Францияның "ПСЖ" командасының швед шабуылшысы Златан Ибрагимович Чемпиондар Лигасының топтық кездесуі аяқтала салысымен Сараево қаласына жол тартты, деп хабарлайды Sport Expressen.
«Бенфикамен» арадағы ойын біте салысымен Златан Ибрагимович Сараево қаласына лейкемиямен (аққан ауруы) ауыратын 8 жасар баланың хал-жағдайын білу үшін барып қайтатынын жеткізген.
Түпкі тегі босниялық футболшы швед басылымдары арқылы Хайрудин Каменжастың өлім алдындағы соңғы тілегі футболдағы пірімен кездесу екендігін естіп білген. Дәрігерлердің болжамына сенсек, сегіз жасар футболшының (баланың) өмір сүруге бір-ақ айы қалған көрінеді.
"Мен барлығының бақытты болғанын қалаймын. Бала үшін не істеуге болатындығын көреміз. Бұл өзі бір мұңлы оқиға" - дейді Ибра.
Естеріңізге сала отырсақ, "ПСЖ" – "Бенфика" арасындағы ойын алаң иелерінің пайдасына 3:0 есебімен аяқталды. Ибрагимович қос голдың авторы атанды.
Дайындаған: Фараби Арыстанбек
Сурет: expressen.se