барымызды саламыз. Командамның жеңіске жетуі үшін жасыл алаңда жанымды салуға дайынмын.
Даниел команда сапындағы еңбекқор ойыншы болғанымен, физикалық тұрғыдан басқаларға қарағанда әлсіздеу екен. Дегенмен әртүрлі дәрумен ішіп, физикалық әлеуетін арттыратын жаттығулар жасап жүр.
– Шыны керек, командадағы ойыншылардың бәрі менен гөрі ірілеу, әрі физикалық тұрғыдан мығым. Дегенмен жаттығу біткен соң, бапкермен жеке қалып, тағы да бірге жұмыс істеп, тапсырмалар аламын. Бұл әрекетім жаттықтырушыма қатты ұнаса керек, ылғи барынша қолұшын беріп, ақыл-кеңесін айтады. Еңбекқорлығыммен бапкердің көңілінен шығып, сеніміне кірдім. Алғашқы күндері жаттығу барысында да біраз қиналдым. Өйткені бізді тек 90 минутқа дайындаса, бұл жақта 120 минуттық ойындарға дайындайды. Яғни екі есе көп жаттығу жасап, тер төгеміз. Сондықтан күніге таңертең жағажайда жүгіруді әдетке айналдырдым. Жүгіргеннен аяғыңнын бұлшықеттері қатайып, жарақат алып қалудан сақтанасың. Елге келгелі арнайы мамандардың курсына жазылып, шынығып, салмақ қосып жатырмын.
Испанияға алғаш келгенде кейіпкеріміздің басынан неше түрлі қиындық пен қызық өткен. Солардың бірі – тіл мәселесі. Даниелге испан тілінен бөлек, каталон тілін де меңгеруге тура келген.
– Херес қаласында тұрғандағы бірінші жылы тіл мәселесінен аса қиындық болмады. Өйткені Британ колледжінде барлық пәнді ағылшын тілінде оқыдық. Ал Барселона қаласына ауысқаннан кейін тіл жағынан кішкене қиналдым.
Барселонада бәрі каталон тілінде сөйлейді, мектептер де тек каталонша оқытады. Сондықтан каталон тілін меңгеруге тура келді. Жаттығудан қолым тигенде, кітап оқып, тіл үйренуге көңіл бөлемін. Қазір ағылшын, орыс, түрік, испан, каталон тілдерін білемін. Сонымен қатар, француз және итальян тілін үйренуді жоспарлап жүрмін. Болашақта мұның да бір пайдасы тиер деп ойлаймын.
Даниел спорттық мансабын Еуропада жалғастырып, қазақтың атын шығаратын әлемге әйгілі футболшы болғысы келеді. Мұндай жетістікке жетуге мүмкіндігі бар екенін жасырмады.
– Еуропада кез келген турнирге футбол агенттері келіп, талантты жастарды іздейді. Осындай агенттердің көзіне түсіп, шеберлігіңмен тәнті етсең, болашағың жарқын болуы мүмкін. Маған Барселонадағы «Сан-Андре» командасы ұнайды, сол командада өнер көрсеткім келеді. Олардың ойын үлгісі өте жоғары деңгейде, ойыншылар бір-бірін жақсы түсінеді. Дәл «Барселонаның» тактикасындай жүйемен ойнайды. Одан бөлек, Мейіржан, Дамир, Әлібек есімді қазақ достарым да осы команданың қатарына қосылып жатыр. Шыны керек, спорттық мансабымды Еуропада жалғастырғым келеді. Өйткені мұнда бәсеке өте жоғары және мүмкіндік те көп. Өзімді жан-жақты дамытып, жетілдіруім керек.
Даниел Қазақстан премьер-лигасындағы ойындарды да тамашалайтынын, «Қайрат» командасының жанкүйер екенін айтты.
– Әлемдік командалардан «Барселонаның» жанкүйерімін. Барселонада жүргенде
«Эспаньол» командасына қарсы матчты тамашалап, керемет әсер алдым. «Барселона» командасының бұрынғы ойыншысы, команда капитаны болған Хавидің ойыны ерекше ұнайды. Сондай-ақ жас та болса, әлемге аты танылған Килиан Мбаппені үлгі тұтамын. Ал қазақстандық клубтардан «Қайраттың» ойыны қатты ұнайды. Команданың тактикалық жүйесі, паспен ойнайтындығы, ойыншылардың алаңда бірін-бірі сезіне білетіндігі жақсы жетілген. Сондай-ақ команда сапындағы Бауыржан Исламхан мен Еркебұлан Сейдахметтің ойын үлгісін ерекше атап өтуге болады. Бауыржан ағамыз пастарды керемет беріп, командаласының көзге түсуіне көп мүмкіндік жасайды. Ал Еркебұланның
дриблингі жақсы, кез келген ойыншыны алдап кете алады. Бірақ ол да мен сияқты арық, физикалық тұрғыдан әлсіздеу. Сол үшін де «Уфа» командасы сапында жарақат алып қалды. Бәлкім, болашақта осы ағаларымызбен бір командада ойнайтын шығармыз, кім біледі?
Әлемге әйгілі футболшы болуды армандайтын Даниелге арманына жетуіне тілектеспіз!
@. @assel_assanova